Бір миллион теңге салып, алтын өндіруге болады

4349

Алайда заңды жолмен алтын өндіруге ниет білдірген азаматтар мүлде жоқ. 

Бір миллион теңге салып, алтын өндіруге болады

Мамандардың болжамы бойынша, Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы аумағында орналасқан Жамбыл тауының аумағында 100 млн тоннадан астам алтын қоры бар. Өйткені аталған таудың іргесіндегі "Ақбақай" кен орнынан жылына 1 млн тонна алтын өндіріледі.

Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, Жамбыл тауындағы алтын кені шашырай орналасқан. Сондықтан әр жерде бір кездесетін руда үшін ірі өндіріс ошағын орнату – өзін-өзі ақтамайтын іс. Бірақ бұл – еңбегіне сүйеніп, шағын алтын өндіру цехын ашамын деушілерге таптырмайтын мүмкіндік.

Бір кездері геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген жерлер оңай олжаға кенелгісі келетіндерге дайын тұр. Онда алтын кенін өндіруге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Тіпті, шикізат та жиналған күйінде.

Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Үсен Айнақұловтың айтуынша, осы уақытқа дейін бұл аймақта алтын жинаумен айналысқан бірнеше топ ұсталған. Олар Жамбыл тауы мен Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылы маңындағы таулы алқаптардан өз беттерінше алтын іздеген. "Жыл басынан бері жер қойнауын рұқсатсыз пайдалануға қатысты 7 дерек тіркелді. Оларға қатысты сараптама тағайындалуда. Сараптама қорытындысы дайын болған кезде, Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің мамандарын жұмылдыра отырып, нақты шешім қабылданатын болады", – дейді ол.

Айта кетейік, елімізде былтырдан бастап жекелеген азаматтарға өз күшімен алтын өндіруге рұқсат беретін арнайы заң күшіне енген болатын. Бұл көлеңкелі бизнеске әкеледі десек те, жаңа құжатқа сәйкес өз күшімен алтын іздеймін дегендер әкімдіктен лицензия алуға тиіс. Ең басты талап –  экологияға зиян келтірмеу. Ол үшін кепілге 1 млн теңге қаржы салу міндеттелген. Сонда ғана 5 гектар жерді алып, 3 метр тереңдікке дейін алтын қазуға болады.

Жамбыл облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Таупешованың мәліметінше, алтын іздеушілер қазған жерін тегістемей, тастап кететін болса, қазынаға құйған қаражатын қайтарып ала алмайды. "Қазір бізде ең басты мәселе осы жер қойнауы операцияларының салдарын жою міндеттемесі тұр. Көбіне алтын іздеушілер қазған жерін сол күйінде қалдырып кетеді. Егер жерді қайта қалпына келтіретін болса, ол ақша өздерінде қалады", – дейді жауапты маман.

Құзырлы орган қызметкерлерінің сөзінше, Жамбыл облысында бүгінге дейін бірде-бір азамат алтын өндіруге рұқсат сұрап өтініш бермеген. Бірақ ақыл-кеңес сұрағандар көп көрінеді. Қазір алтын іздеушілер үшін арнайы 2 учаске дайындалған. Оның әр гектары үшін жылына 9 айлық есептік көрсеткіш көлімінде салық төлеп, 50 келіге дейін таза алтын өндіруге болады. Есесіне, бұл әдіс жүздеген тонна алтын кенін шетелге заңсыз асырып келген қылмыстық топтардың жолын кеседі.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу