Қазақ театрының қадасын қаққан жан

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4063

Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының бірі – Жұмат Шанин.

Қазақ театрының қадасын қаққан жан

Жұмат Шанин – қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған ерен тұлға. Жазушы Сайлау Байбосынның тілімен айтсақ, ол "ұлт театрының ұлтанын шегелеп кеткен адам".

Жұмат Шанин мен қазақ театры – егіз ұғым. Қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаған ол өнерге өлшеусіз үлес қосты. Баянауылда туып, қазақтың біртуар ұлына айналған Жұмат Шанин 1926 жылы сол кездегі ел астанасы Қызылордада ашылған қазақ театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі болған.

"Бір қызығы, жаңа ұжымға жетекші болып барған Шанин Ресейде немесе Еуропа жерінде театр өнері жайлы арнаулы білім алған адам емес. Бар бітірген оқуы – Омбыдағы бір жылдық бухгалтерлер курсы ғана. Бірақ бойға біткен тума алғырлық пен зерделілік, білім мен еңбектің арқасында тұтас бір ұлттың театр өнерінің негізін қалап кеткен", – деп жазады Сайлау Байбосын.

1913 жылы Жұмат Шанин сол кездегі қазақ зиялылары бас қосқан Омбыға барады. Сол жерде жүріп театр өнерімен танысады. Өзі де Омбыдағы қазақ жастарының ойын-сауық кештеріне қатысқан. Кейін Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, ол әскердің қара жұмысына алынады. Қара жұмыстың зардабын бір кісідей тартқан Жұмат Шанин ақпан төңкерісінен кейін ғана елге оралыпты. Оның осыдан кейінгі өмірі тек мемлекеттік қызмет, сосын театр өнерімен ғана байланысты.

"Жұмат Шанин әуелде партияда болып, мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарған. Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін өскен. Кейін мемлекеттік қызметтен бас тартып, өнерге біржола бет бұрған. Атам туралы әкемнің аз-кем айтқандарынан ғана білемін. Ол жайлы үйде әңгіме қозғалмайтын. Бертінге дейін бұл біз үшін жабық тақырып болып келді. Ең арты үйде атамыздың суреті де сақталмаған. Одан қалған бір ғана жәдігер бар болатын. Ол – атамның стақан сауыты. 1958 жылы атамыздың ақталғаны туралы ресми хабар алдық. Сол күннен бастап қыр соңымыздан қалмай келе жатқан "халық жауының отбасы" деген таңбаға қош дедік. Әкем сол күні бізді ертіп, поштаға барды. Сөйтіп Алматыдағы барлық таныстарына хабарласып, Жұмат Шаниннің ақталғанын айтып, сүйінші сұрады", – дейді Жұмат Шаниннің немересі Райхан Қасымханқызы.

Оның айтуынша, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді арыстармен қатар атылған Жұмат Шанинге қандай жала жабылғаны әлі күнге жұмбақ.

"Атамызға қандай жала жабылғанын білмейміз. Қанша жыл өтсе де, НКВД құжаттары құпия күйінде қалып отыр. Десе де, өзіміздің бірнеше нұсқамыз бар. Мәселен, қазақ өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігінде сахна шымылдығы уақытынан бұрын көтеріліп қойған екен. Бұл жағдай Сталинге қастандық жасала жаздады деп тұжырым жасауға жеткілікті еді. Сол сапардан соң онкүндікке қатысқан өнерпаздардың бәріне құрмет көрсетілген. Тек, Жұмат Шанин ғана тасада қалған. Қазақ өнерінің онкүндігі 1936 жылдың мамырында өтті, әрине. Ал қуғын-сүргін бір жарым жылдан соң басталды. Екінші нұсқа – атамыздың партиялық қызметтен бас тартқандығы. Бұл әрекеті үшін де қуғынға ұшырауы әбден мүмкін. Кезінде Жұмат Шаниннің бельгиялық қымбат мылтығы болыпты. Зайсанда Ежовпен бірге жұмыс істеп жүргенде екеуі талай рет аңшылыққа бірге шыққан. Ежов атамның қымбат қаруына қызығуы мүмкін. Атам оны өлсе де бермейді. Міне, осы үшін Ежовтың атамыздан өш алуы ықтимал. Бұл – үшінші нұсқа", – дейді "Время" газетіне сұхбат берген Райхан Қасымханқызы.

Жұмат Шаниннің тағы бір немересі Жанат Шанинаның айтуынша, НКВД жендеттері Жұматтың өзін ғана емес, отбасын да қуғындаған.

"Атамыздың "халық жауы" атануы, ұйыған отбасының берекесін қашырғаны анық. Әжемізді АЛЖИР-ге апарып жапқан. Ол кейін ақталып, үйге оралды. Бірақ, әлі құрып, аурушаң болып келді. Ал отбасының қалған мүшелеріне жиналуға жиырма төрт сағат беріп, оларды Шымкентке жөнелткен. "Халық жауының" баласы болғандықтан, әкеміз де көп қиындық көрді", – дейді Жанат Қасымханқызы.

Қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет еткен Жұмат Шанин ақталып шыққан соң, оның өнері мен өмірі ұлықтала бастады. Ол туралы зерттеу жұмыстары жасалды. Шымкент қаласындағы қазақ драма театрына, өзінің туған ауылына есімі берілді. 2017 жылы Жұмат Шаниннің 125 жылдығы республика көлемінде аталып өтті.

Қазақ театр өнерінің қадасын қаққан Жұмат Шаниннің есімі қазақ өнерімен бірге жасай бермек!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу