Бөкей ордасы: киіктердің жеке "мемлекеті" пайда болады

6156

Адамдардан "өш алуға" көшкен жануар резервацияға қамалады. 

Бөкей ордасы: киіктердің жеке "мемлекеті" пайда болады

Ел Үкімет биылғы көктемде ақбөкендердің жаппай санағын өткізуі керек болатын. Алайда коронавируспен күрес аясында карантин енгізіліп, қозғалысқа шектеу қойылуы бұл ірі науқанға кедергі болды. Енді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі барлық киікті алдағы күзде жаппай санап шықпақ.

Жалпыреспубликалық санақ ұшақтан жүргізіледі. 

Мамыр айында ұлан-байтақ даланың еркесі саналатын осы киелі жануар жаппай төлдеді. "Құралайдың салқыны" да шамамен 20 мамырда басталып, таяуда аяқталды. Осы уақыт бойы инспекторлар киіктердің төлдеу және көшіп-қону орындарын күшейтілген режимде күзетті. Күш құрылымдарымен бірге экология министрлігі "Киік" атты кең ауқымды жедел шара ұйымдастырып, браконьерлердің жолын кесуге тырысты. 

Ведомство дерегінше, 2019 жылы елде 335 мың киік жортып жүргені анықталған. Биыл саны әлдеқайда көп. Мұны егіншілерден келіп түсіп жатқан шағымдар растайды. Олар "500 мыңға жетті" дейді.

"Ақмола облысының Егіндікөл ауданының шаруа қожалықтарына киік қырғидай тиюде. Он күндей болды, азапқа түстік. Жабайы ақбөкендер егісімізді таптап кетіп жатыр. Топ-топ болып әрлі-берлі өріп жүр. Облыс әкіміне, барлық жауапты инстанцияға арыз жазудамыз, ешқайсысы әрекет етер емес. Амалсыздан далада ұйықтап, егінімізді күндіз-түні күзетуге мәжбүрміз. Атуға да болмайды. Аспанға гүрсілдеткеннен көп қорықпайды. Астықты сақтау міндет. Нан – ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіміздің ұстыны. Құзырлы құрылымдардан дереу шара қабылдауды сұраймыз", – дейді ақмолалық ауыл кәсіпкер Наталья Бусс.

Бұл мәліметті өзге өңірлердегі аграршылар да растады. Жылдар бойы браконьерлер "Ұлы дала антилопаларын" аяусыз қырып, әбден зәрезап етті. Енді пандемия кезінде адамдар қозғалысы шектелуі арқасында бұл жануарлар ғасырлар бойғы аңсаған азаттық пен еркіндікке қол жеткізді.

Осы жағдай киік мекендейтін барлық өңірде қалыптасуда. Мәселен, олар Батыс Қазақстанда шабындықтарға баса-көктеп кіріп, мал үшін егілген жемазық дақылдарын отап жатқанын іnbusiness.kz. жазды.

Агроөнеркәсіптік кешен кәсіпкерлері Үкіметтен киіктерді басқа жаққа айдатуды не қамап тастауды сұрап жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осы түз жануарларын Батыс Қазақстаннан басқа облыстарға қоныс аударта алмаймыз дейді.

"БҚО аумағында киіктердің Жайық популяциясы мекендейді. Олар Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкейорда, Тасқала және Ақжайық аудандарының аумақтарын жайлайды, өзендер мен көлдердің табиғи суаттарына жақын жүреді. 2019 жылы есепке алу қорытындысында БҚО аумағындағы киіктер саны 217 мыңнан асатыны анықталды. Бұл ретте киік санының көбеюімен бірге олардың мекендеу аймағы да кеңеюде. Жайық таралымының киіктерін ғасырлар бойы бейімделген жерұйығынан басқа облыстарға жасанды түрде қоныс аударту оларды күйзеліске түсіріп, өлім-жітімге ұшыратуы ықтимал. Сондықтан бұл ғылыми және техникалық тұрғыдан мүмкін емес нәрсе", – дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр түз тағысын күштеп көшіру тарихта болмаған шара екеніне назар аудартады, оны жүзеге асырмақ түгіл, тіпті көзге елестету қиын: мысалы, "тірідей аулау кезінде киік мертігуі немесе өліп кетуі мүмкін". Өйткені "тірідей аулау қоршауға алу жолымен жүзеге асырылады".

Қазақстандықтардың бір бөлігі киік атуды қайта заңдастыруды ұсынады.

"Қазақстанда киіктерді аулауға ұзақ уақыт бойы, 1999 жылдан 2020 жылға дейін тыйым салынды. Бұл оның санын қалпына келтіруге игі ықпал етті. Тыйым мерзімі биыл аяқталатын. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты биологиялық негіздеме дайындап, киіктерді атуға тыйым мерзімін 2023 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Біздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті биылғы 3 ақпандағы 27-5-6/16 бұйрығымен Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді аулауға, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым енгізді", – деді экология министрі.

Ол қорғау шаралары алда тек күшейтілетінін жеткізді. Мысалы, киік үшін "Бөкейорда" деген атпен жеке резервация ашылмақ.

"Қазіргі уақытта Жайық таралымының киіктерін сақтау мақсатында жалпы ауданы 343 мың 40,1 гектар болатын "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі пысықталуда. Ол БҚО-ның Қазталов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңақала аудандарының аумақтарын қамтиды. Сондай-ақ резерваттың жалпы ауданы 124 мың 381 гектар болатын төл күзет аймағы болады", – деді М.Мырзағалиев.

Ел Үкіметінің киік қорғауға қатысты жаңа қадамдары мұнымен шектелмейді. БҚО Жәнібек және Қазталов аудандарының аумағында жалпы ауданы 314 мың 504,1 гектарға құлаш ұратын республикалық маңызы бар "Ащыөзек" мемлекеттік табиғи қаумалын құру жобасы әзір.

Бүгінде "Бөкейорда" мемлекеттік резерваты мен "Ащыөзек" мемлекеттік қаумалының жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалды. Енді осы жобаларды қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Қаумал мен резерваттың керектігін табиғат қорғау мамандары бұрыннан айтып келеді. Мұны фермерлер де қолай көреді. Себебі, "қызылкітаптық" жануардың саны барған сайын артуда. Ақбөкендердің жүздеген табыны ауа жайылып, ауыл шаруашылығы саласына нұқсан келтіреді. Аграршылар болса, алған кредитін өтеуі, салық төлеуі керек. Олар өз шағымын айтып, депутаттармен, Президент көмекшісімен кездесіпті. Нәтижесінде, киіктерді бір аумаққа жинастыру көзделіп отыр.

Мәселені "Бөкейордасын" құру шешеді деген сенім бар. Бұл біріншіден, ақбөкендерді қорғау және санын өсіру ісін жақсартады. Екіншіден, олардың ауыл шаруашылығы жерлерінде жайылуына жол бермейді. Киіктер "мемлекетінің" өз инспекторлары, мықты күзеті, заңды бекітілген аумағы және қорғалатын шекарасы болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу