БЖЗҚ 10 млрд теңге қарызды сот арқылы өндіріп алады

Аскар Муминов Аскар Муминов
11756

Қордың өзін тарату мүмкін екендігіне қатысты мәселе қор мамандарын толғандырып қойған тәрізді.  

БЖЗҚ 10 млрд теңге қарызды сот арқылы өндіріп алады

БЖЗҚ өкілдері жыл қорытындысын жасап, қордың проблемалық эмитенттердің активтерімен қалай жұмыс істейтін ойы бар екенін айтты.

БЖЗҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева 2017 жылдың 1 желтоқсанында зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы жылдың басынан бастап 980 млрд теңгеге артып 7,67 трлн теңге болғанын, сондай-ақ жыл басынан бері жалпы өсу шамамен 15%-ды құрағанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш- 2016 жылдың осындай кезеңіндегі зейнетақы активтерінің 14% болған деңгейінен жоғары.

БЖЗҚ басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, активтер зейнетақы жарналары көлемінің артуы есебінен өскен. Яғни қорға осы жылдың 11 айында 678, 6 млрд теңге жарна түскен. Ал 2016 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында түскен жарна 624,7 млрд теңге болған.

2017 жылдың 1 желтоқсанында жыл басынан бері салымшылардың шотына бөлінген таза инвестициялық табыс 495,5 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдың он бір айындағы көрсеткіштен 2,3%-ға артық. БЖЗҚ өкілдерінің айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтары мен 30 қарашасы аралығындағы зейнетақы активтерінің табысы инфляцияның 6,3% деңгейінде 7,15%-ды құраған.

Тап қазіргі уақытта қор жұмысының жеке бағыты проблемалық эмитенттерден қарызды қайтарып алуға негізделіп отыр.

БЖЗҚ 2017 жылдың басында зейнетақы активтерін мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларымен біріктіру рәсімінен туындаған 21 проблемалық эмитентпен жұмыс жүргізген. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов бұл компаниялардың құнды қағаздардың номиналдық құнына қатысты қарызы 40,5 млрд теңге болғанын айтты.  

Ол қор алдында өтелген берешектің жалпы сомасы 2,72 млрд теңгені құрағанын айтты. Сонымен қатар бұл соманың 2014 жылдан бастап 2016 жыл аралығында 1,47 млрд теңгесі, 2017 жылы 1,25 млрд теңгесі өтелген.

2017 жылдың 1 желтоқсанында 21 проблемалық эмитенттің номиналдық құн бойынша жалпы берешегі 44,86 млрд теңге болды.

Мәулен Өтеғұлов БЖЗҚ-ның барлық борышкерінен қарызды сот арқылы қайтарып алуға талап арыз жазғанын айтты. Қордың талабы қанағаттандырылып, қарызды қайтару бойынша сот актісі шықты. Қазір борышкерлерден қарызды қайтарып алуға қатысты жұмыс жеке және мемлекеттік сот  орындаушыларының құзыретіндегі атқарушы өндіріс аясында іске асып жатыр.

БЖЗҚ 30 эмитентке қатысты арызды құқық қорғау органдарына жіберді.

Қазір "Астана-Недвижимость" АҚ,  "Имсталькон" АҚ, "РОСА" АҚ, "Комбинат строительных материалов и конструкций-2" ЖШС сияқты 5 эмитентке қатысты қылмыстық іс қозғалған. "Астана-Недвижимость" АҚ басшылығының заңсыз әрекеттері фактісіне қатысты арыз "Астана-финанс" АҚ-қа қатысты қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Сондай-ақ БЖЗҚ өкілдері 2017 жылдың 22 желтоқсанында Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан Қағазы" АҚ-тың бұрынғы акционерлеріне қатысты сот талабы бойынша оң шешім қабылдағанын, ал бұл компанияның БЖЗҚ алдындағы 12,5 млрд теңге қарызын өтеуге әсер ету мүмкін екенін айтты.

БЖЗҚ-ның заң департаменті директоры Назым Бақтыбаев таратылған кәсіпорындардың қор алдындағы берешегі есептен шығарылғанын және 10 млрд теңге мөлшеріндегі жоғалтуға қор жасалғанын айтты. Бұл компаниялардың басшылары мен акционерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.   

Биыл қор тағы екі проблемалық эмитенттің жүктемесін мойнына алған. Атап айтатын болсақ, бұл – "Корпорация "АПК-Инвест" ЖШС және "Атамекен-Агро" АҚ. "Атамекен-Агро" АҚ болса 278,8 млн теңге мөлшеріндегі қарызын толық көлемде өтеген. Ал "АПК-Инвест" ірі сыйақы және 252,5 млн теңге өсімақы бойынша берешекті қайтарған.

Алайда БЖЗҚ-ның өз активтері де қиындық тудырып отыр. Мысалы, "Қазақинвест" 6,4 млрд теңге, "Дельта банк" 9,3 млрд теңге қарыз, ал "Бузгул аурум"-ның қарызы 5 млрд теңгедан асады. Реттеуші "Дельта банк"-ке қатысты  лицензияны қайтарып алу туралы шешім шығарғанын білеміз. Ал "Қазақинвестбанк"-ке қатысты компанияны тарату рәсімдері әлі жүріп жатыр. Бірақ та банк акционерлері мәселе бойынша шағым жасап, мәселе толығымен шешілмей отыр. БЖЗҚ-ның айтуынша, "Бузгул аурум"-ға қатысты сот әлі жүріп жатыр, сондықтан бұл іске қатысты түсініктеме беру қиын.

Алайда бұдан да басқа өзекті мәселе – бұл зейнетақы қорының өзі бұдан әрі жұмыс істей ме сол жайында болып отыр. 25 желтоқсан күні президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік арналар арқылы берген сұхбатында БЖЗҚ-ны Ұлттық қормен біріктіруді  ұсынған болатын.

"Зейнетақы қаражатымен бұдан әрі не істейміз. Мысалы, Норвегияда жақсы тәжірибе бар. Олар зейнетақы қаражатын ұлттық қормен біріктірген. Ол адамдар үшін сенімді бірыңғай қор болды. Бірақ та бұл қаражат мемлекет бақылауынан шығып кетпеу керек. Мен мұны түсіндім. Қалай болғанда да мемлекет зейнеткерлер алдында жауап береді", – деді президент

Қаржылық реттеуші  басшысы Данияр Ақышев бұған қатысты өз пікірін білдіріп, Ұлттық банк  Норвегияның тәжірибесін қарастыратынын айтты.

"Бұл мәселені жан-жақты зерттейміз. Бұл қалай іске асқанын, шын мәнісінде бірігу болды ма, қарастырамыз. Өйткені біздің ойымызша,ол жерде мүлдем басқа жоспар болған сияқты. Егер осыған қатысты тиісті тапсырма болса, үкіметпен бұл мәселені қарастыруға дайынбыз", – деді ол.

Ал зейнетақы қоры болса Ұлттық қормен бірігуге селқос қарайтын сияқты.

Журналистермен әңгімелесу барысында Сәуле Егеубаева осы мәселеге қатысты қойылған сұраққа сақтықпен жауап беріп, қор Норвегияның тәжірибесімен таныс емес екенін және оны зерттемегенін айтты.

"Әңгіме ақшаны, зейнетақы активтерін басқару үлгісі жайында болып отыр. Норвегияның зейнетақы және сақтандыру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оның барлығы Ұлттық банк командасымен қарастырылады. БЖЗҚ мамандары да бұл жұмысқа қатысады деп үміттенеміз",– деп түйді ол өз сөзін.

Гүлназ Ермағанбетова,  Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу