Биылғы қажылық сапардың құны қанша

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
23287

Вакцинация болашақ қажылардың қалтасын қақты.

Биылғы қажылық сапардың құны қанша

Мұсылмандық парызын өтеуге ниеттенген қазақстандықтар биыл қажылық сапарға 4 мың доллардан астам қаржы жұмсайды. Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, баға айтарлықтай қымбат. Сондықтан ол қасиетті сапар көпшілікке қолжетімді болу үшін болашақта бұл мәселені алдын ала пысықтауды ұсынды.

Сондай-ақ биыл болашақ қажыларға салынатын екпе құны да қымбаттаған екен. Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арынның айтуынша, былтыр вакцина бағасы 22 500 теңгені құраса, ал биыл 28 мың теңгеге тең. Бағаның өсуіне осы жылдың мамыр-маусым айларында елімізде менингитке қатысты орын алған жағдайлар себеп болған.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің пікірінше, қажылық сапарға баратындар үшін екпе міндетті түрде егілуі керек. Өйткені, адам көп жиналған жерде түрлі жұқпалы аурулар болуы ықтимал.

"Екпе алғаны туралы арнайы сертификатсыз, виза бермеген дұрыс. Адамдарды осыған міндеттеу керек. Қуаныштысы, біздің ел аталған жүйемен жұмыс істеуде. Мұны өте дұрыс қадам деп білемін", – деді Жандарбек Бекшин қажылық сапарды ұйымдастыруға арналған жиында.

Бас санитардың айтуынша, биыл қажылық парызын өтейтін 1 400 адам екпе алған. Сауд Арабиясы мақұлдаған вакцина осы жылы елімізге алғаш рет әкелінген екен. Болашақ қажылардан бөлек, аталған вакцина 3900 ел тұрғынына да салынған.

"Вакцинаның шамамен 900-дей дозасы артылып отыр. Сондықтан екпе алмаған адамдардың әлі мүмкіндігі бар. Биыл 10 өңірде екпе егу пунктін аштық. Қазір Павлодар облысынан басқа 9 өңірде вакцина бар. Жалпы, кейбір аймақтарда қажылыққа баратындар саны аз болғандықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісімге келдік. Келісімге сәйкес, Алматы мен Астана қаласына виза алуға келген адамдар сол кезде екпені де біржола алады. Артылған екпені Умра қажылығы кезінде де пайдалануға болады", – деді Жандарбек Бекшин.

Биыл қажылық парызын өтеушілерге 18 туристік фирма қызмет көрсетеді. Жандарбек Бекшиннің сөзінше, әрбір фирмада білікті дәрігер болуы міндетті. Олардан арнайы сертификат талап етіледі.

"Дәрігердің деңгейіне аса мән беру керек. Өйткені, қайбір жылы қажылыққа білікті дәрігердің орнына тіс дәрігерінің барғаны бар. Сондықтан дәрігерлерді денсаулық сақтау министрлігі қадағаласа жөн болар еді. Сонымен қатар сапарға аттанатын дәрігерлердің бәрі бірдей араб тілін білмейді. Бұл мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайды. Дәрі-дәрмек мәселесін де пысықтап алған абзал", – дейді қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.

Жандарбек Бекшиннің сөзінше, қажылық сапарға туристік фирмалармен бірге еріп баратын медициналық қызметкер жалпы тәжірибе дәрігері болуы керек. Осы орайда Дархан Кәлетаев аталған норманы сақтамайтын фирмаларды алдағы уақытта қажылық сапарға қатыстырмау керек деген ұсыныс айтты.

Еске сала кетейік, қажылық парызын өтеушілердің алғашқы тобы ертең, 9 тамызда Алматы қаласынан аттанады. Ал соңғы делегация 15 тамыз күні ұшып кетеді. Олар 27 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында біртіндеп елге орала бастайды.

Вице-министр Берік Арын атап өткендей, Сауд Арабиясы биыл Қазақстанға үлкен қажылық үшін 3 мың квота бөлген. Квота саны өткен жылмен салыстырғанда 500 адамға көп.

Биыл алғаш рет төрт қаладан тікелей рейс ұйымдастырылып отыр. Атап айтқанда, қажылыққа барушылар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан Мекке және Джидда шаһарларына тікелей қатынайды. Жолаушыларды отандық SCAT және Сауд Арабиясының Fly Nas компаниялары тасымалдайды.

Fly Nas-тың Қазақстандағы өкілі Таалайбек Океновтің сөзінше, компания 2015 жылдан бері қазақстандықтарды қажылық сапарға тасымалдап келеді. Бұл компанияның ұшақтары тек Алматы қаласынан ғана қатынайды.

"Алғашқы рейс 13 тамызға жоспарланған. Сондай-ақ 14, 15 тамыз күндері де әуеге көтерілеміз. Сапарға толықтай дайынбыз. Біздің компания негізінен қажылық кезінде ғана жұмыс істейді. Сондықтан ұшақтарды Португалия және Малайзия елдерінен жалға аламыз. Ұшақтарда қызмет көрсететін мамандар да шетелдіктер. Сапарға 437 орындық Airbus A330-300 ұшақтары пайдаланылады", – дейді Таалайбек Окенов.

2017 жылдан бастап болашақ қажыларды тасымалдау нарығына отандық SCAT компаниясы да қосылған болатын. SCAT өкілі Андрей Смирновтің сөзінше, компания биыл 1 460 адамды тасымалдауды жоспарлап отыр. Ал өткен жылы SCAT ұшақтары арқылы 1166 қазақстандық қажылық сапарға барып қайтқан. Бұл компанияның ұшақтары Алматы, Астана, Шымкент және Ақтау қалаларынан қатынайды. SCAT Boeing 767-300 және Boeing 737-700 ұшақтарына сенім артып отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Серікбай қажы Ораздың айтуынша, жолаушыларға қызмет көрсететін 18 туристік фирманың әрқайсысына мүфтият тарапынан бір-бір білікті имамнан бекітіледі.

"Биыл алғаш рет қазақстандықтар бірыңғай киім киеді. Оған туристік фирмалардың логотипі орналастырылады. Әйтпесе, бұған дейін әрбір фирманың киімі әртүрлі еді. Бірыңғай киімнің түсі - көк", – дейді Серікбай қажы Ораз.  

Еске сала кетейік, қажылықтың негізгі күні – 21 тамыз. Дегенмен, Серікбай қажы Ораздың айтуынша, қажылықтың нақты күні 10 тамыздан кейін белгілі болмақ.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу