Күріш егістігіне әлден су жетпей жатыр

Су жеткізу мәселесі шешілмесе есіл еңбектің бәрі зая кетпек.  

Күріш егістігіне әлден су жетпей жатыр

Қыс-көктемде Сырдарияның арнасы тасып, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің етегіне дейін баратын судың деңгейі бүгінде күріш еккен диқандардың алқаптарына да жете алмай жатыр.

Атыз жағалағандардың басты мәселесі де осы. Алдашбай ахун ауылының диқандары биыл 160 гектар жерге күріш еккенмен әлі де суға бастыра алмай отыр. Ерте көктемнің қарекетімен кетпен салып жерді өңдеп, дәнді сеуіп қойған диқандар бір тамшы суға зар болған жайлары бар.

"Осыдан екі апта бұрын мына егіс алқабына дән себіліп бүгінде күріштік толықтай суға бастырылып тұруы тиіс еді. Бірақ әлі күнге дейін егістікке су жеткен жоқ. Қурап тұр. 13 маусымға дейін суға бастырсақ осы егілген 140 гектар күріштіктен өнім болар еді. Оған дейін болмаса бәрі зая болып қалады. Қаншама шығын, үлкен зиян. Жұмысшыларымызға да, жанар-жағармайымызға да қаржы тек осы күріштен болады, деп отырмыз", – дейді бригадир Сәндібек Оразов.

Жалпы Алдашбай Ахун ауылы күріш өсіретін аумақтың ең төменгі жағында орналасқан. Сондықтан судың жетуі де өте қиын, дейді мамандар. Қайбір жылдары тіпті судың келмеуінен үш жылға дейін күріш өсіру тоқтап та қалған екен. Бірақ биыл аудан басшылығы суды жеткізуді мойына алғандықтан шаруашылық тәуекелге бел буған. Алайда егін басталмай жатып су тапшылығына тап болды.

"Облыстық су шаруашылығы басшылығының көмегімен қазір "Тұрмағанбет" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 377-ші тоспаның арғы жағын тазартып, тереңдетіп қазып жатыр. Барлығы осы елді-мекенге су жеткізу мақсатында жүр" – деді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов.

Қуаңшылыққа тап болған ауыл диқандары енді еңбегіміз еш кете ме, деп уайым жеп, алаңдап отыр. Аптап ыстықта қара жерде құрғақшылықтан  қақсып тұр. Ал алқапқа шашылған дән ит-құстың жеміне айналған. Негізі шаруалар мамырдың ортасында атыздарды суға толтыру керек болатын. Бірақ жармаға келген судың деңгейі тым төмен түсіп кетіп, егін суару аяқсыз қалған. "Алдағы аптада су мәселесі шешілмесе еткен еңбектің бәрі бекер", дейді диқандар.

Алдашбайлық шаруалар биыл күріштен бөлек 23 гектар жерге бау-бақша дақылдарын да еккен. Мұнда да жағдай мәз емес. Канал түбіне қос-қостан су айдайтын мотор қойып егінжайды шама-шарқынша суарып отыр. Ең болмаса мемлекеттің арзан жанармайы берілсе екен, дейді шығынға батқан диқандар.

"Май қымбат, оны да өз ақшамызға алып жатырмыз. Бұл өнім су болмаса тағы шықпайды. Өнім бермесе майдың ақшасы қайтпайды. Шамалы майымыз қалды, енді екі күннен кейін не болатынын да білмейміз", – дейді қарт диқан Амантай Бодашев.

Ырзық несібесін жерден табатын ауыл тұрғындарының әлеуеті егіннің шығымына байланысты, сондықтан су жеткізу мәселесі шешілмесе есіл еңбектің бәрі зая кетпек.

Бүгінгі күні өңірде егін бастыру науқаны аяқталып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше 85 437 гектарға күріш егілген. Бастырылғаны – 85 211 гектар.

Күріш егісі жөнінен көш бастап келе жатқан Жалағаш ауданыны – 21 156 гектар және Сырдария ауданы 21 126 гектар Сыр салысын септі. Аталған аудандар егілген күрішті толықтай суға бастырып та үлгерді. Одан кейінгі орында  Қармақшыда – 13 460 га, Шиеліде – 12 200 га, Жаңақорғанда – 7500 га, Қазалыда 6341 гектар дән себілді. Ал Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтарда диқандар 3654 гектарға күріш егіп, белгіленген межені 20,5 пайызға артығымен орындады. Олардың барлығы да суға бастыруды аяқтап үлгерді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу