Біріккен Ұлттар Ұйымына қарар қабылдатқан қазақ

2120

Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу арқылы әлем бойынша ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялауға ықпал етті.  

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарар қабылдатқан қазақ

Осыдан 29 жыл бұрын ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған алмағайып заманда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдап, "Семей полигонын жабу туралы" жарлыққа қол қойды. Жаһан жұрты сонда ғана атомды жаппай қырып-жоюға емес, бейбіт мақсатқа қолдануға болатынын түсінді.

Біреу білер, біреу білмес, дәл сол кезде Елбасы жардың шетінде, желдің өтінде тұрды. Себебі Нұрсұлтан Назарбаевтың шешіміне Мәскеу қырын қарады. Алайда халқының бағына біткен асыл азамат алған бетінен таймады. Ол топырағын тозудан, ұрпағын азудан аман алып қалу үшін басын бәйгеге тікті.

Президент Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалар дүниеге келген жердің халқын зар жылатып қоя алмады. Ол жарылыстан 40 жыл көз ашпаған халықты қынадай қырылудан сақтап қалуға тырысты.

Семей жерінде радиациялық сәулелердің кесірінен гендік мутацияға ұшыраған сәбилердің шырқыраған дауысы аналардың жанын жегідей жеп жатты. Қарапайым халықтың өлім-жітімі көбейді. Осының бәрі Елбасының санасына салмақ салды. Ол туған халқын ажалдың аранынан арашалап қалу үшін жанұшырды.  

Айта кетейік, дәл осы уақытта АҚШ-тың Невада штатында да ядролық сынақтар үздіксіз жүргізіліп жатты. Алайда штат губернаторы Невада полигонын жабу туралы бастама көтерген жоқ. Ал Елбасы нартәуекелге барды. Ол 1989 жылдың 28 ақпанында пайда болған "Невада-Семей" қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовқа жан-жақты қолдау көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаевқа арқа сүйеген ақын Олжас Сүлейменов Қазақстан халқының атынан сөйлеген сөзінде ащы шындықты жеріне жеткізіп айтты. Осының ізінше "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының наразылық акциялары ұйымдастырылды. Өткен шақты еске алған Олжас Сүлейменов: "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысы 1989 жылы сәуір айында Әділет министрлігінде Қазақстандағы ең алғашқы үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелді. Нұрсұлтан Назарбаев қозғалысқа басынан бастап қолдау көрсетті, осы үшін біз оған алғыс айтамыз. Елбасы сөйлеген сөздерінде бірнеше мәрте: "Мен Кеңес одағының әскери-өнеркәсіптік кешені мен басшылықтың қысымына қарамастан, Қазақстан халқының арқасында ядролық полигонды жаптым" деп кесімді пікір білдірді", – деді.

Семей сынақ алаңындағы ядролық жарылыстардың үні өшті, алайда іс мұнымен тынған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Ресей, Франция елдерінің басшыларымен келіссөз жүргізіп, 1995 жылы ядролық қаруды Қазақстан аумағынан біржола аластатты. Ал ядролық державалар Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы күш көрсетпеу жауапкершілігін мойындарына алып, экономикалық қысым жасамауға уәде берді. Осылайша Елбасы Қазақстанды адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде тарихқа енгізді.

Әлем елдері қарусыздана бастады
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай қырып-жою қаруынан біржола бас тарту туралы шешімі әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Оның дүниежүзіндегі төртінші ядролық ірі арсеналдан, мықты әскери-өнеркәсіптік кешеннен ерікті түрде құтылуын әлем халқы бейбіт өмір сүруге жасалған маңызды қадам деп қабылдады. Ядролық, бактериологиялық, химиялық сынақтарды болдырмауға бел буған елдер бейбітшілікке қарай бет бұрды. Нәтижесінде  Ресейде "Жаңа жер", Америкада "Невада", Францияда "Морурора", Қытайда "Лобнор" сынды сынақ алаңдары жабылды.

Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі болды. Бұл ретте Қазақстан халқы ғана емес, барша адамзат баласы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар. Себебі Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жер бетінде бірінші рет ядролық қарудан біржола, өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде қазақ елі күллі дүниежүзіне үлгі болып отыр.

1991 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен ТМД-ның құрылуына ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ядролық қару-жарақтарға ортақ бақылау жасау тетіктерінің пайда болуына мұрындық болған Алма­ты декларациясына қол қойылды. Осы декларациямен бірге ядролық қарусыз ел атануға ұмтылған тәуелсіз мемлекеттерге құрметпен қарау жөнінде мәлімдеме жасалды.

Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау тура­лы келісімшартқа қосылуға дайын екенін мәлімдеуі болды. Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысын­да жасады. Мәлімдеме ая­сында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды. Көп ұзамай Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады. Осылай тәуелсіз қазақ елі өзінің әрбір әрекетімен, әрбір қадамымен кең-байтақ қазақ елінің бейбіт мақсатын әлемге әйгілеп, барлық көршілерімен және алыстағы стратегиялық әріптестерімен тату қарым-қатынас құрды.  

Қазақстан Республикасы мен оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев ядролық қарусыз әлем құру жо­лында тұрақты саясат ұстанып отыр. Елбасының бүкіл әлем елдері ядролық сынақтарға тыйым салудың жалпыға ортақ келісімін қабылдауы үшін жасап жатқан қажырлы еңбегі де айрықша маңызды. Бұл үшін бірқатар мем­лекеттер келісімді ратифика­циялауы, қалған елдер оған қол қоюлары қажет. Сонда жойқын жарылыс қуаты бар материалдарды әскери мақсатқа  пайдалануға тыйым салатын келісімшарт пайда болады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы бекітті
Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ға Семей ядролық полигоны жабылған тарихи күнді, яғни 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама 2009 жылы бірден бекітілді. Содан бері бұл дата халықаралық қауымдастықты қарусыздануға үндейтін күн ретінде аталып жүр. Дәл осы күні әлем елдері жыл сайын ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет Қазақстан екенін естеріне түсіреді және Нұрсұлтан Назарбаев әлемді үнемі бейбітшілікке үндейтініне сүйсінеді. БҰҰ мінберінен қару­сыздануға қатысты арнайы қарар қа­былдату Нұрсұлтан Назарбаевтай сұңғыла саясаткердің ғана қолынан келеді. Әйтпесе осыған дейін басқалар қайда қалды?! Айта кетейік, бірде-бір жаһандық ядролық саммит Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен емес. Себебі ха­лы­қаралық қауымдастық қазақ басшысынан батыл байлам, тың бастама күтеді. 

Айтпақшы Семейге БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның арнайы сапармен келуінде де тарихи-саяси мән бар. 2010 жылы бас хатшы Семей ядролық полигоны аумағында болғанда: "Мен өзімнің Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында Семейде бейбітшіліктің лебі есіп тұр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналдырды", – деді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жауып, тәуелсіз Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің көшбасшысы атандыруы және жаһан жұртының санасына бейбітшіліктің ұрығын себуі адамзат баласы мойындап отырған ұлы ерлік. Мұндай ерлік бір ғасырда бір-ақ рет жасалады және оны кемеңгер тұлға ғана жүзеге асырады.    

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу