Бизнесті дамыту үшін Үкімет салықтан бас тартпақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
11168

Әзірге облыс басшылықтары да білмейді, бірақ Үкімет өңірлерді Ұлттық қордан алынатын трансферт қаржыдан қаққалы отыр.

Бизнесті дамыту үшін Үкімет салықтан бас тартпақ

Оның орнына аймақтарға кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік салық берілмек.

Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы облыстардың басым көпшілігінің өз тапқаны өзіне жетпейді, олардың барлығы республикалық бюджетке күні қараған дотациялық аумақтар болып отыр. Тиісінше, оларды дамытуға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 2,7 триллион теңге трансферттер аударылады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекетіміздегі 17 өңірдің небәрі төртеуі бюджетті толтыратын донор саналады. Оның өзінде бұл сан шартты ғана. Мәселен, елорда биыл бюджетке 30 млрд 39 млн теңгедей қаражат құймақ. Яғни, донор. Сонымен бірге, әртүрлі бағдарламалар бойынша астананың дамуына бюджеттен бұдан әлдеқайда көп қаражат беріледі.

Донорлардың қалған "үштігінің" көшбасшысы Алматы қаласы болып есептеледі және одан бюджетке биыл 115 млрд 389,7 млн теңге алып қойылады. Екінші орында тұрған Атырау облысы өз табысының 105 млрд 177,3 млн теңгесін, ал "үштікті" тұйықтайтын Маңғыстау облысы – 35 млрд 365,4 млн теңгесін республикалық бюджетке беретін болып бекітілді.    

2019 жылы төрт донордан түсетін 285 млрд 972 млн теңге қаражат өзге өңірлер мен салалар арасында бөліске салынады.

Енді Үкімет салық саясатына өзгеріс енгізбек. Себебі, қолданыстағы тәжірибе өңірлердің масылдығын күшейтпесе, кемітпеді. Қазақстанның тәуелсіз дамығанына отыз жылға жуықтап қалды, бірақ донор өңірлер саны өсетін түр байқатпайды. Шенеуніктер тілімен айтқанда, "аз қамтылған", "табысы аз", "осал топқа жататын" өңірлер болса, республикалық бюджет, донорлар табысы және "мұнай қоры" есебінен ары қарай сайрандауын жалғастыруда.

Бұған дейін өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін күшейту, тек өзін ғана емес, елді де асырай алатын өңірлер санын арттыру үшін бірқатар шара қабылданып, көптеген салық түрлері әкімдердің құзырына берілді.

Өңірлердің дамуына жауапты ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, жер салығы, көлік құралы салығы, төлемақылар, алымдар, тіркеу алымдары, лицензиялық алым, мемлекеттік баждан түсетін барлық салық түсімдері жергілікті бюджеттерге құйылады.

Бұл салықтардың түсімдерінің сомасы тұрақты сипатқа ие және сыртқы, жаһандық нарықтағы факторлардың әсерінен тәуелсіз болып табылады. Сонымен бірге нақты бір аумаққа бекітілген салық базасынан өндірілетіндіктен, жиналу деңгейі де жоғары.

Алайда бұл түсімдер "жергілікті атқарушы органдарды өңірді экономикалық дамытуға ынталандырмайтыны", яғни ауыл-аймақтағы шенеуніктерді масылдықтан арылтпайтыны анықталып отыр.

Дегенмен Үкімет ірі салық төлеушілерден, басқаша айтқанда алып зауыт-кәсіпорындардан, мұнай, металлургия және басқа да кен орындарынан түсетін салықты жергілікті бюджетке беруден бас тартты. Сарапшылардың байламынша, бұл бір жағынан, республикалық орталық қазынаның бос қалуына соқтыруы мүмкін. Екінші жағынан алып қарасақ, әсіресе, мұнайлы өңірлердің сепаратизміне әкелуі ғажап емес. Ал Қазақстан унитарлы, жері біртұтас мемлекет, сәйкесінше, оның бір өңірлері өзгелерінің дамуын сүйемелдейді.

Өз кезегінде, ұлттық экономика министрлігі бұл бас тартуды "ірі салық төлеушілерден алынатын корпоративтік табыс салығының (КТС) әлемдегі құбылмалылық әсеріне берілгіштігімен" түсіндіреді.

Мәселен, жаһандық нарықта металл бағасы құлдыраса, облыстың бюджетінің бүйірі күрт ортайып қалуы ықтимал. Сөйтсе, өңірлік бюджет бұрын жоспарлап қойған ғаламат жоба-жоспарларын орындай алмай, көптен дәме еткен жергілікті тұрғындар наразылығын тудыруы кәдік.

"Осыған байланысты, жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін КТС-ті беру туралы шешім қабылданды. Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстанның резиденттері мен бейрезиденттері – заңды тұлғалары КТС төлеушілер болып табылады. Бұл ретте олардың салық салынатын кірісінен, төлем көзінен салық салынатын кірісінен және заңды тұлғаның таза кірісінен КТС жиналатын болады", – деп түсіндіреді ұлттық экономика министрлігі.

Ведомствоның тұжырымдауынша, шағын және орта кәсіпкерлік төлейтін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджеттерге беру әкімдіктерді өз өңірлерінде бизнесті дамытуға және экономикалық белсенділікті өрістетуге деген қызығушылығын күрт арттырады.

Өйткені бұдан былай қай облыста, республикалық маңызы бар қалада шағын және орта кәсіпкерлік гүлденсе, соның бюджеттік түсімі ұлғайып, ол салтанатта, ауқатта өмір сүреді.

Үкімет осы қадам арқылы "жергілікті бюджеттердің республикалық бюджеттен тәуелділігін төмендетуді" де жоспарлап отыр. Яғни, орталыққа күні қараған дотациялық өңірлер саны азаюға тиіс.

ШОБ аударатын КТС-ті өзіне алу нәтижесінде жергілікті бюджеттердің кірісі алдын ала есептеулер бойынша шамамен 328,8 миллиард теңгеге ұлғаяды. Тиісінше, республикалық бюджет осында миллиардтардан қағылады. Оның орнын қалай толтырмақ?

"Республикалық бюджетке орта және шағын бизнестен түсетін КТС түсімдерінің азаюы жергілікті бюджеттерге бөлінетін трансферттерді қысқарту арқылы реттелетін болады", – делінген ұлттық экономика министрлігі әзірлеген тұжырымдамада.

Қазақстан осы арқылы Испанияның жергілікті муниципальдық бюджетті қалыптастыру тәжірибесін көшіргелі отыр. Испанияда біздің ШОБ төлейтін КТС-ке ұқсас, "экономикалық қызмет салығы" деген бар және ол жергілікті бюджетке түседі. Бізден айырмашылығы сол, шағын және орта бизнес мұнайы жоқ Испания экономикасының негізін құрайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу