Бірінші тілек тілеңіз, әкімге бюджет берсін деп!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6322

Енді жалақтаған жемқорлар ауылды жағалауы ықтимал.

Бірінші тілек тілеңіз, әкімге бюджет берсін деп!

Қазақстанда әкімшілік реформаның жаңа айналымы басталды. Парламент мәжілісінің басшысы Нұрлан Нығматулин оның нәтижесінде ауыл-кент әкімдері жаппай жемқорлыққа қарсы органның "клиентіне" айналып кете ме деп қауіптенеді.

Жалпы дамыған елге айналу үшін терең әкімшілік реформа керек. Әйтпесе бар билік тек орталықта шоғырланса, ал ауыл-аймақ әр шешім үшін Астана жаққа көз тігіп, қол жайып отыра берсе, мемлекеттің бас қаласы және ірі қалалары өркендейді де, басқалары дамуда кенжелеп қалады. Дамыған елдерде әр қала, тіпті әр елдімекен жергілікті өзін-өзі басқару тетігіне сүйеніп, біртұтас корпорациядай жұмыс істейді, инвестор тартуда, өркендеуде өзара бәсеке-жарысқа түседі.

Жер-жаһандағы осындай үздік тәжірибені көріп-біліп отырған Қазақстан да солардың жолына түсті. Әрине, көп артта қалғандықтан, әзірге бәрін басынан бастап, озып кеткен мемлекеттердің ескі шапанын өз бойымызға шақтап көруге мәжбүрміз. Мысалы 2013 жылы жаңа тарихымызда тұңғыш рет республикамызда ауыл, село және кент әкімдерін жаппай сайлау өтті. Одан кейін үкімет ауыл әкімі аппаратын құруға кірісті. Енді міне, ең төменгі деңгейдегі әкімдер өз бюджетіне ие болуға пісіп-жетіліпті. Осылайша Қазақстан ауыл-аймақтың рөлін, билігін және бюджетін арттыруға бағыталған үлкен реформаны өрістетіп келеді.

Ойпырмай дейміз, бұл реформа да үлкен айқаспен басталғаны есте. Елбасының тапсырмасымен орталық органдар көптеген міндетті ауыл-аймаққа беруге міндеттенді. Бұған елордадағы мемлекеттік органдардың қарсылығы үлкен болды, бірақ әупірімдеп жүріп, тиісті заң жобасы парламенттен өтіп, өмірге жолдама алған. Кейін өңірлерден "өксіген дауыс" демей-ақ қоялық, бірақ дабыл жете бастады: министрліктер мен ведомстволар құзыр-өкілеттілікті тапсырғанымен, оларды орындайтын мамандарды тарту үшін қажетті штатты ауыл-аймаққа бермеуге талпынып отыр.

Сондықтан мемлекет басшысына араласуға тура келді: 2013 жылы Ақордадағы жаңа үкімет құрамымен болған кеңесте елбасы "орталықсыздандыру мәселесіне ведомстволық тар түсінік тұрғысынан қараудың жолын батыл кесуге" тапсырма берді. "Міндет, штат және қаражат әкімде болуы тиіс, ал министрлік олардың өз қызметін ресурсты барынша үнемдей отырып орындауын бақылауы қажет" деген Елбасы сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов басқаратын әкімшілік реформасы мәселесі жөніндегі комиссияға тиісті тапсырма жүктеді. Сөйтіп "енжарлық" еңсерілген.

Ал қазір шенеуніктердің жүйкесіне салмақ түсірер келесі қадам – "салық бөліс" басталды. Мұны заңдастыру мақсатында 18 қаңтардағы жалпы отырысында Мәжіліс "Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Айтқандай, осының арқасында Қазақстандағы мемлекеттік бюджет тағы бір "сатыға" ұзарады. Қазіргі кезде ел қазынасы үш сатыдан тұрады және ең төменгі бюджет – аудандық саты саналатыны белгілі. Алда "ауыл, елдімекен, кент, аудандық маңызы бар қала" деңгейінде де жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілмек. Бұл жерде елбасы тапсырғандай, заңды әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің және Польшаның тәжірибесі ескеріліпті.

Рас, барлық ауыл бірден төл бюджетіне ие болмайды: бұл қадамын үкімет Польшадағыдай кезең-кезеңімен жасауға ниетті.

"Бүгінде еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрады. Бұған дейін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде дербес бюджет болған емес. Бұл дегеніміз, шамамен 2,5 мың әкімшілік. Сол себепті 2018 жылдан бастап тұрғындарының саны 2000 адамнан асатын әкімшілік аумақта, ал 2020 жылдан бастап, барлық жерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі енгізіледі", – дейді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару органы бұл бюджетті "мектепке дейінгі тәрбиеге (балабақшаға) және оқытуға, абаттандыру және көгалдандыруға, автокөлік жолын салу және жөндеуге, елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыруға" жұмсайды деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, қазіргі уақытта елді мекендерді қаржыландыру аудандық бюджет құрамындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, бұл 19 бағдарламаға былтыр бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұған қоса ауыл әкімдеріне, жергілікті тұрғындардың келісімін ала отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органының бақылау есепшотындағы төл табысын өз бетімен жұмсауға рұқсат етілген. Бұл есепшоттарда ауылға қамқор кәсіпкер мен басқа да азаматтардың аударған қайырымдылық қаржысы қордаланатыны мәлім.

"Ауылдық деңгейдегі бюджет 112 млрд теңгеден асады. 4-саты бюджеті өз тарихын осы сомадан бастайды", – дейді министр Тимур Сүлейменов.

"Бюджет қаржысын игермеу" секілді ұғым енді ауылдық деңгейге дейін таралмақ. Өйткені бұрын ауылда төл бюджеті болмағандықтан, ауыл басшысында қаржының игерілуіне қатысты да жауапкершілік болмайтын. Ал ауыл әкімдерінің игермеу көрсеткіші өзге деңгейден әлдеқайда көп көрінеді.

"Ауыл бюджетінің құрылуы әкімге бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеруде жауапкершілік жүктейді. 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін ауыл әкімдіктерінің бақылау есепшоттарында 3,6 млрд теңге қалдық қалған. Жалпы алғанда, өткен жылы бұл есепшоттарға 11 млрд теңге түскен. Яғни жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаражаттың 30%-дайын жұмсамайды. Сонымен бірге елді мекендердің абаттандыру, жарықтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, санитария секілді мәселелері әрі қарай да шешілмей қала береді", – дейді мәжіліс депутаты Берік Оспанов.

Бұл мәселе Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинді де қатты алаңдатып отыр. Ол ауыл әкімдері жаңа міндетті өз мойнына алуға дайын болмай шығуы мүмкін дейді.

"2,5 мыңдай әкімнің иелігіне бір күнде 110 млрд теңгеден көп қаржы топ ете түседі екен! Мұның сыртында оларға өз коммуналды меншігін басқару міндеті жүктелмек. Бұлардың бәрін оқытуды кім және қашан қолға алмақ? Біз үшжылдық бюджетті бекіттік, онда ұлттық экономика министрлігінің әкімдерді оқытуына қаржы қарастырылмаған. Осыған дейін осынша қаржы мен өз коммуналды меншігін басқарып көрмеген ауыл мен кенттің байғұс әкімін ешқандай да тренинг, ақпараттық топ даярлай алмайды. Тіпті кітап сыйласаңыз да пайдасы шамалы!", – дейді спикер.

Нұрлан Нығматуллин осындай құзыр бермес бұрын ауыл әкімін бюджет процесін, коммуналды меншікті сауатты басқаруға үйрету, оқыту қажет деп санайды.

"Олар бұл заң жобасы ұсынатын барлық игілікті, қаржы ағынын дұрыс пайдалана, басқара алмаса, ең жақсы дегенде, біз қаражаттың ұтымсыз пайдаланылуына маңдай соғамыз. Ал ең жаман дегенде, өздерінің даярланбауы кесірінен ауыл әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ықтимал "клиентіне" айналып шыға келеді. Түсініп тұрсыз ба, біздің оларды неменеге итермелеп отырғанымызды? Бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның жаңа "клиенті" емес, даярланған әкімдер керек", – деп нықтады жалпы отырыста Нұрлан Нығматулин министрге.

Министр Тимур Сүлейменов "кадрларды болашақ өзгеріске жан-жақты дайындауға" сендірді. Оның айтуынша, қаражатты жоспарлау және жұмсау, салық жинау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мәселелерінде арнайы оқыту курсы әр өңірде қазірден жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналды мүлікті басқару мәселелерінде ауыл әкімі аппаратының маманын дайындау мақсатында ақпараттық-насихат топтары құрылды.

"Тренинг, түсіндіру жұмысын жүргізуге облыстан, орталықтан маман тарту өте маңызды", – деген Тимур Сүлейменов заң баптарын түсіндіру үшін арнайы анықтамалық әзірленгенін жеткізді.

Ұлттық экономика министрі жаңадан құрылатын ауыл бюджетінің кіріс көзі анықталғанын жеткізді. Яғни бюджеттің бұл сатысы салықтың алты түрінен, автожол бойында жарнама орналастыру ақысынан, сондай-ақ салықтық емес түсімнен қалыптасады.

Салықтық емес түсімге "мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кіріс, жеке және заңды тұлғаның ерікті аударымы (демеушілік, қайырымдылық), әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкім жинайтын айыппұл жатқызылады.

Бүгінгі күні Қазақстанда "ауылдық парламент", яғни ауыл мәслихаты деген жоқ. Сондықтан ауылдың жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін де аудандық мәслихаттағылар бекітеді. Бірақ одан бұрын ол бюджет жергілікті ауыл жұртшылығының жиынында талқылануы міндет. Ал бюджеттің орындалуына ауыл әкімінің аппараты жауапты.

Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің техникалық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Рене Малли тек орталықта ғана емес, өңірде де білікті басшы жұмыс істегенде ел өрге басатынын айтады.

"Игілікті саясатты табысты іске асыру үшін, әрі даму стратегиясы елге қызмет істеуі үшін жоғары сапалы мемлекеттік қызметті дамыту қажет. Орталықта да, жергілікті жерде де, жалпы мемлекет әрекет ететін барлық жерде жоғары білікті және ынталы мемлекеттік қызметкердің жұмыс істегені өте маңызды. Сондықтан Қазақстан президенті мемлекеттік секторды реформалауды басым міндет деп белгіледі. Бұл реформа Қазақстан мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығының да басымдығына айналды. Біздің сарапшылар үкіметтің бұл жоспарын жүзеге асыруына әлемде қолданылатын озық тәжірибелердің ең үздік жақтарын енгізуге ұдайы көмек көрсетіп, қолдап, сүйемелдеп отырады", – дейді Рене Малли.

Еуроодақ өкілі бізбен әңгімесінде тағы бір мәселені көтерді. Қазақстанда облыс не ірі қала әкімі ауысса, ол балапандарын шұбыртқан қаздай, өзімен бірге төл командасын әкеліп, ескі кадрлардың бәрін кетуге мәжбүрлейтіні мәлім. Рас, қалаға қарағанда ауылда "командалық көшу" кеселіне көп өріс жоқ: "келешегінен көп үміт күттіретін" шенеуніктердің қайсысы өз еркімен орталықтан алыс ауылға кеткісі келеді.

"Мен өз тәжірибеме сүйене отырып айтайын. Кезінде ЕО атынан Германияда жұмыс істедім. Сол тұста Германия үкіметінде өте ірі ауыс-түйіс болды. Сайлау нәтижесінде билеуші партия ауысты. Үкіметке жаңа басшы келді. Жаңа министрлер тағайындалды. Алайда Сыртқы істер министрлігіндегі команданың 0,5%-ы ғана ауысты. Өйткені Германияның сыртқы саясаты өзгерген жоқ. Мен сонда тіпті атқарушы хатшының да, елшілердің де өз орындарында қалғандығына қайран қалдым. Басқа министрліктерде жағдай сәл басқаша болды: ауыс-түйіс 2-3%-а жетті", – дейді Рене Малли.

Әйткенмен, мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов төл бюджеті пайда болған соң, оны "соруға" құныққандар да ауыл жаққа ағыла бастауы ықтимал екенін айтады. Және оларға тіпті сол ауылда тұрудың да қажеті болмайды.

"Бұл заң жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытып қана қоймай, халық пікірінің мемлекеттік істерде ескерілуіне жол ашатын демократияның тиімді құралына айнала алады. Бірақ өзін-өзі басқарудың шынайы әрі тиімді қалыптасуына және нығаюына шенеуніктердің жемқор бөлігі қарсыласып бағады. Өйткені олар үшін салық төлеушілердің қаржысына қол сұғу мүмкіндігі тарыла түседі. Біз жақында өңірлерді аралағанда біраз жайға қанықтық. Әсіресе, ауылдық округ әкімінің, сондай-ақ муниципалды полиция қызметкерінің, басқа да шенеуніктің өзі жұмыс істейтін ауылда емес, қала, облыс орталығында тұру фактісі аз кездеспейді екен. Олардың өз қызметі мен міндеттемесін сапар жасау арқылы орындауы жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызып отыр. Бұл сондай-ақ жүйелі жұмысқа да кедергі", – дейді депутат.

Демек, мұндай кесел тәжірибеге тыйым салып, "әкім мен шенеунік өзі жұмыс істейтін елді мекенде тұруы тиіс" деп міндеттейтін заң қабылданғаны жөн. Бұл, әрине, парламенттің "құлағына алтын сырға".

Қалай болғанда, бұлардың бәрі дамыған елдердегідей пәрменді өзін-өзі басқару билігінің нығаюына кедергі болмауға тиіс. Америка "шерифімен" мақтанады, Голливуд осы қаһарманына арнап, бірталай фильм түсіріп тастады. Ал қазақтың әкімі кімнен кем? Аудан, қала, облысқа алақан жайып, әбден міскін халге түскен ауыл әкімінің қазіргі сұрқай кейпі өз бетімен ауылды көркейткен, инвестор тартып, бюджетін еселеген, елдің сүйіспеншілігіне бөленген ауыл әкімінің жаңа бейнесімен ауысуына да куә болып қалармыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу