Дәрі тапшылығынан туындаған дау прокуратураға жетті

Алина Альбекова Алина Альбекова
4779

Үнемделген 26,5 млрд теңгенің 23 млрд теңгесі тағы да тегін үлестірілетін дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалады.

Дәрі тапшылығынан туындаған дау прокуратураға жетті

Артық ақша алғандар
Дәрі-дәрмекті орталықтандыра сатып алу денсаулық cақтау министрлігі үшін "бас ауруына" айналды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жергілікті бюджет науқастардың қажеттілігін жүз пайыз қамтамасыз ете алмауы салдарынан, елімізде жаппай наразылық туындаған.

"Тап сол кезде бізде үлкен ақша болған жоқ. Біз қолда бар ақшаға сатып алдық. Сонымен қатар дәріханаларға, қоймаларға тексеріс жүргізіп, бұл жүйені орталықтандыруға көштік. Қазір әрбір электронды амбулаториялық картаны біздің бірыңғай дистрибьютордың мәліметтерімен біріктіріп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, дәрі-дәрмекті сатып алуды орталықтандыратын жүйемен біріктірудеміз. Жағдайды енді байқай бастадық", – деді ол үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесудің бірінде.

Тексеріс барысында дәрі-дәрмек қалдықтарының қоры, сондай-ақ есептен шығарылған дәрінің көп екендігі белгілі болды. Министрдің айтуынша, кей жерлерде өмірлік маңызы бар препараттар жептей жатқанда, басқалар молынан сатып алып жатқан. Бұл фактілердің барлығын денсаулық сақтау министрлігі құқық қорғау органдарына тапсырды.

Денсаулық сақтау министрі туберкулез, онкология, қант диабеті сияқты әлеуметтік-маңызы бар ауруларға бөлінетін қаражат әрбір емделушіге жеткені өте маңызды екенін атап өтті. Тек ол үшін алушы есепте тұруға тиіс. Алайда бүгінгі күні, ведомствоның мәліметі бойынша,тегін дәрі-дәрмек алатын 2,5 млн адамның тек 1,3 млн-ы ғана ресми есепке тұрған және жергілікті емханалардың тізіміне енгізілген.

"Емделушілерге бұл дәрі-дәрмектің керек екеніне дауымыз жоқ. Бірақ та нақты қажеттілікті біліп және жоспарлау үшін құжат керек. Қазір біздегі құжаттағы сан бір басқа, кейін емделушілердің екі есе көп екендігі белгілі болып жатады. Біз тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қарсы емеспіз және барлық емделушіні қамтамасыз етуге тырысамыз. Тек тізім бойынша ғана. Біз дәрі-дәрмекті ауадан ала алмаймыз. Бұл үшін бағаның құбылуы, Қазақстандағы тіркеу мерзімінің аяқталуы, дәрі-дәрмекті өндірістен алынуы секілді қат-қабат мәселелер туындап жататын сатып алу процедуралары бар. Бұған қоса барлық жеткізуші сатып алудың аз көлемімен жұмыс істеуге дайын емес. Ал біз қараша айынан бері тоғызыншы рет сатып алып жатырмыз және әлі күнге дейін өтініштерді түзетудеміз", – деді министр.

Министрдің ойынша, емделушілер санының өсуіне министрлік жүргізген ақпараттық науқан әсер етті. Осы науқанның арқасында көптеген қазақстандық белгілі бір ауру түрлері бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алатынынан хабардар болған. Осыны ескерген министр, салалық ведомство мен жергілікті атқарушы органдар алдына биыл дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау міндетін қойып отыр.

"Біз барлығын есептедік, қазір бізде облыс әкімдерінің орынбасарлары бекіткен биылға дәрі-дәрмек тапшылығының нақтыланған есебі бар. Былтыр олар бізге 60 млрд теңге соманы көрсеткен болатын, қазір ол екі есе төмендеді, нақты айтар болсақ, 32 млрд теңгеге дейін азайған. Яғни олар осы уақытқа дейін артық ақша сұрап отырған. Олардың кейбірі сатып алуға ақшаны көптеп сұрап әдеттенген, енді олармен прокуратура жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта мұндай проблема болғанын қаламаймыз", – деді министр.

АДҚ дәрі-дәрмек бюджетінің 70%-ын "алып отыр"
"СК-Фармация" бірыңғай дистрибьютерінің мәліметі бойынша, биыл жалпы тізімде 1196 дәрі-дәрмек атауы бар, сатып алу көлемі 196 млрд теңгені құрайды. Оның 464-і ұзақмерзімді келісімшарт бойынша, ал 93-і уақытша келісімшарт бойынша сатып алынады. Сатып алудың екі кезеңінде жоспарланған 584 дәрі-дәрмектің 451-і сатып алынған.

ЮНИСЕФ-тің қолдауымен БҰҰ агенттігі арқылы 15 дәрі-дәрмек түрі және БҰҰДБ-ның қолдауымен орфандық препараттардың 40 түрі сатып алынған.

"Бұл жерде сатып алу процедураларының (БҰҰ арқылы-Ред.) ұзаққа созылатындығы қиындық тудырады. Бірақ біз тауарды күтуге мәжбүрміз, өйткені бағасы 10 есе арзан және 10 есе артық қамтиды. Бұл Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталатын сапалы препараттар", –деді Елжан Біртанов.

Осы арада амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге (АДҚ) жалпы шығыстың 82,8 млрд теңгесін немесе жалпы бюджеттің 70%-ын жұмсау жоспарланып отырғанын айта кету керек.

"СК-Фармация" ЖШС басқармасы төрағасы міндетін атқарушы Берік Шәріповтың айтуынша, 1063 дәрі-дәрмек түрі сатып алынған, бұл жалпы үлестің 95%-ы. Оның 1033-і бірыңғай дистрибьютор қоймасына жеткізілген.

Оның берген ақпаратына сүйенетін болсақ, өңірлерге медициналық ұйымдардың сұраған көлеміне сай жеткізіліп жатыр. АДҚ аясында медициналық ұйымдарға 40 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым жеткізілген, бұл қаңтар-мамыр айындағы сұраныстың 95%-ын немесе жылдық қажеттіліктің 32%-ға жуығын құрайды. Ал стационарларға 34,2 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілген. Бірыңғай дистрибьютордың мәліметі бойынша, жалпы қажеттілік 99%-ға немесе жылдық қажеттіліктің 42%-ы қанағаттандырылған.

"Бізде алғашқы тоқсанда орын алған тапшылық қазір жойылды. Қазір медициналық ұйымдарға жөнелтіліп жатқан көлемді ескеретін болсақ, онда дәрі-дәрмекке деген қажеттілік толығымен қамтамасыз етілді деуге болады. Иә, әлеуметтік-маңызы бар препараттарға қатысты мәселе болғаны рас, мысалы, қант диабеті бойынша, біздегі 47 дәрі-дәрмек түрінен тек инсулинді шприц қана сатып алынған жоқ. Бірақ бұл проблема емес, сатып алынған басқа да шприц түрлерін қолдануға болады. Сондай-ақ ВИЧ-жұқтырған емделушілерге керек препараттардың 40 түрінің ішінде тек 600 мг дозадағы "Эфавиренз" ғана сатып алынбаған. Бірақ та оның 200 мг дозасы сатып алынған. Яғни көп жағдайда препараттардың орнын басқалармен алмастыруға болады", – деді Берік Шәріпов.

"СК-Фармация" өкілінің мәліметі бойынша, бірыңғай дистрибьютор жұмыс істеген кезден бастап ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі-Ред.) аясында жоспарлы сатып алудың өскені байқалады. Егер 2010 жылы ол 31,3 млрд теңге болса, 2018 жылдың тек 5 айы ішіндегі сатып алудың қорытындысы бойынша бұл көлем 196,6 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл ретте жергілікті коммерциялық дистрибюьторлардан сатып алудың үлесі 2005 жылғы 74,2%-дан 2018 жылы 53%-ға дейін төмендеген. Тікелей келісімшарт бойынша сатып алу үлесі 2015 жылғы 7,4%-дан 2018 жылы 17%-ға дейін өскен. Ал отандық тауар өндірушілерден ұзақмерзімді келісімшарт жасау арқылы сатып алу үлесі екі есе өсіп, 30%-ға жеткен. 2010 жылы отандық өндірушілердің үлесі ақшаға шаққанда шамамен 4,8 млрд теңге болған, ал 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша бұл сома 49,7 млрд теңгеге жеткен. 2018 жылы сатып алынған дәрі-дәрмектің шамамен 43,5 млрд теңгесі немесе 87%-ы ұзақмерзімді келісімшарт шеңберінде сатып алынған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 41%-ға көп.

"2009 жылдан бастап 2018 жыл аралығында бірыңғай дистрибьютор арқылы 87,5 млрд теңге үнемдеу мүмкін болған. Тек биылдың өзінде 26,4 млрд теңге үнемделген, оның 23,4%-ы АҚД-ны орталықтандыру арқасында үнемделген. Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша, бұл қаражатты бюджеттік комиссияны қарауы арқылы АДҚ бойынша қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсайық деп отырмыз. Қазір орын алып отырған тапшылықты үшінші тоқсанға қарай жоямыз деп ойлаймын", – деді Берік Шәріпов.

№666 бұйрықпен берілген кепіл
Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау министрінің №666 бұйрығымен бекітілген. Бұл бұйрық министрліктің сайтында, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің аумақтық департаменттерінің интернет-ресурстарында орналастырылған.

Аталған комитеттің төрағасы Людмила Бюрабекова бұл тізімге 40-тан астам ауру түрі кіретінін еске салып кетті. Оның негізгілері: жүректің ишимиялық ауруы, артериялық гипертония, жүрек соғысының бұзылуы, созылмалы жүрек ауруы, созылмалы В және С вирустық гепатиттері, ойық жаралы колит, Крон ауруы, қан аурулары, терім жетіспеушілік қаназдық, қан ұйығыштығының тұқымқуалаушылық тапшылығы факторы, екінші және бірінші типті қант ауруы, орфандық аурулар, артрит, Паркинсон ауруы, бұлшықет әлсіздігі, балалардың сал ауруы, шашыраңқы склероз, қояншық ауруы, сондай-ақ ЖИТС-ВИЧ, туберкулез, онкология сияқты әлеуметтік-маңызы бар аурулар.

Людмила Бюрабекованың сөзінше, перинаталдық орталықтардағы жаңа туған нәрестелер үйге шыққан кезде тегін дәрі қорабымен қамтамасыз етіледі. Тұқымқуалаушылық аурулармен ауыратындарға емханалар өздігінен сатып алып, дәрігердің кеңесімен қолдарына берілетін арнайы тегін азық-түлік қарастырылған.

Денсаулық министрі Елжан Біртанов тегін дәрілер Қазақстанда сонау 2005 жылдан бастап беріле бастағанын тілге тиек етті. Алғашқыда 5 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрі-дәрмек берілсе, кейін жүкті әйелдерге қаназдыққа байланысты препараттар 50% жеңілдікпен берілген, кейін оған жаңа дәрілер қосылып отырған.

"Барлық дәрі рецепт бойынша тегін берілген кез болған емес. Тіпті Кеңес Одағы кезінде де, қазірде әлемнің көптеген елінде тегін беріліп жатқан дәрі-дәрмек жоқ. Ал бізде бар. Біз бұған бірте-бірте келдік. Бұл саясатты медициналық сақтандыру шеңберінде де жалғастырамыз деп отырмыз. Өйткені емханадан тегін дәрі алмаған адам, ауруханаға жатуға жүгіреді. Сонымен қатар медициналық дәрі-дәрмек тізімі тек толыға түсетін болады. Бірақ та қазір жүзпайыздық қажеттілікті жабуға шамамыз жетпейді, біз тек рецепт бойнша берілетін препараттың үштен бірін ғана қаматамасыз етеміз, ал екіден бірін адамдар өзі сатып алады", – деп Елжан Біртанов өз ойымен бөлісті.

Оның айтуынша, бұл қалыпты жағдай, өйткені "денсаулығы үшін әркім алдымен өзі жауапты".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу