Су тапшылығынан құтылар амал бар

Егіс көлемін қысқарту шарасын шағын шаруашылықтарға қолданбау қажет.  

Су тапшылығынан құтылар амал бар

Көксарай су қоймасының табанындағы қалған су Сырдарияға келе бастады. Су тапшылығына ұрынған Сыр еліне осылайша жоғарыдан қолдау жасалды.

Жалпы "Көксарай" Қызылорда облысына қызмет ететін нысан. Десек те, Түркістан облысы да Көксарайдан су алады. Биыл Түркістандықтар қажетті суды Достық каналы арқылы шешіп алғандықтан, Көксарай табанында қалған суды Сырдарияға жіберіп жатыр. Түркістан әкімдігі көршілеріне бұрыннан бүйрегін бұратындықтан бұл ісі дұрыс шешім болды. Егер өздері де судан қаталаса, екі облыста да су мәселесі күрмеулі мәселеге айналар еді.

"Бір жағынан қос облыс әкімдерінің жоғары эшалонда әріптес болғандары да осы проблеманы бірлесе шешіп, ортақ мәмілеге келуге сеп болған сияқты. Бірақ бұл уақытша шешім. Сондықтан су азаю циклының алда әлі 6-7 жылға созылуы мүмкін деген болжамды ескерсек, облыстың суды көп қажет ететін егіс алқаптарын қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшуіміз керек. Егер биылғыдай бейқам болсақ, ауыл аштан қалауы әбден мүмкін", – дейді облыстық Қоғамдық Кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаев.

Өзбек тарабы Достық каналы арқылы жылда су бермеуі мүмкін. Шөкеев өз беделін пайдаланып, аймақ мәселесін Үкіметпен келісе отырып, Тәшкентке жеке өзі барып, шешіп келді. Ол келісім де уақытша болса, таңғалмаймыз. Өйткені әр елдің өз мүддесі бар. Бір сөзбен айтқанда кез келген уақытта көмек қолын соза бермейді.

Алда ауыл шаруашылығы басқармасына үлкен міндет артылмақ. Яғни, келер жылы облыстың егіс алқаптарын әртараптандыруға шаруашылықтарды дайындау керек. Ірі, кіші шаруашылықтармен меморандумға отырып, келер егіс науқанында "осынша гектар жерге күріш егілуі тиіс" деген нақты тапсырмалар берілу қажет. Биылғыдай ірі шаруашылықтардың ығына көне кетіп, тағы сол көлеммен күріш егілсе, ауыл-аймақтың жағдайы құлдырап кетуі мүмкін. Өйткені, онсызда тапшы суды, қолдан ешкім көбейте алмайды.

"Бұл мәселелер ауыл шаруашылығы басқармасының назарында тұр. Жыл сайын егінді жоспарлау Сырдария өзеніндегі су жағдайына және жоғарыдағы су қоймаларындағы судың көлемін есептей отырып жасалады.  Биылғы судың тапшылығы жыл басында болжанып, әрбір аудан, каналдар бойынша негізгі дақыл күрішті 88,2 мың гектардан 81 мың гектарға азайту тапсырылған болатын. Көктем айларындағы төтенше жағдай, пандемияға қарамастан мемлекеттік қолдау дың арқасында егіс жұмыстары мерзімінде атқарылды. Нақты егілген егіс 184,2 мыңга, күріш 89,5 мың га құрады.

Артық күріш еккен аудандарға шара қолданылды. Ендігі міндет, осы егілген егісті барынша су тапшылығына ұрындырмай, межелі өнім алу. Бұған байланысты облыс әкімдігі табиғи ресурстар министрлігіне қарасты су шаруашылығы мекемелерімен бірге су жеткізу шаралары атқаруда. Негізі біздің облысқа егін суаруға биыл 4,2 млрд су лимиті бекітілген. Осы лимит облысқа 2025 жылға дейін берілген. Десе де жыл ішінде жоғарыдан келетін межелі судың түспеуінен егіс болжауда биылғыдай қиындықтар туындап отыр", – деді басқарма басшысы Сейілбек Нұрымбетов..

Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Егіс көлемін қысқарту шарасын шағын шаруашылықтарға қолданбау қажет. 100-200 гектар жерден напақасын тауып жатқан шаруашылықтар облыста баршылық. Оларға мемлекет тарапынан дем беріп, тек ірі шаруашылықтардың егістіктерін әртараптандырып, күріш көлемін қысқартса, су тапшылығына ұрынбаймыз.

"Кіші шаруашылықтар зардап шекпес үшін, мониторинг жүргізіп, жағдайды саралап, республикадан немесе облыс бюджетінен қаржылай қолдауды ұйымдастыру қажет. Ірі шаруашылықтардың табысы қашанда түгел. Кіші шаруашылықтарды сақтап қалу мен олардың күйіп кетпеуін алдын алу керек", –  дейді қоғам белсендісі Айткүл Шалғынбаев .

"Суармалы су келешекте күрделі мәселеге айналуы мүмкін", дейді бірнеше жыл күріш шаруашылығымен айналысқан Сұлтанбек Тәуіпбаев.

"Сырдария трансшекаралық өзенді басқарып отырған Арал-Сырдария бассейндік басқармасының жұмысына жыл басынан қатты көңіл бөлу қажет. Өйткені су маңызды стратегия. Жұмысын жүйелендіре білсек, көрші елдермен тең дипломатияда қарым-қатынаста болсақ, су мәселесін бірге шеше алудың маңызы зор", – деді қоғам қайраткері.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу