Қазақстандық күріштің экспорты 10%-ға төмендеген

7191

Оған Ресейге жеткізудің азайып кетуі себеп болған, алайда жарма дақылдарының бір тоннасының орташа экспорттық құны бір жарым есе қымбаттаған.

Қазақстандық күріштің экспорты 10%-ға төмендеген

Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларындағы нақты көрсеткіште күріш экспорты 10%-ға немесе 5,3 мың тоннадан 51,6 мың тоннаға дейін түсіп кеткен. Аbctv.kz кедендік статистика мәліметтерімен танысып, күріштің бір тоннасы 46%-ға дейін өсуінен, ақшалай көрсеткіште шетелдік жеткізу көлемі үш есе өскенін анықтады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, биылғы жылдың 1 тамызына дейін Қазақстан 14,6 млн долларға 51,9 мың тонна күріш экспорттаған, ал былтырғы жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіш 11 млн долларға 56,9 мың тонна күріш экспортталғанын көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шарауашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті сарапшысы Сағынтай Жұмажановтың айтуынша, биылғы жылғы экспорт көлеміне суық, ұзаққа созылған көктем қатты әсер еткен.

"Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл күріш егетін жерді 2,7 мың гектарға қысқарттық. Қазір астықты жинап жатырмыз, жартысын жинап та қойдық. Жиналған астық та төмен болып отыр, шамамен бір гектардан бес центнер астық жиналуда. Былтырғы жылы жиналған астықтың таза салмағы 489 мың тонна болған, ал еліміз бойынша күріш егілген алқап 104,7 мың гектарды алған болатын", – деді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі күріштің экспорттық бағасының өсуін қалыпты деп бағалап, бұл беталысты әлемдегі астық өндірісінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Статистика бойынша, биылғы жылдың жеті айында қазақстандық астықты Ресей мен Тәжікстан көп сатып алған, яғни Ресей 19,9 мың тонна, ал Тәжікстан 14,8 мың тонна күріш сатып алған.

Бір айта кетерлігі, отандық күріштің бір тоннасын 232 долларға сатып алған Тәжікстанға қарағанда Ресейге арзанға түскен, яғни Ресей бір тонна күрішті 229 доллардан алған. Бұл ретте ресейлік бағытқа күріш сату көлемі 40%-ға немесе 13 мың тоннаға төмендеген.

Отандық күріш өсірушілердің жоғалтқан көлемін Украина мен Әзербайжан нарығы толтырған, бұл елдерге 6 мың тоннадан күріш сатылған. Бұл ретте егер Украина күріштің бір тоннасын 339 доллардан алған болса, Әзербайжан 459 доллардан (барлық жеткізудің бір тоннасы 1,6 есе қымбат немесе 282 доллар болған) алған. Осы арада соңғы екі жылда Әзербайжан қазақстандық күрішті сатып алуды күшейтіп отырғанын айтып кету керек. Былтырғы жылы Әзербайжанға экспортталған күріш бес есе, 2 мың тоннаға дейін өскен, ал қазір үш есе, 6 мың тоннаға дейін өсіп отыр.

Қазақстандық күрішті сатып алатын елдер қатарында тағы Қырғызстан, Ауғанстан (1 мың тоннадан), Моңғолия (1,6 мың тонна) бар. Бұл ретте Моңғолияға жеткізудің кедендік құны бір тонна күріш үшін 581 доллар болған.

Еске сала кетер болсақ, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан экспортталған күріштің нақты көрсеткіші 41%-ға өсіп, 98 мың тонна болған. Ақшалай көрсеткіште 34%-ға өсіп, 22 млн тоннаға дейін жеткен. Жалпы Қазақстан өзін отандық күрішпен толық қаматамасыз етеді. Бұл дәнді-дақылдың 80%-ы Қызылорда облысында өндіріледі. Болжам мәліметі бойынша биылғы жылы елімізде 460-470 мың тонна астық жиналуға тиіс. Салалық ведомствоның айтуынша, Қазақстан күрішті импорттауды айтарлықтай төмендеткен.

"2017 жылы импорт небәрі 2,3 мың тонна болған. 40 мың тоннаға дейін сатқан кездеріміз болған", – деп қорытындылады Жұмажанов.

Айгүл Төлекбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу