"Бір үй көз алдымызда жоқ болып кетті"

4728

Арыстықтар жарылыс болған күнді қорқынышпен еске алуда.

"Бір үй көз алдымызда жоқ болып кетті"

Арыстағы жойқын жарылыстардан бой тасалап қашқан 200- ге жуық азамат бүгінде Шымкенттегі №55 жалпы орта мектепке орналасқан. Демеушілердің арқасында ішер ас-суы жеткілікті екен. Жағдайларын сұрай барып, жатын орнымен танысқаннан кейін, сондағы бірнеше әйелді әңгімеге тартып, жарылыс болған күнді баяндап беруін сұрадық.

"Метколонна шағын ауданы жақтағы стадион маңындағы жол үстімен үш машина қаладан шығып бара жатқанбыз. Кенет алдымызға жол үстіне снаряд келіп түсіп жарылды. Осы кезде жол жиегінде кетіп бара жатқан жасы шамамен отыздардағы азаматқа жарықшақтары тиді-ау. Әйтеуір, үсті қанға малынды. Жақындап барып байқасақ, бір көзі көрінбейді. Мойнынан қан шапшып атқылап жатыр. Одан кейін, әлгі стадионның төменгі жағында бір үй бар болатын. Біреуі сол үйдің үстіне түсті де, ол көз алдымызда жоқ болып кетті. Біз мінген машинаның үстіне де жарылғыш зат түсеме деген қорқыншпен қаладан зорға шықтық", - деп еске алады Жайна Божбанбаева.

Ал, Сандуғаш Кенжебекова жарылыстардан періштелердің арқасында аман қалғанын айтады.

"Таңертеңгілік үйге келген қонақты күтіп отырғанмын. Кенет аяқ асты жарылыстар басталды. Тез арада бала-шағаны жинап, қолға құжаттарды алып, аулада тұрған көліктерге мініп кеттік. Снарядтар артымыздан қуып келе жатқандай әсер қалдырды. Өйткені жанымызға келіп түсіп жатты. Жол бойында көлік тоқтатқан адам көп. Біз бес баласымен тұрған әйелді машинамызға отырғызып алып кеттік. Аспаннан түскен жарылғыш заттардың көптігі сонша, аман шыға алмаймыз ба деген ойлар келді басыма. Алла сақтап, аман қалдық. Бізді сол жолда алған бес бала, бес періште сақтап қалған секілді. Қала сыртындағы қырға шыққанымызда аптап ыстықтан шөл қысты. Өрт сөндірушілердің өртенген қырға сепкен қоңыр суын ішуге тура келді", - дейді ол.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу