Биылғы санақ тарихтағы осындай соңғы науқан болуы мүмкін

3581

Бүгінде "санақ, санақ!" деп үйлерді аралап жүрген кімдер? Қазақстандықтардың бірі оларды "алаяқ" десе, енді басқасы "коммуналдық қызметтердің тыңшылары" деп атауда.

Биылғы санақ тарихтағы осындай соңғы науқан болуы мүмкін

"Халық санағына дейін: 83 күн" деп жазылған Қазақстанның ұлттық санағына арналған порталда. Соған қарамастан, қалаларда, кейбір ауыл-ауданда әлдебір адамдар есіктерді қағып, үй кезіп жүр, деп жазады Inbusiness.kz.

"Кеше біздің тұрғын үйді планшет көтерген әйелдер аралап кетті. "Халық санағы!" деп айғайлап қояды. Тұрғындардың көбі сенбеді. Кейбірі алаяқ шығар деп сезіктенді. Есігін ашқандардың өзі "әкімдіктің тыңшылары" болар деп күдіктенді. Себебі, ол әйелдер пәтерде жалпы саны қанша адам тұратынын сұрады, аты-жөндерін тіркеді. Содан адамдар коммуналдық қызмет үшін қосымша төлем жазып қояды деп қорқып, тұрғындардың нақты санын жасырды. Мысалы, есігін ашқан көршілерімнің бәрі 1-ақ адам тұратынын хабарлады. Шынында, кейбірінде екі-үш отбасы тұрып жатыр. Сондықтан жауапты тұлғалар санақ нәтижесі түбіртектегі төлем көлеміне әсер етпейтінін түсіндіргені жөн сияқты", – дейді елорда тұрғыны Айнұр Құсайынова.

Нұрсұлтандық Сергей Ивахненко да әлгіндей кісілер есігін қаққанын айтады: сұрақтарына жауап бермей, "нағыз санақ басталатын қазанда қайта оралуды" ұсыныпты.

Он жылда бір оралатын жалпыұлттық науқанға жауапты орган – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ол кісілердің ешқандай алаяқ еместігін, әкімдік пен жергілікті коммуналдық қызметтерге жұмыс істемейтінін хабарлады.

Ведомство Үкімет қаулысына сәйкес, ұлттық халық санағы расында, 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтетінін нақтылады. Әйткенмен, бұл науқан биыл екі кезеңнен – дайындық және негізгі кезеңдерінен тұрады.

"Дайындық кезеңі аясында осы маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында сұхбатшы-интервьюерлер әрбір елді мекенді аралап шығады. Ондағы мақсат – тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау болады. Бұл кезеңде "аудандастыруға", яғни санақ жүргізілетін аумақтарды аудан-ауданға бөлуге дайындық жүргізіледі. Санақтық аудандастыру дегеніміз – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу", – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы.

Ал негізгі кезең 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығын қамтиды. Санақшыларға есігін ашқысы келмейтін адамдар 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни алғашқы 45 күнде онлайн-режимдегі санаққа қатыса алады. Ол үшін арнайы sanaq.gov.kz сайтында орналастырылатын барлық сұрақтарға өз бетінше жауап беріп шығуға тиіс. Отбасының әр мүшесі үшін жеке толтырылады.

Санақшылардың дәстүрлі аралауы 1–30 қазан аралығында жүргізіледі және осы кезеңде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында сұрау салынады. Санақшылар үй-үйді аралау кезінде бұрынғыдай бума-бума парақтарды толтырмай, барлық жауапты электронды планшеттерге түсіреді.

Осының арқасында санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығыны азайтылады, қағаз бен кеңселік құралдардан айтарлықтай үнем жасалады екен.

Алайда соған қарамастан, бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қымбат санаққа айналмақ. Атап айтқанда, азат еліміздегі тұңғыш жалпыұлттық санақ 1999 жылы ұйымдастырылған және ол мемлекетке 694,2 миллион теңгеге түсті. Ал соңы жанжалға ұласқан, статагенттік төрайымы Анар Мешімбаеваның мүлкі тәркілене отырып, жеті жылға сотталуына соқтырған 2009 жылғы санаққа 6,5 миллиард теңге шығындалды.

Енді екі жылға шегеріліп, 2021 жылы өткелі тұрған "бүкілхалықтық сауалнамаға" 8,2 миллиард теңге жұмсалады. 

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтарды санаумен айналысатын персонал саны азайды. Мысалы, 1999 жылы – 88,2 мың, 2009 жылы – 83  мың адам жұмылдырылыпты. 2021 жылы Санақ бөліміндегі басшылық пен мамандар саны – 85, өңірлердегі уәкілетті адамдар саны – 997 болады. Қазіргі кезде, 1-кезең аясында үйлерді 5 мың 405 интервьюер аралап жүр. Ал 2-кезеңде, күзде 3 220 нұсқаушы-бақылаушы мен 23 мың 33 интервьюер жұмыс істемек. Ел Үкіметі 2020 жылы ұлттық санақ үшін 27 мың планшет пен арнайы киімді сатып алып қойды.

Сонымен бірге санақшылар қамтитын халық саны артты: 1999 жылы қазақстандықтардың жалпы саны 14 миллион 953,1 мың адамды құраған. 2009 жылғы санақ азаматтарымыздың қатары 16 миллион 4,8 мыңға жеткенін көрсетті. Статорганның жедел дерегі (ЖСН және басқа деректер негізінде) бойынша бүгінде 18 миллион 940,4 мың адам "қазақстандық" саналады.

Айта кету керек, қазір есік қағып жүрген кісілер қыркүйекте санаққа кірісетіндерге қарағанда аздау еңбеақы алады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1-кезең интервьюерлеріне 30 күн жұмысы үшін 83 000 теңге төленбек. Ал 2-кезең интервьюерлеріне бір ай жұмысы үшін 104 000 теңге аударылуы керек.  

Нұсқаушы-бақылаушыларға екі кезеңде де 45 күн жұмыс үшін 125 000 теңгеден берілуге тиіс.

Әйткенмен, жоғарыда келтірілген 8,2 млрд – тек шығынның бір бөлігі ғана. Ресми мәлімет бойынша осы науқанға дайындық басталған 2018 жылдан санақтың түпкілікті қорытындылары шығарылатын 2023 жылға дейінгі аралықта халық санағына жалпы сомасы 9 миллиард 78,2 миллион теңге бағытталмақ. Оның ең үлкен бөлігі – 45,7 пайызы немесе 3 млрд 359 млн теңгесі – санақшы персоналдың жалақысын төлеуге кетеді. 13,2%-ына немесе 1 миллиард 86 млн теңгеге планшеттер сатып алынған (1 планшет шамамен 40 мың теңгеге түскенге ұқсайды).

Бюджеттің 11,4%-ы немесе 932 миллион теңге "е-Статистика" ақпараттық жүйесін дамытуға жұмсалыпты. 10,3%-ы немесе 845 миллион теңге – жұмыс станцияларын, жиһаз, кеңсе тауарларын және басқасын сатып алуға, 7,7%-ы немесе 634 миллион теңге – жинақ-кітапшалар дайындап, басып, таратуға кетпек. Ауыл-аймақты аралау үшін автокөлік сатып алуға 748 миллион теңге бөлінбек. Қалған 360 миллион теңге – қызметкерлердің іссапар шығыстарын өтеуге бағытталады деп жоспарланған.

Жалпы алғанда, 2018 жылы әлгі соманың 481,3 миллионы, 2019 жылы – 2 миллиард 279,8 миллионы, 2020 жылы – 676,7 миллионы игерілді. Негізгі шығын – 5 миллиард 230,1 миллион теңге биылғы жылға тиесілі. Санақ біткен соң оның қорытындыларын шығарып, талдауға 2022 жылы қомақты қаражат – 309,3 миллион теңге жұмсалмақ. 2023 жылы санақ аясында тағы 100,9 миллион теңге шығындалады деп белгіленді.

Әлеуметтік желілерде пікір білдірген азаматтар бұл науқанның пайдасы шамалы деген ұстанымда.

"Санақшылардың ауыл-ауылды, үйді-үйді аралауы – ескінің сарқыншағы. Халық қазір сақ. Ал егер отбасы мүшелерінің саны туралы жалған мәлімет берсе, санақшы тығылып қалғандарды іздеп, баспананың әр бұрышын тінтпейді ғой. Айтқанға мақұл деп, соны жазып алып, кете барады. Ондай жалған санаққа қалай сенеміз. Көп адам онлайн сауалнамадан да өтпейді, санақшыға есігін де ашпайды. Оларды не істемек? Бұған қоса, санақшылардың үйді аралауын қылмыскерлер өз пайдасына жаратып кетуі мүмкін. Цифрлық дәуірде ескіше санақ жүргізуді қою керек. Босқа бюджеттік миллиардтарды шашады", – дейді Нұрлан Оспанов есімді азамат.

Мира Құлықбаева баланың тууы, халықтың өлім-жітімі, шетелге көшіп кетуі не елге оралуы секілді барлық дерек электронды тіркелетін заманда санақ жүргізуден еш мән қалмағанына, оның көзбояушылыққа көбірек ұқсайтынына назар аудартты. Дегенмен, миллиардтар бөлінді, оны құзырлы орган белсенді игеруде. Бұл жолғы санақтан бас тартпайды. 

Алайда бұл осы форматтағы соңғы санақ болуы ғажап емес. 2031 жылы Қазақстан елді аралап, ескіше халықтық санақ өткізуден бас тартуы әбден мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу