Бизнес қысым көрмейтін болады

Дана Иман Дана Иман
2382

"Атамекенде" кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заң жобасы таныстырылды.

Бизнес қысым көрмейтін болады

Заң жобасын ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бірлесіп әзірледі. Мақсат – бизнеске жасалатын қысымды азайту.

"Заң жобасы бизнестің жалпы шығындарын азайтуға, бәсекелестікке бөгет келтіретін заңнамадағы нормативтерді жоюға бағытталған. Бизнесті қайта реттеу бойынша қолданылатын тиісті іс-шаралар да қамтылған. Заң жобасында 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тұжырымдамасын іске асыру да ескерілген", – деді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар жаңашылдық еліміздің Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингіндегі позицияларын жақсартуға бағытталып отыр.

Заңнаманың негізгі қосымшалары жайында ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов жан-жақты баяндады.

Атап айтқанда, билік тексеруші органдарға реформа жүргізбек. Таңдамалық тексерістерді профилактикалық бақылауға ауыстырмақ.

"Біз сараптама жүргіздік. Тексерістердің саны азайып келеді. Соңғы 8 жылда тексерістердің саны бес есеге кеміген. 2010-2011 жылдары олардың саны шамамен 500 мыңды құраса, қазір бұл көрсеткіш 100 мыңнан артық емес. Десе де кәсіпкерлерден кейбір қысымға қатысты өтініш түсуде. Мемлекеттік бақылауға толықтай сараптама жүргізе отырып, біз қолданыстағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі негізінен заң бұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тартуға бағытталғанын түсіндік. Бірақ біз кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара әрекеттесуінің өзі профилактика әрі ескерту екенін жақсы білеміз", – деді Асланбек Жақыпов.

Ол нақты мысал ретінде Қазақстан бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректерін келтірді. Онда қанша тексеріс тіркелгендігі және қолданылған әкімшілік ықпалдар туралы мәлімет бар. Аталған көрсеткішке байланысты комитеттің тиімділігі бағаланады.

"Бақылаушы мемлекеттік орган жұмысының тиімділігі мекеме қанша заңсыздықты анықтады және қалай айыптады деген көрсеткішке қарай құрылған. Профилактикалық бақылау институты енгізілсе, заңнаманы  бұзған кәсіпкерге қатысты әкімшілік өндіріс қозғалмайды, тек ескерту жасалады", – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары.

Заң жобасын әзірлеушілер мемлекеттік органдар ұсынған ақпараттар бойынша бизнеске артылған міндеттемелерді артық жүктеме деп біледі. Бүгінде заңнама бойынша 1624 ақпараттық құрал орнатылған. Заң жобасы оларды азайтуды көздейді.

"Біз қосалқы есептілікті анықтадық. Яғни мемлекеттік мекемелер ұсынатын статистикалық есептіліктен басқа, кейбір деректерді egov.kz электронды базасы арқылы да алуға болады. 2000 жылдары комитет төрағасы бизнесті қандай да бір есептілік бойынша бұйрықпен міндеттей алатын. Бұл есеп қандай да бір мемлекеттік мекемеге келеді. Ал бұл мекеменің мамандары мұның не үшін жіберілгенін түсінбей дал болады. Бұл ретте бизнес белгілі бір көлемде шығынға ұшырайды", – деп толықтырды Асланбек Жақыпов.

Заң жобасында ақпараттық құралдардың бір ғана тізімін құру бастамасы ескерілген. Ол үкіметтің қаулысымен бекітілмек.

Бақылаушы саланы реформалау аясында рұқсат беруші жүйені жетілдіру жалғасуда. Рұқсат беретін тиісті мемлекеттік қадағалауды өрістету ұсынылуда.

Сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ерікті ұйымдарды құруды ынталандыру қарастырылуда. Қадағалаудың бұл түрі тиімділігін көрсетсе, міндеттілердің қатарына қосылмақ. Мұндай қатарға қосылған кәсіпкерлердің жауапкершілік жүгінің біраз бөлігі өзін-өзі реттейтін ерікті ұйымдарға түспек.

"Біз былтыр өзін-өзі реттеу институтының базалық қадидаттарын анықтайтын заңды әзірлеп, бекіттік. Өзін-өзі реттеуді енгізгелі жатқан салалар да бар. Бұл экологиялық аудит және бағалау қызметі. Бүгінде өзін-өзі ерікті қадағалау дамып келеді. Алайда жағдай көңіл көншітерлік емес. Себебі бизнес мұндай міндеттемелерді қабылдауда қандай да бір ынталандыру тетіктерін көрмей отыр. Сондықтан біз жаңа заң жобасы арқылы осы бағытқа басымдық бермекпіз", – деді Асланбек Жақыпов.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 3 ақпанында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы бизнесті қайта реттеудің жүйесін әзірлеуді тапсырған болатын.

Еркебұлан Қыздарбек, Дана Иман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу