Бұл күні қазақ картасында Нұр-Сұлтан атты қала пайда болған

2090

Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтатқанына 1 жыл болды.

Бұл күні қазақ картасында Нұр-Сұлтан атты қала пайда болған

2019 жылдың 19 наурызында Елбасы өзінің Президенттік өкілеттігі тоқтайтынын айтып, халыққа Үндеу жолдаған болатын. Ел тарихындағы елеулі күнді Inbusines.kz ой елегінен өткізіп көрді.

"Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады", - деген болатын ол сол Үндеуде.  

Бұл жаңалық Қазақстан халқы үшін де, әлемдік қауымдастық үшін де күтпеген жайт болды. Тіпті Еуроодақ аталмыш оқиғаға байланысты өз ұстанымын жария етті. Еуропалық одақ сыртқы саясат қызметінің ресми өкілі Майя Косьянчич Қазақстан Еуропалық одақ үшін маңызды өңір болып қала беретіндігін айтты.

"Еуропалық одақ үшін  өңірдегі маңызды серіктес болып қала беретін Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде ЕО-мен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге ең бірінші қол қойған еді. Еуропалық одақ Қазақстанның ең бірінші сауда серіктесі әрі инвесторы болып саналады", – деді ол.

Аяқ астынан биліктің ауысуы ел арасында қобалжу туғызбас үшін Үкімет пен Ұлттық банк мәлімдеме жасауды жөн деп тапқан еді.  "Үкімет пен Ұлттық банк халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық өсімді ұлғайту, инфляциялық үрдістерді төмендету және қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп отырған саясат сақталатыны туралы мәлімдейді. Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бұрын берген тапсырмалары мен жариялаған бастамаларын орындайтын болады", – делінген мәлімдемеде.

20 наурыз күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының президенті Өкілеттігін алған Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ант қабылдады. Ал президент сайлауы 2020 жылы өтеді деп күтілуде. Ант беру рәсіміне Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері және Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

Мәслихат депутаттары Астана қаласын Нұрсұлтан қаласы деп атауды бірауыздан қолдады және қала атауын "Nur-Sultan" деп таңбалауды ұсынды. Осыдан соң  ұсыныстарын үкімет пен республикалық комиссияға жолдады.

Шетел баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетуі туралы жарыса жазған болатын.

"Қазақстан президенті аймақты таңырқатып биліктен кетті". Әйгілі "Нью-Йорк Таймс" газетінде наурыздың 19-да жарық көрген мақаланың тақырыбы осындай еді. Басылым тілшісінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың отставка жариялауын қазақтар потенциалдық жаңа дәуірдің бастамасы деп қабылдаса, сарапшылар бұл саяси жаңалықты Ресейді 20 жылға жуық басқарған Владимир Путин билігіне жағымсыз әсер етуі мүмкін оқиға ретінде бағалаған.

Сейсенбінің кешінде Елбасы жасаған мәлімдеме "Блумбергтің" де назарынан тыс қалған жоқ. Америкалық агенттік Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың саясатын әрі қарай жалғастыруға ниетті екенін баяндай отырып, жаңа президенттің алдында Орталық Азияның ең үлкен экономикасын қайта жандандыру міндеті де тұрғанын атап өткен. "Назарбаев өткен айда үкіметті ауыстырып, халықтың тұрмысын көтеруге қосымша триллиондаған теңге талап етті. Ал, 2009 жылдан бері Қазақстан банк жүйесін сақтау үшін 18 миллиард доллар жұмсады. Бірақ, бұл ақша нақты секторды жеткілікті деңгейде несиелендіре алмады. Сонымен қатар, жақында Назарбаев қазақ отбасылары үшін өмірдің қымбаттап, табыстың төмендеп бара жатқанын ескертті", - деп жазады "Блумберг" тілшісі

Қазірдің өзінде 1991 жылдан 2019 жылдың наурызына дейінгі кезең ел  тарихында "Назарбаев кезеңі" деп таңбалана бастады. Оның нақты қаншалықты жемісті және жеңісті болғанын болашақ буын бағалап, өз үкімін айтары анық. Осы ретте әлем саясатындағы танымал тұлғалардың Елбасының еңбегіне берген бағасы еске түседі.

11 жыл Ұлыбритания премьер-министрі болған Маргарет Тэтчер: "Президент Назарбаев әлемдік саясаттағы бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс" десе, Түркия Республикасының экс-президенті Абдолла Гүл: "Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі саяси ойыншылар бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев", - деп лебіз білдіріпті.  Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу арқылы әлем бойынша ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялауға ықпал етті.  

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу