COVID-19 келіп, бюрократияны жойды

1425

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.

COVID-19 келіп, бюрократияны жойды

express-k.kz: "Covid-19 келіп, бюрократияны жойды". Кеңседе отырып жұмыс істегеннен гөрі қазақстандықтар "қашықтықтан" жұмысты жақсы істейтін болып шықты", деп жазады басылым. Үйінде отырып жұмыс істейтіндер жолға уақыты кетпейтінін айтып, күніне төрт сағаттай үнемдейтінін айтқан.

Басылымның хабарлауынша, "қашықтықтан" жұмыс істеудің тиімділігін ең алдымен банк бизнесі жақсы түсінген. Ресейлік SME Banking Club сервисі арнайы сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған. Сауалнамаға ТМД елдері қаржы мекемелерінің басшылары қатысқан, олардың арасында қазақстандық мамандар да бар. Нәтижесінде жауап бергендердің тең жартысы қызметкерлер көп жұмыс істей бастағанын атап өткен. Ал сауалнамаға қатысқандардың 43%-ы "жұмыс сапасы нашарлаған жоқ" дегенді атап өткен, тек 7%-ы ғана қызметкерлерінің "жалқаулана бастағанын" атап өткен.

"Gartner консалтинг компаниясының дерегі бойынша, батыс компанияларының 75%-ы пандемиядан кейін қызметкерлердің бір бөлігін "қашықтықтан" жұмыс істеуге қалдыра беруді көздеп отыр. Twitter компаниясы кеңсесін толығымен жауып, қызметкерлерін "қашықтықтан" жұмыс істеуге жіберді, ал Google және Facebook жылдың соңына дейін қашықтықтан жұмыс істейді", – деп жазылған аталмыш мақалада.

caravan.kz: "Неге көшпенділерде індет пен соз аурулары болмаған?" деп жазады басылым. Сарапшылардың айтуынша, далада бұрын індет жайында білмейтін. Оның сыры тұрмыс дәстүрінің ерекшелігінде жатыр. Көшпенділер әрдайым жол үстінде жүргеніне қарамастан, гигиенаға аса мән берген, түрлі ауруларды емдейтін дәрілері болған, әсіресе травматологияны жақсы меңгерген. Көшпенділер "өркениет игілігі" бар қала салмаса да, гигиенаға аса мән беріп отырған. Бұл жайында басылым тілшілеріне социоантрополог әрі ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат Имамбек айтып берген.
"Далада соз аурулары болған дегенді естіген емеспін. Негізі жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар географиялық ашылулар басталғанда, еуропалықтар әлемді отарлай бастағанда пайда болған (жақында бір зерттеу жарияланды, сол зерттеу бойынша, мерез ауруы Еуропада Американы ашқаннан кейін пайда болған), сол кезде көптеген індет келген сияқты. Сосын көшпенділер қалаларды жаулап алғанымен онда қалмайтын. Бұл тек әскери қажеттілік болатын. Оларға тар көшелері бар, кәріз жүйесі жоқ қалада, әсіресе Еуропа немесе Соғды және Мәуреннахр қалаларында тұру өте қиын болатын. Бұл жерлерде кәріз болғанымен, біздің ата-бабамыз айтарлықтай таза емес деп санайтын, сонымен қатар халықтың тығыздығы да ұнамайтын. Еркін өскен адам таза ауада, жазық далада өмір сүріп үйренген. Ондай жерде инфекция тарамайды. Сол себептен қандай да бір инфекция болса, оның барлығы қаладан келетін. Оны әдетте дәруіштер әкелетін.Қала әрдайым індеттің ошағы болатын", – дейді Евфрат Имамбек.

camonitor.kz : "Топан судан кейін: неге Қазақстан өзінің су саласындағы құқығын қорғай алмай жүр?" деп сұрайды аталмыш газет. Мақала авторы Жеңіс Байқожаның пікірінше, мемлекет басшылары қазақ ауылдары тағы да су астында қалмас үшін шұғыл түрде бұл мәселенің шешу жолдарын қарастыруы қажет.

Мамырдың 1 күні Сарбода су қоймасында болған оқиға Өзбекстан мен осы елге шекаралас қазақ ауылдарына айтарлықтай шығын әкелді. Мақала авторының пікірінше, бұл осы күнге дейін шешілмей келген мәселені көтерді. Яғни Орта Азия елдерінің суды пайдалану саласындағы ортақ саясаты жоқтығын және Қазақстан басшыларының ұлттық мүддені қорғай алмайтындығын көрсетті. Мұндай тұжырымды басылымға өз пікірін білдірген мамандар айтқан. Мақала авторы мамандардың пікірі негізінде орын алған жағдайды егжей-тегжей талдап сипаттаған. Нәтижесінде "неге біз су саласындағы өз ұлттық мүддемізді қорғай алмай келеміз" деп сұрақ қойған. 

"Мұның екі себебі бар. Оның бірі басқарма құрылымымен, екіншісі мамандармен байланысты. Мәселен, Өзбекстанда екі жыл бұрын мемлекет президентінің шешімімен арнайы су шаруашылығы жөнінде жеке бір министрлік құрылды. Бізде бұл мәселемен комитет шұғылданады. Бұл комитетті Ауыл шаруашылығы мен Экология министрлігі өзара "футбол добы секілді бір-біріне теуіп отырады". Мұнымен қоса бұл комитет төңірегінде сыбайлас-жемқорлыққа байланысты дау көп болып жатады. Негізі су мамандары бізде аз қалды. Олардың басым көпшілі зейнет жасына жеткендер немесе зейнет жасына жетіп қалғандар. Кеңес Одағы кезінде бұл мамандарды төрт жоғарғы оқу орны даярлайтын. Қазір тек факультеттер ғана бар", – деп жазады мақала авторы.

liter.kz: "Билік Көкшетау маңындағы ауылды ұмытып кетті" деп хабарлайды аталмыш басылым. Бұл ауылдың мәселесі он жылдап шешілмей келеді. Чайкино деп аталатын елдімекенде көп жылдан бері көше жарығы жоқ, сумен қамтылмаған, орталықтандырылған жылу берілмейді. Жол жөнделмейді, қоқыс сирек шығарылады. Ауылда медициналық көмек беретін бекет жоқ.

Басылымның хабарлауынша, Чайкино елдімекені 1960 жылдары гидрогеологтардың отбасыларына арналып салынған ауыл. Кезінде мұнда автономды түрде қазандық істеп тұрған, кешкі мезгілде көшелерде шам жанып, жарық берілген. Ауылда балабақша болған, дүкендер мен кинотеатр да болған. Қазіргі кезде бұл жерде тек гидрогеология қалған. Билік бұл ауылдың барын ұмытқан.

"Бұл жерде гидрогеологияда көп жыл еңбек еткен адамдар тұрады. Бұл солтүстік өңірдегі ірі гидрогеология болатын. Қазір бұл ауыл ешкімге керек болмай қалды. Ешкім ешқандай көмек беріп жатқан жоқ", – дейді ауыл тұрғыны Бикен Дүзбаева.

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу