Дау дариядан басталды

3651

Биыл Сырдариядағы су тапшылығына байланысты Қызылорда облысында үш мың гектарға күріш егілмейді.

Дау дариядан басталды

Бұл туралы көктемгі егіс науқанына орай Қызылорда облысы бойынша диқандарға су тапшылығына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған жұмыс тобының Жаңақорғанда өткізілген бас қосуында хабарланды. Алайда, кәсіпкерлер бұл шараның қиындықты уақытша ғана шеше алатындығын айтып, қарсылықтарын білдіріп отыр.

Арнайы топ мүшесі, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков аудан бойынша межеленген 7300 гектар күріш көлемін 443 гектарға қысқартып, 6857 гектарға орналастыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұған дейін жыл басында 7800 гектар межеленген болса, кейіннен 7300 гектарға қысқартылған болатын.

"Оған себеп "Көксарай" су қоймасы тиісті су қорын жинай алмаған. Жыл сайын бұл уақытта 3 млрд текше метр су жиналып келсе, биыл небәрі 2,2 млрд текше метр су жиналған. "Шардара" су қоймасы 5,2 млрд текше метр су жинап, барлығы қос су қоймасындағы су қоры 7,4 млрд текше метрді құрады. Яғни, облыс аумағына келетін су мөлшері 1,8 млрд текше метрге аз", – дейді Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жаханов.

Бақыт Жахановтың айтуынша, диқандар былтырғы қиыншылықтан сабақ алуға тиіс. Себебі, өткен жылы 86 мың гектарға күріш егілсе, дариядағы су тапшылығына байланысты үш мың гектар күріш алқабына су жетпеген. Оның ішінде 600 гектары мүлдем ораққа ілінбеген.

ҚР АШМ су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыхановтың да уәжі осыған ұқсас.

"Осы екі су қоймасына жинақталған 7,4 млрд текше метр су қорынан Қызылорда облысына небәрі 2,6 млрд текше метр ғана су келетінін жеткізді. Осыған байланысты облыс бойынша үш мың гектар күріш алқабы қысқартылатын болады", – деп қысқа қайырды.

Өз кезегінде "Қазсушар" РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров су тапшылығының туындауында жергілікті атқарушы биліктің кінәсі барын айтады.

"Судың межелі жерге жетпеуі су арналарын дер кезінде тазаламаған ауылдық округ басшыларының немқұрайлылығынан", – дейді ол.

Жасыратыны жоқ, жылда қыс пен көктем айларында Сырдария арнасынан асып, дария бойында орналасқан елдімекендерге қауіп төндіретін. Биыл тыныш.

Сырдария – трансшекаралық өзен. Оның жоғарғы жағындағы  Қырғызстан мен Өзбекстанның егіншілері барынша қанып пайдаланып болған соң ағытқан кезде, төменде орналасқан Түркістан облысы мен қызылордалық диқандар қиындық көреді. Оның сыртында су мол болған жылдары Сырдарияның құм басып, қайраңдап қалған тұстарындағы елдімекендер тасқыннан үрейлене бастайды. Мамандардың айтуынша, су шаруашылығы өзгерген жағдайда, Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі су арналарынан қашықта орналасқан, су шығуы қиын тұстарда күріш егуді тоқтату, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдарға ауысуға кеңес береді. Шаруа қожалықтары суды барынша тиімді пайдаланып, сорғымен су ішетін күріштіктердің иелері қажетті техниканы орнатып әлек. Үрмелі бөгеттің көмегімен Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе каналы арқылы – 8 ауыл, Сунақата арнасы арқылы 3 ауыл диқандары күріш суаруда.

Жылма-жыл күріш егіп келе жатқан шаруашылықтардың жетекшілері Рахымбаба Құтыбаев пен Керімхан Егізбаев Көктөбе елді мекені тұсындағы 15-20 жылға шыдас береді деп орнатылған үрлемелі су тоспасының бар-жоғы бес жылға да шыдамағандығын тілге тиек етті.

Соңғы екі жылда дариядағы су деңгейінің күрт төмендеп кетуіне байланысты бір метрлік фундамент құйып, жылда оны биіктетіп отыру мүмкін еместігіне тоқталды. Сондықтан, шаруа қожалықтарының жыл сайын күріш көлемін азайтып, басқа дақылдарды егумен шектелмей, оны үкіметтік тұрғыда шешудің басқа да ғылыми дәйектелген жолдарын қарастыруды сұрайды.

Жаңақорғандық диқандардың айтуынша, ауданның жері биіктеу. Сондықтан Шардара су қоймасынан жіберілетін су деңгейі күрт азайған жағдайда, Келінтөбе каналындағы су деңгейі бес күн ішінде төмендейді. Ал, Жалағаш, Қармақшы, Қазалыда тек бір айдан кейін ғана сезіле бастайды. 
Кей шаруа қожалықтары осы күнге дейін су шаруашылықтарымен уақытылы келісімге отырмағандықтан жылда сумен қамтылудан кемдік көріп келеді. "Жаңақорғансушар" өндірістк учаскесінің басшысы Әбдімәжит Ахметов бүгінге дейін қожалықтардың осы кәсіпорынмен 6800 гектар алқапты ғана сумен қамтамасыз етуге келісімшартқа отырғандығын мәлімдеді. Әсіресе, жоңышқа алқаптарына жауапты тұлғалар суару мәселесіне атүсті қарайды.

"Бүгінгі заманның басты талабы – аз суды ысырапсыз пайдалану. Яғни, каналдардың тазалануына мән беру, ротацияға бағыну қажет. Алдағы айларда су деңгейі көтерілмейтін болса, суды кезектесе суаруды жолға қою керек. Ең өзектісі – жылма-жыл құм басып қайраңданып бара жатқан Сырдарияның табанын кім тазалайды, жағадағы елдімекендерді үнемі үрейде ұстау жоғарыдағыларға қызық көріне ме екен деген сұрақ үнемі алдымыздан шығады", – дейді ол.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу