Биыл мың құбылған мұнай бағасы қалай өзгереді?

Қымбаттай ма, әлде арзандай ма? Шетелдік, отандық сарапшылар пікірі.    

Биыл мың құбылған мұнай бағасы қалай өзгереді?

2019 жыл мұнай бағасының өсуімен басталды. Сәуір айының соңында Brent маркалы "қара алтынның" баррелі 53,5 доллардан 75 долларға көтерілді. Кейін көрсеткіштер кері кетіп, 70 доллардан да төмендеді. Қазіргі кезде  оның бағасы барреліне 63 долларға тұрақтап тұр. 

Мұнай өндіруші елдерді, оның ішінде Сауд Арабиясын бұл қанағаттандырып отырған жоқ. Себебі бағаның төмендеуі бюджет тапшылығына алып келеді. Сондықтан ОПЕК+ келісіміне мүше елдер мұнай өндіруді шектеу туралы келіссөздер жүргізуде. 

ОПЕК+ елдері қандай келісімге келді?

ОПЕК елдері және Ресей бастаған бірнеше мемлекет желтоқсан айының ортасында бір күндік мұнай өндіру көлемін 2,1 млн баррельге қысқартуға уағдаласты. Бұған дейін ол бұл квота күніне 1,2 млн баррель болатын. Ал Сауд Арабиясы өндіріс көлемін тағы 400 мың баррельге қысқартатынын мәлімдеді. Себебі сарапшылардың пікірінше келесі жылы аталған ел бюджетінің тапшылығы 7%-ға жетуі мүмкін. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін Brent маркалы мұнай барреліне 77–78 долларға тұрақтауы тиіс.

Әлем сарапшыларының пікірі

АҚШ-тың энергетикалық ақпараттар басқармасы (EIA) 2020 жылы Brent бағасы барреліне 61 долларды құрайды деген болжам жасады. Салыстырмалы түрде алсақ 2019 жылы орташа баға 64 доллар болатын.

"2020 жылы мұнай бағасы орта есеппен 2019 жылмен салыстырғанда төмен болады деп болжаймыз. Оған себеп әлемдік мұнай қоры көлемі артады деп күтілуде. Әсіресе жылдың бірінші жартысында", – деп хабарлады АҚШ-тың энергетикалық ақпараттар басқармасы.

Ал жапон банкі Mitsubishi UFJ сарапшылары 2020 жылы мұнай нарығында ұсыныстар 0,3 млн баррельге артатынын айтады. Күн шығыс елінің банкі келесі жылы Brent бағасы барреліне 59 доллар, WTI 55 доллардан саудаланады деп болжайды.

Ал Bank of America мен JP Morgan банкінің мамандары керісінше келесі жылы "қара алтын" бағасы 2019 жылғы көрсеткіштен жоғары болады деген пікірде.  

Bank of America 2020 жылы Brent барреліне 70 доллар көрсеткішіне тұрақтайды деп болжаса, JP Morgan 59-64 доллар көрсеткіштерімен шектелді. Алайда қос қаржы ұйымы 2021 жылы баға қайта төмендеуі мүмкін, деп хабарлады.

Қазақстандық сарапшылар болжамы

Техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдібаевтың пікірінше мұнай бағасы тікелей АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына байланысты құбылады. Тәуелсіз сарапшы қос держава арасындағы түсініспеушілік дүниежүзі экономикасының өсу үрдісін тежеп отырғанын айтады.

"Экономиканың дамуы тежелген соң мұнайға деген сұраныс азаяды. Ондай жағдайда баға төмендейді. Сондықтан мен қара алдытынның құны жоғарылайды деп ойламаймын. 50-60 доллардың арасында болады. Оның тағы бір себебі қуаттың жаңа түрлері пайда болып жатыр. Осы фактор да мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне әсер етеді", – дейді  Тоқтамыс Меңдібаев.

Ал "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев 2020 жылы өткен жылға қарағанда баға жоғарылайтынын айтуда. Оның пікірінше қара алтын бағасы барреліне 60-75 долларға тұрақтайды.

"Биыл АҚШ пен ҚХР келісімге келсе, баға жоғарылайды. Әрине, ОПЕК+ елдері өндіріс көлемін қысқарту туралы келіссөздерді жалғастырады. Ал мұнай бағасының қымбаттауы әлемдегі ең қымбат компания Saudi Aramco орналасқан Сауд Арабиясы үшін өте маңызды. Сонымен қатар инвесторлар АҚШ Федералды қор жүйесі ұсынатын саясатты бақылайтын болады. Себебі оның базалық мөлшерлемені төмендетуі шикізаттық өнімдердің құнының жоғарылап, доллардың нығаюына әсер етеді. Жалпы 2020 жыл шикізаттық тауарлар бағасы  тұрақты болады", – дейді сарапшы.

Бұдан бөлек Мұрат Қастаев сөзінше күзде әлем сарапшыларының талқысына түскен рецессиялық қатер 2021 жылы болуы мүмкін.

"2020 жылы әлемдік экономика державалардың келіссөздері мен АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты тұрақты күйде болады. Ал кейін экономиканың даму қарқыны тежеліп, өзгерістер болады. Бірақ оның барлығын тек 2021 жылы көреміз", – дейді ол.

Экономист Арман Байғанов та келер жылы мұнай бағасы жоғарылап, бареліне 65-75 долларға жететінін айтады. Сарапшының пікірінше, оған АҚШ-та мұнай өндіру көлемінің төмендеуі әсер етеді.

"Қазіргі кезде ОПЕК+ келісіміне мүше елдер әлемдік нарықта мұнай өндіруді төмендетуге күш салуда. Сонымен қатар Иран мен Венесуелла елдеріне қатысты мұнай өндірісін төмендетуге бағытталған санкциялар қолданылады. Бұл шикізат бағасының өсуінің тағы бір факторы – АҚШ-та өтетін президент сайлауы. Дональд Трамп кез келген жолмен қайта сайлануға тырысады. Соған сәйкес ол АҚШ Федералды қор жүйесі басшылығына ықпал етуге барын салады. Бұл мұнай бағасының жоғарылауына, тәуекелдік активтерге де әсер етеді. Ал тәуекелдік активтерге мұнай, алюминий мен мыс жатады", – дейді экономист.

Құралай ҚҰДАЙБЕРГЕН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу