COVID-19: Жазға не үміт?

5747

Күннің ысуы коронавирустың тарау қарқынын баяулатқанымен, оны мүлде тоқтата алмауы мүмкін.  

COVID-19: Жазға не үміт?

Жер шарының солтүстік бөлігінде күн жылығандықтан, бүгінде жаз коронавирустың тарау қарқынын баяулата ала ма деген заңды сауал күн тәртібіне шығып отыр. Бұл сұраққа әлем ғалымдары берген кейбір жауаптардың қысқаша мазмұны төмендегідей.

Әдетте ауа-райының жылынуы жыл сайынғы тұмау маусымын аяқтайтыны белгілі. Бірақ, сол климат COVID-19 пандемиясының жер-жаһанды шарпуына тосқауыл қоя алмады. Қазір коронавирус эпидемиясы салқын күндерінен аптап ыстығы мен шуақты айлары көбірек Бразилия мен Мысырда да өршіп тұр.

Дегенмен, соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, күннің шуағы, ылғал және көшелерді суландыру вирусқа әсер етіп, жаз эпидемияны әлсіретеді деген оптимистік ойға жетелеп отыр.

Коронавирус маусымдық инфекция ма?

Бұл вирус толық анықталған жоқ. Себебі, оның пайда болғанына көп уақыт өте қоймады.

Тұмау тәрізді респираторлық инфекциялар белгілі бір аймақтарда күн суығанда тарайды. Қоршаған ортадағы жағдайлар, ауа температурасының төмендеуі, ғимарат ішінде ылғалдың азаюы және далаға көп шықпау эпидемияны жеделдете алады.

Ауа-райының жаңа вирусқа әсері туралы мәліметтер бір жақты емес. Мәселен, Қытайдың 221 қаласында жүргізілген зерттеу қорытындыларына сүйенсек, температура мен ылғал және күннің шуағы инфекцияның тарау жылдамдығына әсер ете алмайдын.

Өзге екі зерттеудің және әлемнің 47 елінде жүргізілген сараптама нәтижелеріне жүгінсек, ауа температурасының жоғарылығы Филиппин аралдарында, Австралияда және Бразилияда індеттің тарауын баяулатқан.

"Солтүстік жартышарда жазда COVID-19-ды жұқтыру оқиғалары азайып, қыста мұндай фактілердің көбейгені байқалуы мүмкін", - дейді әлемнің 117 мемлекетінде жүргізілген тағы бір зерттеудің авторлары. Олардың есебінше, экватордан әрбір 1 градусқа алшақтаған сайын вирус жұқтыру оқиғалары 2,6 пайызға өсіп отырады.

Респираторлық аурулар неліктен жазда және қыста әртүрлі тарайды?

"Күн суытқанда кейбір адамдардың жөтелуіне, тұмауратуына салқын ауаның мұрын және тыныс алу жолдарын тітіркендіруі себеп болады. Бұндай жағдай бізді вирустық инфекцияны қабылдағыш етеді", - дейді Британия оқу университетінің (Britain’s University of Reading) жасушалық микробиология сарапшысы Саймон Кларк "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында. 

Әдетте, қысқы температура адамдарды уақытының көбін ғимараттың ішінде өткізуге мәжбүрлейді. Дегенмен, жаздың шіліңгір ыстығында да кондиционер үшін кеңселер мен үйлерінен пана іздейтіндер көп.

Температурасы мен ылғалдылығы жоғарылаған зертханаларда коронавирус бөлшектері адамдарға жұғу қабілетінен айрылады. Сонымен қатар, Америкалық ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, күн жарығының астында бұл инфекция белсенділігін тез жоғалтады екен.

Алайда, көптеген сарапшылардың ойынша, қолды жиі жуу, әлеуметтік алшақтық ережелерін сақтау және, жазға қарамастан, маска тағып жүру әлдеқайда пайдалы. Өйткені, вирус жұқтырған адам жөтелгенде немесе демін сыртқа шығарғанда, вирус бөлшектері ашық аспан астында дереу жан-жаққа жайылады. Тіпті кейбір зерттеулерге жүгінсек, үп еткен желдің өзі сілекейдің тамшысын алты метрге дейін жеткізе алады.

Бұл вирусқа жазда тағы не тосқауыл болуы мүмкін?

Vitamin D: Қазір ғалымдар адамдардың қанындағы иммунитетті реттейтін Д дәруменінің деңгейі коронавирустан қаншалықты қорғайды деген мәселені зерттеп жатыр. Айта кетсек, бұл витаминнің едәуір бөлігі күн шуағының теріге әсерінен пайда болатыны белгілі.

Тозаң: Нидерландыда соңғы жылдары барлық тұмау тектес аурулар мен COVID-19 зерттелді. Сол ғылыми жұмыстың нәтижесіне қарағанда, тозаң консентрциясы күн шуағына қарағанда респираторлық аурулардан көбірек қорғауы мүмкін. Яғни, тозаң шоғыры ауа фильтрі тәрізді вирус бөлшектерін өткізбей, иммундық жауапты белсенді ете алады деген болжам айтылып отыр.

Зерттеушілердің айтуынша, ауадағы тозаң шоғырының көлемі бір текше метр аумақта 610 түйіршекті құрағанда, барлық тұмау тәрізді респираторлық аурулар азая түседі.

Маска жаздан да, әлеуметтік дистанция мен үйде қалудан да маңызды болып тұр

Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтауы ұйымының төтенше жағдайлар бағдарламасының басшысы Майк Райан ескерткендей, "біз маусым мен температура аурудың тарауына жауап бере алады" деп күтіп отырмауымыз керек. Ал, АҚШ Ғылым академиясы осыдан бірер күн бұрын жариялаған баяндамаға қарағанда, халықты маска тағуға міндеттеу ғаламдық коронавирус пандемиясының эпицентрлерінде ондаған мың адамды инфекциядан қорғаған. Сондықтан, америкалық ғалымдар маска тағу - әлеуметтік алшақтану мен үйде отырудан да маңызды деген тоқтамға келіп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу