БҰҰ Қазақстан көшбасшысының байламын қолдайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1505

Нұрсұлтан Назарбаев АЭФ-тің пленарлық отырысына қатысты.

БҰҰ Қазақстан көшбасшысының байламын қолдайды

АЭФ мінберінен жаһан жұртшылығына қайырылған елбасы елді елең еткізген халықаралық бастамаларын жариялады.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінің жетістіктерін тек экономикалық өсіммен, атап айтқанда, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуімен бағалауды тоқтатуды ұсынды. Қазақстан көшбасшысының байламынша, жаһандық осы бағалау әдістемесін қайта қарайтын кез жетті.

Ол өз сөзінде әлемге жаңа экономикалық үлгіге кезең-кезеңмен көшуге тура келетінін білдірді. Бұл ретте ЖІӨ-ге құрылған "ескі" экономикалық есептемелер де өзгергені жөн.   

"Бүгінде халықаралық күн тәртібіне елдердің байлығы мен азаматтардың әл-ауқатын өлшеу көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемелерін түзу туралы мәселені шығаруымыз қажет. Біздің барлығымыз жиі қолданатын ЖІӨ индикаторы айтарлықтай олқылықтардың тұтас бір тобынан тұрады. ЖІӨ экономикалық қызметтің ұзақ мерзімді сипатын көрсете алмайды. Ол табиғи ресурстардың түгесілуі секілді қоршаған ортаға келтірілген шығынды ескермейді. Бұған қоса, ол қандай да бір елдегі өмір сапасынан көрініс бермейді. Жан басына шаққандағы ЖІӨ – азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсетпейді, халықтың табысы бойынша ара-жігінің ашылуын ескермейді! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Ол дәстүрлі ЖІӨ көрсеткіші елдегі экономикалық өркендеу туралы жалған әсер қалдыратынын айтты.  

"Сондықтан "жасыл" ЖІӨ базасында және "Адами даму индексі", Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үздік өмір индексі секілді рейтингтер негізінде әлемдік қоғамдастық ЖІӨ-ні есептеудің жаңартылған әдістемесін қабылдай алады. Ол елдің теңгерімді дамуындағы қажеттіліктерді сайма-сай, дәлме-дәл көрсетуге тиіс! – деді елбасы.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ әлемде ресми мойындалған халықаралық криптовалютаны жасауды ұсынды. Әйтпесе, қазіргі бар биткойн секілді криптовалюталар түрлерін "көлеңкелі" экономика субъектілері ғана пайдаланатыны, оларға Қытай және басқа да бірқатар елдерде тыйым салынғаны мәлім.

Бір қызығы, Қазақстан көшбасшысының ЖІӨ-ге құрылған бағалауға қатысты байламын БҰҰ қолдайды.

Біріккен Ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, "Адами даму индексі" (Human Development Index, HDI) жаһандық рейтингін түзеді.

Жаһандық ұйымның түсіндіруінше, "адами даму концепциясы" экономикалық өсімді қоғамдық өркендеудің басты мақсаты ретінде жариялайтын, адамды тек экономикалық дамудың қозғаушы күші ретінде ғана қарастыратын, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштеріне негізделетін экономикалық дамудың "классикалық теорияларын" алмастырады.

Бұл индекс "әлеуметтік әділеттілік, орнықтылық және адам құқықтарын құрметтеуді" де басты қағидаттар қатарына жатқызады. Тек экономикалық дамуға ғана емес, осы жолдағы күресте де мейлінше мол жетістікке жеткен тәуелсіз мемлекеттер озық саналады.

БҰҰ Даму бағдарламасының әлемдегі 190 тәуелсіз мемлекетті осылайша, бағалайтын Адами даму рейтингі бойынша Қазақстан бүгінде "адамдық даму индексі жоғары деңгейдегі елдер" қатарына кіреді.

Үнді философы, эколог, әлемдік жетекші ғылыми және техникалық журналдарда 500-ден астам мақаласы басылған қайраткер Вандана Шиваның да ойы елбасының айтқанымен үндес. Шива ханымның айтуынша, қазір экономикалық өсіммен елігіп кеткен әлем өмірдің құндылықтарын ұмыта бастады.

"Қазір экономикалық өсім – прогрестің өлшемі болып табылады. Нәтижесінде, ЖІӨ жаһандағы ең беделді цифрға айналды және біздің заманымыздағы үстемдік етуші ұғым болып табылады. Алайда ЖІӨ-нің өсуі артында кедейшіліктің де өсуі көрінбей қалады. Экономикалық өсімді бағалау концепциясы ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін ұсынылды. Осылайша, елдер өздерінің ресурстарын мобилизациялай алатын. Бірақ ЖІӨ концепциясы қолдан жасалған, жалған жайтқа құрылған, ол бойынша "егер мемлекет қанша өндірсе және сонша тұтынса, демек, ол ел өспейді және ештеңе де өндірмейді". Соның кесірінен табиғатты ақшаға, ал туған жерді шикізатқа айналдыру ынталандырыла бастады", – дейді Вандана Шива.     

Ол осы байламды қуаттайтын бір мысал келтірді: жайқала өсіп тұрған орман саясында адамдар да, жануарлар да жан тынықтыруы мүмкін. Бірақ ол экономикалық өсім көрсеткіштерін құлпыртуға тікелей ықпал етпейді. Ал егер осы орманды тегіс шауып, сатып жіберсе, ЖІӨ, әсіресе, саланың жалпы өнімі еселеп өседі.

Табиғатта үйлесімді орналасқан және баршаны кәусарымен қанықтырушы өзен-көлдер ЖІӨ-ге ықпал етпейді. Ал егер оның жағасында зауыт орнатып, суды тек өндірістік мақсатқа пайдалана бастаса, экономика өседі. Бірақ елбасы айтқандай, экологияға келген шығынды ЖІӨ қарастырмайды.    

Үнді қайраткері В.Шива бір мысал келтірді: қара түсті газдалған сусын шығаратын әлемдік алпауыт компания Үндістанның Керала штатындағы Плачимада деревнясы жанындағы өзен жағасында зауытын салып, суды қарқынды түрде шығындай бастайды. Өзеннің суалғаны сонша, штаттағы әйелдерге су іздеп, он шақырымға дейін алысқа қатынауға тура келген. Алайда Майиламма есімді жергілікті әйел бұған қарсы шығып, әлгі жаһандық компанияға талап қояды. Үнді әйелдерінің қозғалысы ақыры экологияға үлкен зардап әкелген кәсіпорынның көшуіне ықпал етіпті.

АЭФ пленарлық отырысында сөз сөйлеген Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов та Қазақстан президентінің бастамасын ресейлік ғалымдар ілгерілететінін мәлімдеді:

"Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің баяндамаңызда бір өте маңызды ұсыныс айтылды, бұл идеяңыз бағытында қазір тек қазақстандық қана емес, біздің және халықаралық сарапшылар мен ғалымдар жұмыс жасайды. Расында, мемлекеттің экономикалық табысы әділетті бағалануы керек. Біз де сіздің айтқаныңызға толық келісеміз және қолдаймыз! Әлем жалғыз ЖІӨ-мен өлшеуді қоюы керек. Ресей тарапы Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге бұл мәселемен айналысатын болады" – деп уәде етті РФ басшылығының өкілі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу