"Сатып алулардың бірыңғай терезесі"

Сарапшылар жоба іске қосылғалы бері мемлекеттік сатып алулар саласында 16,9 млрд теңге үнемделгенін айтады.   

"Сатып алулардың бірыңғай терезесі"

2019 жылдың 1 тамызында "Атамекен" ҚР ҰКП мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, "Сатып алулардың бірыңғай терезесі" – eoz.kz порталын таныстырды.

Еoz.kz сайты сатып алулардың бес негізгі алаңы "Электронды қаржы орталығы" АҚ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ және "Nadloc" АҚ-ны бір ортаға тоғыстырған. Сондай-ақ жоба бизнес өкілдеріне нарықтағы бәсекелестікті, бос орындарды көруге, сатып алулардың ашықтығын айшықтап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. 

Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің бас маманы Нұржан Толыбеков портал тиімділігін дәлелдеп келеді деп есептейді. Оның сөзінше мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық тәуекелдері жоғары. Сол себепті осындай қадамға баруға тура келген. 

"Қазір агенттіктің 17 бөлімшесінің мамандары күнделікті порталда мониторинг жүргізіп отырады. Олардың міндеті заң бұзушылықтарға жол бермеу, алдын алу. Бұл сатып алуларды тоқтатуға емес, оларды зерттеуге бағытталған. Яғни, келісімшартқа қол қоймай тұрып, алдымен ұсынылған қызметті талдаймыз. Осы жағдайда сатып алу бағасын өсіріп, күдікке іліккен мемлекеттік мекемелерге ескерту жасаймыз, ұсыныс айтамыз. Бірақ оларға тәртіптік шара қолданбаймыз", – деді агенттік маманы. 

Яғни, онлайн режимінде сарапшылар мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайды. 

"Қазірдің өзінде бағаны негізсіз жоғарылатқан мекемелерді, әлде төмендеткен компанияларды, сонымен қатар басқа талаптан да ауытқу деректерін байқап отырмыз – мұның барлығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері", – дейді Нұржан Толыбеков. 

Портал кәсіпкерге 100-ден аса тауарлық позиция және түрлі қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді. Осылайша бизнес иелері үшін тиімді – өнімдерді өткізу нарығы ұлғаяды. Бұған қоса, қазақстандық қамту, отандық өнімдерді сату мүмкіндігін арттырып, нарықта сұранысқа ие тауарларды анықтауға, олардың бағаларын зерделеп, сараптап отыруға болады. 

Жылыой аудандық орталық ауруханасының есепшісі Бибінұр Мұхтарова портал бойынша қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл ретте ол жүйенің бес негізгі алаңды біріктіргені өте ыңғайлы болғанын айтады. 

"Бұған дейін барлығын өзіміз қоңырау шалу арқылы біліп отырсақ, қазір ең ұтымды бағаларды, сенімді тауар жеткізушілер тізімін портал сараптап, ұсынады. Яғни, осы арқылы компанияны таңдап алып, бір дереккөзден шарт жасасуға болады. Әрі мониторинг орталығының сарапшылары әрдайым техникалық қолдау білдіріп отырады", – дейді есепші. 

Портал арқылы ең ірі тапсырыс берушілер мен жеткізушілерді зерттеуге, бәсекелестерді бағалау да болады. Ол үшін порталда тәуекелдері жоғары тендерлерді анықтауға көмектесетін арнайы талдау жүйесі жұмыс істейді.  

"Нарықты мониторингілеу және сараптау ортылығы" ЖШС бас менеджері Айнұр Ермұхамбетова бұл қызметтер ақылы және тегін болып екіге бөлінетінін айтады. 

"Порталда екі түрлі қызмет бар. Ол ақылы және тегін қызмет. Ақысыз қызмет түрдеріне сатып алу жоспарлары, өзекті лоттар, хабарландырулар, кеңес беру және "қара тізімге" енген компаниялар тізімі кіреді", – дейді менеджер. 

Ал ақылы қызметтердің ішінде күнделікті мамандар сараптауынан өткен мәліметтер бар. Олардың құны жас кәсіпкерлер үшін 20 мың теңгеден басталып, 50 мың теңге және 250 мың теңгеге дейін барады. 

"Яғни, қызметтер түрлі пакеттерге бөлінеді. Тереңірек талдаулар мемлекеттік органдарға келесі жылға бюджетті жоспарлауға көмектеседі және нарықтағы бағалар диапазонын біліп отыруға мүмкіндік береді", – дейді Айнұр Ермұхамбетова. 

Сатып алулардағы ауытқулар 9 негізгі тәуекел индикаторы бойынша анықталады. Мәселен,  бағаларды көтеру және төмендету, келісімшарт жасаудан бас тарту, тапсырыс берушінің жеткізушіге көңілі толуы, бағаның негізгі келісімшарттан жоғарылауына байланысты қосымша келісімдер, бір көзден сатып алу, тауар, жұмыс, қызметтерді жеткізу мерзімдері белгіленеді. 

Осылайша сарапшылар жоба іске қосылғалы бері мемлекеттік сатып алулар саласында 16,9 млрд теңге үнемделгенін айтады. Әлбетте, аз сома емес...

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу