Қазақстанда жер алу процесі жеңілдейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2481

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өңірлердің интерактивті карталарын жетілдіруді көздеп отыр.  

Қазақстанда жер алу процесі жеңілдейді

Астанада өткен кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ республикалық форумында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жер мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, бос жер учаскілері туралы ақпарат қолжетімді болуы керек.

"2018 жылы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жер саласында ашықтықты арттыру мақсатында Жер кодексіне өзгерістер енгізілді", – деді Тимур Құлыбаев.

Өзгерістерге сәйкес, енді әкімдіктер бос жер телімдері, жер телімін алған тұлғалар, жердің мақсатты қолдануы, телімдердің орналасқан жерлері, жалға алу мерзімдері туралы ақпаратты ашық жариялауға міндетті. Егер жер телімі берілмеген жағдайда 3 ай ішінде аукцион жүргізу мерзімі бекітілді.

"Өңірлердің интерактивті карталарын жетілдіру қажет. Электронды карталар инфрақұрылым, қолжетімді инженерлік коммуникациялар, энергиялық қуаттылық, қолданыстағы және жоспарланған құрылыстар, бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, техникалық шарттар, желілерді қосу нүктелері және басқа да мәліметтерді қамтуы керек. Осындай негізгі опциялардың (тетіктер) саны кем дегенде 11 болуы керек. Осылайша, "бір терезе" принципі арқылы қажетті ақпаратты беру, қызмет көрсету мерзімдерін оңтайландыру және қысқартуға мүмкіндік жасалады", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, мұндай карталар жер телімін сатып алу кезінде инженерлік коммуникациялардың болу-болмауы туралы ақпараттық проблеманы жойып, кәсіпкерлер техникалық шарттар туралы ақпаратқа еркін қол жеткізе алады.

"Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен интерактивті карталарға бірыңғай талаптарды әзірлеу, сондай-ақ еліміздің 17 өңірінде нақты және пайдалы карталарды құру туралы ұсыныс жасалды. Қызылорда облысындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жүргізілген пилоттық жоба аталған құралдың тиімділігін көрсетті. Техникалық шарттарға өтінім беру және алу мерзімі небары 3 күнді құрады", – деп толықтырды Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, басқарма төрағасының орынбасары ветеринария, санитариялық-эпидемилогиялық қадағалау, техникалық реттеу салаларындағы сыбайлас жемқорлық белгілерін жою мәселесіне жеке тоқталды. Оның сөзінше, бұл салаларда есеп және тексеру жүргізу, сонымен қатар өзін-өзі реттеуді енгізу бойынша нақты тәртіп жоқ.

"Сатып алуларды жүзеге асыруда жемқорлықтың алдын алу үшін "Сатып алулардың біріңғай терезесі" арнайы онлайн-платформасы енгізілмек. Платформа бірнеше мәселені бірден шешеді. Оның ішінде қаржы және құқық қорғау органдарына сатып алудағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпараттандыруды көздейді. Сатып алулар алдында тапсырыс берушілерге "бағалардың орташа дәлізі" туралы бағдар берілетін болады. Ал сенімсіз жеткізушілер сатып алуға қатысқан жағдайда, алдын-ала ескерту жасау жолға қойылады", – деді Рустам Жүрсінов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу