"Біз ауыр сынаққа төтеп берген ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет" – Президент

1210

Репрессия жылдары Қазақстаннан 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады 

"Біз ауыр сынаққа төтеп берген ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет" – Президент Фото: sputnik.kz

Мемлекет басшысы 31 мамыр  Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Twitter-де арнайы жазба жариялады. Онда азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу  баршамыздың ортақ парызымыз екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

"Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру  өте маңызды мәселе", – деді Президент Twitter-де.

Қазақтың кіл қаймақтарын қалқып алған сол бір нәубет жылдары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шаниндер бір күнде атылған.  

Жұмат Шанин – қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған ерен тұлға. Жазушы Сайлау Байбосынның тілімен айтсақ, ол "ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам".

Жұмат Шанин мен қазақ театры – егіз ұғым. Қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаған ол өнерге өлшеусіз үлес қосты. Баянауылда туып, қазақтың біртуар ұлына айналған Жұмат Шанин 1926 жылы сол кездегі ел астанасы Қызылордада ашылған қазақ театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі болған.

"Қазақстанның кәсіби театр өнерінде сөз жоқ, Жұмат Шанин алтын тәж сияқты жарқырап тұруы керек. Себебі сонау 1925 жылы Қызылорда театрды жинақтаған кезде соған бірден-бір ұйытқы болған – Жұмат Шанин. Өзі сол театрдың директоры болды. Сол театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссеры болды. Сондықтан менің ұғымымда сол Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Құрманбектер бастаған алыптар шоғырында кәсіби актерлыққа баулыған ұстазы – Жұмат Шанин. Режиссураның тұңғыш көшін бастаған да – Жұмат Шанин", – деп еске алады Астана қаласы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.

Жұмат Шанинге "Сталинге қастандық жасамақ болған" деген айып тағылған. 36-шы жылы Мәскеудегі онкүндікте сахна шымылдығы 12 минутқа кешігіп ашылады. Осы 12 минут оны ату жазасына кесуге жеткілікті факті болған.  

Ал Жанбике Шанина, "халық жауының жары" ретінде АЛЖИР-де  8 жыл әділетсіз айыпты арқалап, жастық шағын темір тордың артында өткізді! АЛЖИР-ден денсаулығы сыр беріп шығып, көп ұзамай дүние салды.
 

Елімізде 1997 жылдан бері, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу