Қаржы министрлігі электронды қорларды біріктіргісі келеді

3513

Мемлекеттік сатып алу орталықтандырылған қызмет қағидасына ауысуы мүмкін.

Қаржы министрлігі электронды қорларды біріктіргісі келеді Фото: ortcom.kz

Қазақстанның қаржы министрлігі биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік сатып алуды орталықтандырылған қызмет қағидасына ауыстыру, сондай-ақ ұлттық компания, жер қойнауын пайдаланушылар мен монополияларды қоса алғанда барлық сатып алудың электронды қорларын біріктіру бойынша заңнамалық жоба әзірлейді. Бұл туралы 2016 жылдың қорытындысын шығаруға арналған мекеменің алқа отырысында министр Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

"Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті заң жобасын әзірлеуді жоспарлады. Жоспар бойынша, бірінші ширекте біз тұжырымдаманы үкіметте қорғауымыз керек", - деді Бақыт Сұлтанов.

Заңнамалық жаңалықтар екі аспектіні қозғайды, деп түсіндірді abctv.kz-ке қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамалар департаментінің директоры Сәбит Ахметов.

Біріншіден, орталықтандырылған қызмет қағидасы бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізу жоспарлануда. Мақсаты – мемлекеттік сатып алуды барынша орталықтандыру, сондай-ақ сатып алумен айналыспайтын мемлекеттік мекемелерді өзіне қатысты емес қызметтен босату.

"Мысалға, мектеп немесе балабақша 10 дана парта сатып алады делік. Идея мынадай – ұқсас сатып алуларды облыс немесе республика деңгейінде біріктіру. Орталықтандыру қандай деңгейде болатыны әзірге анықталған жоқ. Нәтижесінде 10 партаның орнына бірден 10 мың парта алынады. Осылайша біз бірден үш мәселені шешеміз: жеткізушіден тікелей көп көлемде өнім сатып аламыз және делдалдық құрылымнан бас тартамыз, стандарттау мәселесін шешеміз және көп тауар алудың арқасында үлкен жеңілдікке қол жеткіземіз", - деп түсіндірді Сәбит мырза.

Бизнес-қоғамдастықтың тарапынан көтерілетін тағы бір маңызды мәселе елдегі сатып алу мәліметтер қорын біріктіру болып табылады, мұны да жаңа заңнамада шешу жоспарлануда. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы  (КҰП) басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің ойынша, бүгінде бұл мәселе "жаңа бизнесті дамытуға бағытталған негізгі шара болып табылады".

"Қазір [Қазақстанда] ең азы үш сатып алу қоры бар. Бұлар: Электрондық коммерция орталығы (барлық мемлекеттік сатып алуларға жетекшілік етеді), "Самұрық-Қазына Келісімшарт" (ұлттық компанияның барлық сатып алулары) және NADLoC (жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары). Қазір атаулардың анықтамалығы біріктіріліп жатыр. Қазақстанның кәсіпкерлеріне қазір нарық сыйымдылығын түсіну қажет. Елде белгілі бір тауар түрі қаншалықты мөлшерде пайдаланылатынын анықтау маңызды. Сонда ғана бизнес қандай өндіріс құру керектігі туралы басқарушылық шешім қабылдай алады", - деп бастаманың маңыздылығын түсіндірді КҰП-тың топ-менеджері.

Сәбит мырзаның айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алу көлемі жылына 3,2 трлн теңгені құрайды. Электронды мәлімет қорын біріктіру арқылы бизнес жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асатын барлық сатып алуларды көре алады. "Бүгінде мемлекеттік сатып алу өз алаңында жүзеге асырылады. Квазимемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары өзінде. Біз бизнесмендерге ыңғайлы болу үшін бір терезе құрғымыз келеді. Ол бірыңғай мәліметтер қорына кіріп, тауар немесе қызмет қажеттілігін көре алатындай болуы керек. Іздеу ыңғайлы болуы үшін сүзгіден өткізу жүйесі болуы тиіс. Сатып алу қажеттілігін көріп, қатысуға мүмкіндігі көп болуы үшін жасалады", - деп түсіндірді қаржы министрлігінің өкілі.

Ресурс ақпараттық сипатта болады. Сатып алу ережелерінің негізгі жиынтығына ұйымдастырушылар тарапынан өзгеріс енгізу заң жобасында көзделмеген. Десе де министр айтып өткендей, сатып алу саласындағы түрлі ережелер сатып алу рәсімін өткізудің ашықтығын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді".

"Заңнамалық негіз мынадай, сатып алуларды біріктіру және бірыңғай мәліметтер қорын құру көзделеді (барлық мәліметтер қоры біріктірілген веб-ресурс). Біз қазір сайт жасап жатырмыз. Оған кім және қалай басшылық ететіні туралы мәселе әзірге шешілген жоқ. Бірақ тұжырымдама мынадай, жеке веб-ресурс болады, ол арқылы кәсіпкер нарықтың сыйымдылығын көріп, одан кейін өз алаңы бойынша жылжи алады", - деді Сәбит Ахметов.

Рустам Жүрсінов жаңа ресурсты сыбайлас жемқорлықпен күресуде тиімді құрал ретінде пайдалануға болатынына сенімді.

"КҰП электрондық сауда орталығында business intelligence (BI) жүйесі жасалған, онда мемлекет бойынша жүзеге асырылатын сатып алулар бойынша бағаларды көруге болады. Сонда біз бағаның ауытқушылығын көрдік. Мысалға, дизельдік отын түрлі облыстарда әртүрлі бағамен сатып алынады. Бағаны көтеру кейде 60-70%-ға жетеді. Міне, осы кезде жемқорлық қай жерде бар екені бірден көрінеді. Егер осы баға шамасын жариялайтын болсақ, адамдар бірден қатерді көре алады", - деп қосты КҰП басқармасы төрағасының орынбасары.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алудың 100% электронды түрге ауыстырылды, сондай-ақ камералық бақылау енгізілгенін атап өтті ҚР қаржы министрі.

 "Бүгінде 39 мың сатып алу тиісті ретке келтірілді. 10 мыңнан астам лауазымды тұлға өздігімен бұзушылықты жойғандықтан әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Бұл камералық бақылаудың тікелей нәтижесі. Бұл саладағы заң бұзушылық саны азайып келеді. 2016 жылы камералық бақылау 200 мыңнан астам байқауды қамтыды. Егер өткен жылдың басында әрбір 3 сатып алудан құққы бұзушылық анықталса, сол жылдың соңында бұл көрсеткіш әрбір 5 байқауға тән болды", - деп қорытты сөзін Бақыт Сұлтанов.

Арман Жақып

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу