Биыл баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек?

4857

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды.  

Биыл баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек?

Ата-аналар мектепке қажетті бұйымдарды қайдан және қаншаға алу керегін ойлана бастайтыны белгілі. Баланы мектепке дайындауға қанша қаражат керек? Бұл сұраққа inbusiness.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Елордадағы орталық базар мен ірі сауда дүкендерінде дәптер мен жазуға арналған құралдардың орташа бағасын төмендегі кестеден көруге болады.

 Баланың мектепке қажетті құрал-жабдығын шамамен 10-25 мың теңге аралығында сатып алуға болады.

"1 қыркүйектен бастап оқушылар дәстүрлі форматта білім алады. Ата-аналар керек заттарды сатып алып жатыр, алайда бұрынғымен салыстырғанда аз. Бір балаға мектепке қажетті бұйымдар сатып алу үшін шамамен 10 мың теңге керек. Заттардың бағасы айтарлықтай көтерілген жоқ", - деді сатушы Анар Баймұратова.

Сонымен қатар балаңызға пиджак, классикалық үлгідегі шалбар, көйлек, жейде, спорттық костюм, кроссовки, туфлиді алуды да ұмытпаңыз.

Сондай-ақ қыз баланың киімі ұл баламен салыстырғанда базарда да, дүкенде де қымбаттау екенін ескеріңіз. Нәтижесінде бір баланы мектепке толық киіндіріп, барлық затын алып беру үшін орта есеппен 80 мың-100 мың теңге көлемінде қаражат қажет.

Алдағы оқу жылы оқушылар мектеп формасын киюге міндетті емес.

"Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сондай-ақ классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды", - деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Нұр-Сұлтан қаласы №54 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Есмағзам Исмуханов оқушылар мектепке қалай киініп келу керегін түсіндірді.

"Менің ойымша, бұл (мектеп формасын сатып алу – автор) ата-аналардың қалтасына артық салмақ түсірмейді. Сондықтан оқушылар мектепке классикалық үлгіде киініп келуі керек", - деді директор.

Айта кетейік, биыл оқушылар дәстүрлі форматта білім алады

1 қыркүйекте Қазақстандағы 7 475 мектеп оқушылар үшін есігін ашады. Онда 3,4 млн бала оқитын болады. Жазда оқу мекемелерінде ағымдық жөндеу, оның ішінде 263 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.
 

Дәурен Ерболат

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу