Бизнес алым-салықты кейін төлеуге мүмкіндік алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2054

Билік пен бизнес қарым-қатынасына "кейін төлеу" тетіктері енгізіліп отыр.

Бизнес алым-салықты кейін төлеуге мүмкіндік алды

Ол бойынша бұдан былай кәсіпкерлерге кредит алып, қарызға батпай, алдымен тауарын сатып, оның алым-салығын сол табыстан төлеудің бұрын болмаған тамаша мүмкіндігі ұсынылады.

Бұл жайында үкімет мүшелері бүгін парламент қабырғасында жария етті. Мәжілістің сәрсенбіден бейсенбіге жалғасқан осы жалпы отырысында депутаттар Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін барлық бес елге ортақ әрі міндетті құжатты – "Кеден кодексі туралы шартты" ратификациялады.

"ЕАЭО кеден кодексінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға өз шығыстарын азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар тетіктер пайда болды. Атап айтқанда, олар енді кедендік баждар мен салықтар бойынша "кейiнге қалдыруға", яғни кейіндері төлеуге қол жеткізе алады. Егер декларант қандай да бір себептермен кедендік баждар бойынша бюджетпен бірден есеп айырыса алмайтын болса, онда мемлекет оған пайызын төлей отырып, "бір айға кейінге қалдыруды" пайдалану құқығын береді", – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Сонымен бірге кейбір жағдайларда үкімет экспорттаушы бизнесменге қатысты "пайыз есептегішті" іске қоспауы да мүмкін екен. Бас экономист мұндай жеңілдіктерге кімдердің ие болатынын да айта кетті. 

"Жекелеген жағдайларда пайыздарды төлемей-ақ, 6 айға дейін "кейінге қалдыру" ұсынылады. Мысалы, жеткізілім халықаралық шарттар шеңберінде жүзеге асырылған кезде, сондай-ақ елге ауыл шаруашылығы техникасын, егінге арналған материалдарды, асыл тұқымды малдарды әкелген кезде, немесе форс-мажор кезде, яғни табиғи апаттар, технологиялық апат немесе еңсерілмейтін күштің өзге де жағдайлары нәтижесінде төлеушіге залал келтірілсе, баждарды төлеуді пайызсыз, жарты жылға кейінге қалдыру ұсынылады", – деді өз баяндамасында Тимур Мұратұлы.

Кейбір қалаулылардың бизнес қоғамдастықпен байланысы тығыз, кейбірінің тіпті сенімді басқаруға тапсырған төл бизнесі де бар. Сондықтан депутаттар тарапынан осы жаңалыққа қатысты нақтылаушы сұрақтар қойылды.

"Бұл – ең маңызды нормалардың бірі. Ол өте өзекті, прогрессивті жаңалық. Оны посткеңестік кеңістікте алғашқы болып, біз енгізіп отырмыз. Әйтпесе, қазір кеден қалай жұмыс істейді: бизнесмен барлық алым-салықтарды төлемейінше, барлық талаптардың сақталғанын растамайынша, оның тауарын елге де енгізбейді, сыртқа да шығармайды. Тиісінше, тауарлар тұрып қалады. Апталап, қажет болса, айлар бойы жата береді. Ал бизнестің салық төлеу жүйесі басқаша: ол өзінің қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізеді, оның қорытындысында салығын төлейді, артынан салықшы келіп, қаншалықты дұрыс төлегенін тексереді. Бұл тетік әлдеқайда қолайлы. Біз осыны кеденге қатысты бейімдеп қолданбақпыз. Яғни, егер баж төлеуге қаржысы жоқ болса, аграршылар секілді кейбір санаттағылар – 6 айға дейін, ал басқа кез келген сыртқы экономикалық қызметке қатысушы – 1 айға дейін оны төлеуді кейінге қалдыртқыза алады", – деді ұлттық экономика министрі.

Бұл үшін сырттан тауар әкелетін бизнесмен өз аумағындағы кедендік органына "кейінге қалдыруды" сұрап, өтініш жазуы керек. Осы бір не алты ай ішінде бизнесмен ол тауарын өткізіп, табыс тауып үлгеруі ықтимал. Яғни, сол кірісінен кейін мемлекетпен есеп айырысады.

"Бұл тетік тегін болмайды: ол қайта қаржыландыру ставкасы бойынша үстеме пайызды төлеуге міндетті. Бірақ бұл бәрібір банкке жүгінгеннен арзанға түседі. Қайта қаржыландыру ставкасы қазір 10,5 пайызды құрайды. Егер оның айналымдық қаржысы болмаса, бажды төлеу үшін банктен 15-16 пайыздық мөлшерлемемен кредит алар еді. Біз сыртқы экономикалық қызметке қатысатын отандық компанияларға көмектесу үшін енді бұл жағдайда былай дейміз: "Қаражатың жоқ екен, қазір төлемей-ақ қой. Алдағы айдың 10-ынан кейін төлейсің!" дейміз. Осылайша, шынында, кейін төлеу мерзімін 50 күнге дейін соза алады. Түсіндіре кетсек, егер ол 1 қарашада тауар әкелсе, 10 желтоқсаннан кейін төлейді. Демек, 50 күнге дейін қаражаты босатылады және оған бизнесін өрістете беруіне болады", – деді Тимур Сүлейменов.

Кейін төлеу мүмкіндігінің қалай берілетіні жайында аталған кодексте біршама тәптіштей жазылған. Сондай-ақ оның "кейбір ерекшеліктерін" еуразиялық экономикалық комиссия анықтайтын болады.

"Өйткені бұл барлық бес мүше-мемлекетке қатысты норма болып табылады. Ал кейінге қалдыру туралы шешімді әр елдің кеден органы қабылдайды", – деп нақтылады министр.     

Айта кетсек, еуразиялық экономикалық одақтың "Кеден кодексі туралы шартына" Мәскеу қаласында 2017 жылғы 11 сәуірде қол қойылды. Оған сәйкес, енді бүкіл одақ көлемінде бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырылады. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, "мәселен, беларустық Брестте немесе ресейлік Владивостокта кедендік тазалаудан өткен тауар Қазақстанда қайта ресімдеуден өтпейді", оны біздің кеденшілер еш кедергісіз өткізуі керек.

Жаңа кодекс арқасында одақ көлемінде "кедендік операцияларды автоматтандыру", "кедендік әкімшілендіруді жеңілдету" секілді заманауи прогресс жүреді. Бұл – құжатқа Қазақстанның табандай отырып, енгізген баптары. Өйткені елімізде кедендік декларацияларды интернет арқылы тапсыру жолға қойылған. Бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың неғұрлым ыңғайлы алгоритмі енгізілген. Экспорт-импорт операциялары кезінде "бір терезе" тетіктерін құру жүргізілуде. Ал бұлар ЕАЭО-ның кейбір елдері, соның ішінде Ресей үшін мүлдем жаңа тәсілдер болып саналады. Ресейге өнім өткізетін бизнесмендер жақсы біледі: кеңес кезінен көп өзгермеген солтүстік көршінің бюрократиясы осы жолда кәсіпкерлерімізден көптеген құжат сұратады, әрі оның бәрін ғаламтормен жолдамай, бизнесменнің өзі апаруы керек.

Басқаша айтқанда, артқа тартқан одақтастарын қазақ елі өрге сүйреуге тырысуда.

"ЕАЭО Кеден кодексінің негізгі жаңалықтарының қатарында кедендік реттеуге қатысты мүлдем жаңа тәсілді атауға болады, ол – кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыру тәсілі. Электрондық декларациялау басымдығы енгізілуде. Бұл декларациялаудың барлық бес елде электронды түрде жүзеге асырылатынын білдіреді. Бұл ретте қандай да бір растау құжаттарын қоса сұратуға тыйым салынады. Барлық қажетті мәліметтер декларацияның өзінде көрсетіледі. Қағаз түрінде декларациялауға тек жекелеген жағдайларда, мысалы техникалық істен шығулар кезінде ғана ұлықсат етіледі", – деді Тимур Сүлейменов.

Бұдан басқа, жобада "бір терезе" тетігін пайдалану мүмкіндігі заңды түрде қамтылған. Енді кеден органдары декларанттан ақпараттық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды сұратпайтын болады.

"Осы екі жағдайды іске асыру тауарларды автоматты түрде шығаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, кеден органдарының ақпараттық жүйесі, егер ықтимал бұзушылықтар анықталмаса, декларацияны лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз-ақ шығаратын болады. Осылайша тауарларды кеден органдарының лауазымды тұлғасының қатысуынсыз шығаруға заңдық мән беріледі. Жиынтығында, көрсетілген нормалар декларациялау процесін айтарлықтай жеңілдетеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға мүмкіндік береді", – деді министр.

Экономикалық операторлар үшін арнайы жеңілдетулер кеңейтілді. Атап айтқанда осындай мәртебені берудің үш деңгейлі жүйесі және оны беру өлшемшарттарын (талаптарын) жаңғырту енгізіліп, уәкілетті экономикалық операторлар үшін, оның ішінде ЕАЭО-ның бүкіл аумағындағы кедендік бақылауға қатысты арнайы жеңілдетулер тізімдері кеңейтілді. Яғни, 1 және 3 типті уәкілетті экономикалық операторлар ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде танылатын болады және еліне қарамастан, транзит кезінде жеңілдетулерді пайдалана алады.

Осылайша, еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден кодексінің күшіне енуі сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетіп, одаққа қатысушы елдердің транзиттік және экспорттық әлеуетін барынша пайдалануға жол ашуға тиіс.

ЕАЭО-ға мүше елдер мемлекет басшыларының қатысуымен 2017 жылғы 11 қазанда, Сочи қаласында өткен жоғары еуразиялық экономикалық кеңесте президенттер бұл кодекс 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі үшін бар күштерін салуға уағдаласқан.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу