Экология министрлігі ірі өзендердің қайсысы уланғанын анықтады

4147

Қазақстанға тек қуаңшылық пен су тапшылығы ғана төніп тұрған жоқ, сонымен бірге халқымызды ауызсумен қамтып отырған бірқатар ірі өзен әбден ластанған. Әсіресе, Тобыл мен Елек улы өзенге айналып барады.  

Экология министрлігі ірі өзендердің қайсысы уланғанын анықтады

Нұра таусылып қалуы ғажап емес

Адамзат қоршаған ортаға орны толмас залал келтіруін доғарар емес. Өкініштісі, бұл Қазақстанға да қатысты. Еліміздегі "өзендерге антропогендік ауыртпалықтың заманауи деңгейін", яғни қарапайым тілмен айтқанда адамдардың осы кәусар қайнарларын қаншалықты ластағанын бағамдаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті көңілсіз байламға келді.

Жүргізілген талдау қорытындысында анықталғандай, елдегі ең көп жүктеме түскен өзен – Нұра болып шықты. Ұзындығы 978 шақырымға созылып жатқан, Қарқаралы тауындағы бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құятын Нұрадан Қарағанды және Ақмола облыстары, ішінара Нұр-Сұлтан қаласы су тұтынып отыр.

Комитет дерегінше, "Нұра–Сарысу өзен су шаруашылығы бассейнінің су ресурстарына төтенше жоғары жүктеме түсуде". Өзеннің барлық су ресурсының 88%-ы өндірістік қажеттіліктер үшін пайдаланылады! Су қоймасы "толығымен дерлік шаруашылық айналымға тартылған". Ведомствоның пайымдауынша, бұл өзеннің болашақ тағдыры, тиісінше бүкіл Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму перспективасы Сәтпаев атындағы каналды қауіпсіз пайдалануға байланысты болады. Өйткені Сәтпаев арнасы осы бассейнді Ертіс өзенінен тартылатын сумен қоректендіріп отыр. Канал суалып не кеуіп қалса, Нұра Ертістен толықпаса, оның қалған суын бір жылда 90 пайызға тауысып қоямыз.

Бұл – мәселенің басы ғана екен. Біраз өзен ластанудың шырқау шегіне жетіп қалыпты.

"Су шаруашылығының шиеленіскен жағдайы сыртында, бұл бассейннің негізгі өзендерінің сапалық жай-күйіне қатысты проблемалар бар. Атап айтқанда, Қазақстанда қолданылатын "Су объектілеріндегі су сапасының бірыңғай классификациясына" сәйкес, Нұра өзені жалпы бес сыныптың төртіншісіне, ал Қара-Кеңгір өзені – бесінші сыныпқа жатады. Демек оларға ластаушы заттардың түсуін қысқарту жөнінде шаралар қабылдау талап етіледі. Бұл өзендер негізінен магний, фосфор, аммоний секілді ауыр заттармен ластанған", – деп хабарлады комитет.

Сыр мен Шудың суы немен уланған?

Елдегі айналдырған 8 өзен бассейнінің қалғанының жағдайы да алаңдатады. Меморган талдауының нәтижесі көрсеткендей, Арал-Сырдария және Шу-Талас өзен су шаруашылығы бассейндерінің су ресурстарына "өте жоғары жүктеме" түсіп жатқаны байқалады. Бұл жерде басқа бір қауіп бар. Арал-Сырдария бассейні шетелге ең көп тәуелді. Сырдың су ағыны ресурстарының 90%-ға жуығы іргеміздегі Орталық Азияның елдерінен келеді.

Ал Шу-Талас Қырғызстанға тәуелді. Суының 75%-ы айыр қалпақты ағайындардың жерінде қалыптасады. Бұл екі өзен кешені құрғап қалса, 4 миллионнандай қазақстандық бірден сусыз қалмақ.

"Қолда бар су ресурстары халықтың және экономика салаларының қажеттіліктерін өтемейді. Бұл жайт Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының ары қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуының тежеуші факторына айналуда. Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейнінде ауылшаруашылығының мұқтаждықтары үшін су алып қою үлесі 98%-ды құрайды. Себебі еліміздің суармалы алқаптарының 60%-дан астамы – осы бассейнде, Түркістан және Қызылорда облыстарында орналасқан. Бұл егістіктерде күріш және мақта сияқты ең көп ылғал тұтынатын дақылдар өсіріледі", – деп түсіндірді Экология министрлігі.

Сорақысы сол, қос облыстағы ауылшаруашылығы дақылдарын суаруға су беру кезінде 1,7 текше шақырым су жолай босқа ысырап болады. Мұның қаншалықты көп екенін мынадан түсінесіз. Қазақстанның бүкіл өзен ресурстарының көлемі небәрі 102,3 текше шақырымды құрайды.

Сырдарияның мәселесі тек тиімсіз су пайдаланумен және көрші елге тәуелділікпен бітпейді. Бүгінде Сырдария өзенінің экологиялық жай-күйі де бұзылуда. Салдарынан Сырдарияның су сапасы нашарлау 4-ші сыныпқа құлдырады. Су ресурстары комитетінің дерегінше, Сырдың суы мұнай өнімдері, фенолдар және азотты қосылыстар сияқты ластаушы заттармен былғанған. Олар Өзбекстан аумағынан көп мөлшерде ағып келеді. Қазақстан да ластап жатыр. "Сырды ауылшаруашылығында қолданылатын улы пестицидтермен ластау жалғасуда".

"Шу өзені су сапасының 3-ші класына жатады: ол сульфаттармен, нитриттік азотпен, темірмен, мыспен, мырышпен және фенолдармен ластанған", – деп мәлім етті меморган.

Ресейге тәуелділік Жайықтың түбіне жетуі ықтимал

Елорданы екі жарып ағатып, Нұр-Сұлтанның ажарлы бейнесінің бөлінбес бөлшегіне айналған Есілдің жағдайы қалай?

"Есіл өзен су шаруашылығы бассейнінің су ресурстарына жоғары жүктеме түсуде. Бірақ оның суының 96%-ы – өндірістік емес, шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Сумен жабдықтау жүйелеріндегі судың 15-20%-ы ысырап болады. Өйткені Солтүстік Қазақстанның су құбырлары 50-60 жыл бұрын іске қосылған және физикалық-моральдық тұрғыдан тозған. Негізі, Нұр-Сұлтан қаласы үшін ауыз судың резервтік көзін құру шараларын қабылдау қажет. Есіл өзеніндегі судың сапасы су сапасын жіктеудің бірыңғай жүйесі бойынша 4-ші сыныпқа жатады. Есіл негізінен, фенолдар, магний секілді ластаушы заттармен ластанған", – деп хабарлады комитет.

Қазақстандағы жүктемесі сонша көп емес су қойма кешені – Жайық-Каспий бассейні. Соған қарамастан, бұлар да тартылуда. Неге? Себебі оның ағынының 71%-ы Ресейден келетін суға тәуелді. Ал солтүстік көрші бұл ағынның бойында қаптаған бөген-бөгет салып тастаған.

"Бассейннің негізгі проблемасы – Ресей аумағынан ластаушы заттардың төгілуіне және өзеннің шектен тыс реттелуіне байланысты Жайық өзенінің сарқылуы, таяздануы және ластануы болып табылады. Жайық – 4-сыныпқа жатады. Жайық өзені ауыр металдармен, мыспен, мырышпен, қорғасынмен, кобальтпен, никелмен, хроммен, темірмен басым ластанған. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында Жайық өзенінің ластануына Елек өзені айтарлықтай үлес қосады. Елек – максималды ластанған су көзі саналады. Ол бірқатар ауыр металдармен, соның ішінде хроммен, мыспен, фторидтермен, бор қосылыстарымен ластанған", – деді экология ведомствосы.

Бұған қоса, табиғи-климаттық себептерге байланысты соңғы жылдары Ойыл, Жем, Сарыөзен және Қараөзен өзендерінің ағындары азайып кетті. Бұл Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы экологиялық жағдайға теріс әсер етіп жатыр. Сондай-ақ дәл осы фактор аталған екі өңірдің экономикалық дамуына бөгесін болуда.

Бәрі сонша жаман ба?

Жоқ, қуанышты жаңалық та бар: талдау қорытындысы паш еткендей, Балқаш-Алакөл және Ертіс су шаруашылығы бассейндерінде жүктеме қалыпты, ал Тобыл-Торғай бассейнінде – су ресурстарына жүктеме төмен болып шықты. Тиісінше, Экология министрлігінің байламынша, шектес аумақтардан судың түсуі сақталған жағдайда "дәл осы су шаруашылығы бассейндерінде өңірлердің ары қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жеткілікті су-ресурстық әлеует бар".

Дегенмен Балқаш көлі мырыш, никель, марганецпен ластанғаны байқалады. Бұған оның жағалауына жақын орналасқан тау-кен өндірісі кәсіпорындары ықпал етуде. Бертіс және Тораңғалық шығанақтары барынша көп ластанған. Олар "Балқаштүстімет" өнеркәсіптік бірлестігі тарапынан техногендік ластауға ұшырауда.

Үкімет алдына Ертіс суының сапасын арттыру міндеті қойылып отыр. Өйткені Ертіс қазіргі кезде Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік және шаруашылық-ауыз су қажеттіліктерін сумен қамтитын донор саналады. Әзірге ол нашарлау 4-ші сыныпқа жатады. Бұл ретте Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларының гидроэнергетикалық режимде жұмыс істеуіне байланысты қар қалың жауған жылдары, көктемгі су тасқыны кезінде Ертіс жағасын су шаю проблемасы бар. Сондықтан бұл бассейндегі бос су ресурстарын Үкімет болашақта судан тарыққан өзге өңірлерге лақтыру мәселесін қарастырады. Бұл жобаның іске асу-аспауы экологиялық, экономикалық орындылығына байланысты болады екен.

Тобыл-Торғай бассейнінің су ресурстары – 2,1 текше шақырым. Оның ағынының тек 29%-ы Ресей аумағында қалыптасады. Елімізде жалғыз Тобыл-Торғай бассейні ғана ең жоғарғы І топқа жатады. Әйтсе де, мұнда да мәселе бар. Ауызсу ретінде тұтыну барысында оның суының 20%-ы босқа ысырап болады екен.

Тобыл өзеніндегі су сапасы алаңдаушылық туғызады. Тобыл еліміздегі суының сапасы ең нашар өзеннің бірі, ол ең соңғы 5-ші сыныпқа жатады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу