Биыл ескі көліктерді "утилизациялау" 16 қаңтарда басталады

Артур Мискарян Артур Мискарян
15511

"Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері" ЖШС 2016 жылы ескі автокөліктерді кәдеге жарату қорытындысын шығарып, құжаттардың кемшілігін анықтады.

Биыл ескі көліктерді "утилизациялау" 16 қаңтарда басталады

Ескі көлікті кәдеге жарату бағдарламасы бойынша 2016 жылы автокөлік қабылдау бекеттерінде жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша "Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері" ЖШС (ӨКМ) 5665 автокөлік қабылдапты, алайда энергетика министрлігі 10 мың ескі көлік қабылдауға квота бөлген еді. Аймақтық квота Қостанай, Ақтөбе және Орал қалаларында игерілді. Ал Алматыда квотаның жартысы – 1310 көлік те игерілмеді. Ең көп автокөлікті Шымкент қабылдады – 764, квота бойынша 1150 көлік қабылдауы қажет еді.

"Өткен жылы энергетика министрлігі 10 мың ескі автокөлік сатып алуға квота бөлуді мақұлдаған болатын. 5600 ескі автокөлік сатып алынды, квотаның қалған бөлігі 2017 жылға ауысады", – деп мәлімдеді "ӨКМ" ЖШС-ның басқарушы директоры Рустам Темірбек.

Квота толық игерілген үш аймақта автокөлік қабылдау уақытша тоқтатылды. 16 қаңтардан бастап еліміздің барлық аймағында ескі автокөлікті кәдеге жаратуға қабылдау басталады. Қостанай, Ақтөбе және Орал өңірлерінде науқан жаңа квота бөлінгеннен кейін 25 қаңтарда басталады.

"Біз биылғы жылдың 16 қаңтарынан бастап көлік қабылдауды жалғастырамыз деп отырмыз, алайда айта кету керек, кейбір өңірлер: Қостанай, Ақтөбе және Орал квотаны толық игерді, сондықтан ол жерлерде қабылдау уақытша тоқтатылды. Біз энергетика министрлігінде 2017 жылға арналған квотаны талқылап жатырмыз, біздің жоспарымыз бойынша квота 25 қаңтарда мақұлданады, содан кейін бұл өңірлерде автокөлік қабылдау қайта басталады", – дейді Рустам Темірбек.

Кәдеге жаратуға қабылданатын автокөліктер бағдарлама тәртібі бойынша екі санатқа бөлінеді: толық жиынтықтағы және жүрмейтін автокөлік. Ерекшелік мынада, егер автокөліктің барлық негізгі агрегаты бар болса, онда бағдарламаға қатысуышыға 150 мың теңге өтемақы төленеді. Ал екінші санаттағы автокөлік үшін 48 мың теңге беріледі.

"Халықты ескі автокөлікті тапсыруға ынталандыру жөніндегі энергетика министрлігінің бастамасы көпшілік арасында қолдауға ие болды, аз ғана уақыттың ішінде, бар-жоғы 30 күн ішінде, 5665 автокөлік қабылданды. Бағдарлама аясында 5659 автокөлік бірінші санат бойынша бағаланса, 6 автокөлік екінші санат бойынша қабылданды", – дейді Рустам Темірбек.

Оның айтуынша, көбінесе кеңестік өндірістің автокөліктері қабылданыпты.

"Өзіміз ойлағанымыздай, бізге тапсырылған автокөліктердің негізгі бөлігі кеңестік өндірістің автокөліктері болды. Ең ескі автокөлік 1948 жылғы "Москвич" болды, ол Оралда қабылданды", – дейді Рустам Темірбек.

Десе де, қабылданған автокөліктердің ішінде 2007 жылы шыққан жеті жаңа автокөлік те бар. Кәдеге жаратуға қабылданған автокөліктердің орташа мерзімі 25-30 жыл.

Бағдарламаға қатысушылар автокөліктерін тапсыру кезінде бірқатар қиындықпен бетпе-бет келді: кей құжаттың бірыңғай нысаны жоқ, зейнеткерлердің есепшоты болмады және көлікті сенімді өкіл тапсырса, көлікке берілген өтемақыға салық салынды.

"2016 жылдың қорытындысын шығарарда бірқатар қиындық пен кем тұстары анықталды, бұл азаматтардың автокөлік тапсыру үдерісін қиындатты. Автокөлікті кәдеге жаратуға тапсыруда сенімхаттың бірыңғай нысаны болмады. Бұл мәселені біз әділет министрлігімен бірлесіп ойластырып отырмыз, бұл нысан ең жақын уақытта жасалады деп жоспарлаймыз. Бұл адамға бірден нотариусқа келіп, нысанды толтыруға мүмкіндік береді. Себебі қазір адам көлік қабылдау бекетіне келгеннен кейін барлық құжатты ретке келтіру үшін бірнеше рет нотариусқа жүгіруге мәжбүр.

Біз тағы бір кемшілікті анықтадық. Қазақстанда автокөлікті кәдеге жаратуға тапсыруға арналған анықтаманың бірыңғай нысаны жоқ екен. Әр аймақта әртүрлі, әр аймақтағы анықтамада әртүрлі мәлімет сұралады. Осыған байланысты біз әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, құжаттың бірыңғай нысанын әзірлеп жатырмыз. Жоспар бойынша жақында бұл құжат енгізіліп, түсінбеушіліктің алдын алуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар зейнеткерлер зейнетақысын алуда қолданатын есепшотын әкелген жағдайлар болды. Ол есепшотқа ақша аудару мүмкін емес екенін сіз бен біз жақсы білеміз", – деп түсіндірді Рустам Темірбек.

Есепшот мәселесін "Қазпошта" АҚ-мен бірлесіп шешуді жоспарлап отырмыз.

"Қазір біз екінші деңгейлі банк деген лицензиясы бар "Қазпошта" акционерлік қоғамымен келіссөз жүргізе бастадық, олардың есепшот ашу мүмкіндігі бар. Өздеріңіз білетіндей, оның Қазақстанда мүмкіндігі кең, әр елдімекенде олардың филиалдары бар. Бұл мәселе жақында шешіледі деп үміттенеміз", – деп мәлімдеді Рустам Темірбек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер автокөлікті сенімді өкіл тапсырса және өз есепшотын көрсетсе, онда одан 10% жеке кіріс салығы алынады.

"Мемлекеттік органдардың қарастыруына 2017 жылғы бағдарламаның жобасына тиісті өзгертулер енгізілді. Егер біреу автокөлігін өзі әкеліп тапсыруға мүмкіндігі болмаса, сенімхат жаза алады, бірақ бұл жағдайда есепшот туралы анықтама автокөлік иесінің өз атына рәсімделуі тиіс", – дейді Рустам мырза.

Биылғы жылы ӨКМ айына 3500 автокөлік қабылдауды жоспарлап отыр. Мамыр айында Қарағанды қаласында кәдеге жарату бойынша зауыт өз жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз.

"Өткен жылы 15 мың тонна шина, 14 мың тонна аккумулятор және шамамен 4 мың тонна май жиналып, кәдеге жаратылды. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасады. 2016 жылдың желтоқсанында автокөлік қоқыстарын кәдеге жарататын зауыт құрылысының жобасы мақұлданды. Бұл жоба Қарағандыда жүзеге асырылады. Құрал-жабдықты 2017 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланып отыр. Зауытта бір ауысымды жұмыс барысында жылына 50 мың автокөлікті кәдеге жаратуға мүмкіндігі бар Италия құрал-жабдығы пайдаланылады. Бұл еліміздің кәдеге жарату көлеміне сәйкес келеді", – дейді "ӨКМ" ЖШС-ның атқарушы директоры Сергей Юрча.

Сонымен қоса ӨКМ автокөлігін кәдеге жаратуға тапсырғаннан кейін көлік иесіне жаңасын сатып алуға жеңілдік беретін сертификат беру жоспарын алға тартады.

"2017 жылдан бастап сертификаттау бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама мақұлданса, халық тек автокөлігін сатып табыс табумен шектелмей, сонымен қатар Қазақстанда жасалған жаңа автокөлікті сатып алуға жеңілдікке қол жеткізеді.Сондай-ақ қабылданатын көлік түрлерінің тізімін кеңейтуді ойластырып жатырмыз. Тек жеңіл автокөліктер ғана емес, сонымен қоса жүк көліктері, автобустар мен арнайы техника қабылданады. Сәйкесінше көлік құралының түріне сай өтемақының жаңа көлемі белгіленеді", – дейді Сергей Юрча.

ӨКМ өкілдерінің айтуынша, тапсырылған автокөлікке төленетін өтемақыны ұлғайту қажеттілік болмағандықтан жоспарланбайды.

"Қазір автокөлік өткізуден түсетін өтемақыны ұлғайтуға қажеттілік жоқ екенін бағдарлама нәтижесі көрсетіп отыр. Сергей Юрча айтқандай министрлік сертификаттау жөніндегі актілерді мақұлдаған соң, сертификаттардың сомасы жоғары болады деп болжамдаймыз. Сертификат – ақшалай өтемақы емес, бірақ автокөлікті жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін құжат", – дейді Рустам Темірбек.

Егер жаңа квоталарды мемлекеттік мекемелер мақұлдаса, ӨКМ 2017 жылы 40 мыңнан астам автокөлікті қабылдаймыз деп отыр.

"Біздің жоспарымыз бойынша 2017 жылы 40 мың автокөлік, оған қоса 2016 жылдан қалған квота бойынша 4 мың автокөлік қабылдаймыз. Жүк техникасына нақты квота әлі бекітілген жоқ, шамамен 3 мың көлік болуы мүмкін, бұл – алдын-ала болжам. Ал өтемақы сомасына келер болсақ. Оны энергетика министрлігі бекітеді. Былтырғы жылдағыдай дүрлікпе әңгіме болмайды", – дейді Рустам Темірбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу