Жарма өндірісі ішкі тұтынуды толық жабуға таяды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6302

Қазақстандықтардың ас мәзірінде жарма түрлері басымдық алуда.

Жарма өндірісі ішкі тұтынуды толық жабуға таяды

Сарапшылар бұл өнімді "дағдарыстық тамақ" деп бағалайды. Себебі, күйзелісті кезең туындағанда, халық ең алдымен азық-түліктің осы түрінен қор жасайтыны мәлім. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, азаматтар бұл қорларын арттыруда.

Тиісінше, жармалар өндірісі Қазақстанда өткен жылмен салыстырғанда, бірден 17%-ға ұлғайды.    

Айта кету керек, бір жыл бұрын еліміздегі ең қымбат жарма түрі – қарақұмық болатын. Бірақ одан бері нарықтағы жағдай өзгеріп шыға келді. Өйткені бұқара халық қарақұмықтан біршама бас тартып, сұлы жармасына бет бұрған.

Нәтижесінде, қарақұмық жармасының бір келісінің бағасы өткен жылғы шілде айынан бері 29,7%-ға құлдырап, 256,5 теңгеге дейін түсіп кетті. Ал ең танымал сұлы жармасының құны бір жыл ішінде 6,5%-ға қымбаттап, әр келісі үшін орташа алғанда 317 теңгеге жетті.

Қазақстандықтардың бұл таңдауын диетологтар қолдайды. Олардың айтуынша, сұлы жармасының құрамында темір, кальций, калий, натрий, фосфор және мырыш бар. В, Е, К және басқа топтарға жататын дәрумендері де жетерлік екен.

"Мысалы, Шотландияда оны porridge деп атайды және ол осы елдің басты бір тамағы болып есептеледі. Шотландықтардың және ағылшындардың денсаулығының мықтылығының бір себебі де сол саналады. Оның үстіне, сұлы жармасында бета-глюкан бар, ол холестеринді тосқауылдайды. Оның пайдалы қасиеттері қырық шақты салмақты зерттеулер қорытындысында дәлелденген. Осыдан кейін АҚШ-та сұлы жармасы қаптамаларына: "Сұлы жармасы ботқасындағы талшықтар жүрек ауруларының дамуы қаупін төмендетуі мүмкін..." деп жазуға ресми түрде рұқсат етілді. Ондағы бета-глюкан холестерин деңгейін төмендетеді, қан тамырларының қабырғасындағы түйіншектердің қалыптасуын бөгейді. Сондай-ақ оның құрамында шаршағандықпен, ұйқысыраумен күресетін, асқазан ісігінің туындау қаупін азайтатын биотин де бар", – дейді отандық диетолог Райым Жайсаңбаев. 

Бірақ сонымен бірге, бұл жарма түрі бүйрегінің дерттері бар адамдарға зиян келтіруі ықтимал көрінеді. Бұған қоса, сұлы жармасын шектен тыс көп жеу кальцийдің сіңуін тежейтін фитин қышқылының ағзада өте көп жиналуына соқтырады.

Үкіметтің нарыққа жүргізген талдауы жарманың басқа да түрлері азаматтардың сүйікті асы болып табылатынын көрсетті. Мәселен, тары жармасы осы қатардағы "үштікке" кіреді және былтырдан бері бағасы да 4,4%-ға жоғарылаған. Сөйтіп, қазір бір келісі орташа алғанда, 215,9 теңге тұрады.

Ұнтақ жармасы да одан қалысар емес: бүгінде оның әр келісі 214,1 теңгеге бағаланады. Рас, бағасы өткен жылғыдан сәл ғана, тек 0,6%-ға артқан.

Еліміздегі ең арзан жарма түрі – арпа жармасы болып отыр, оның бір келісі 169,3 теңге шамасында және бір жылда 2,6%-ға қымбаттаған.

Жармалармен аты қатар аталатын күріштің әр келісінің құны Қазақстан бойынша тамыз қорытындысында 298,5 теңгеге жетті, бұл өткен жылғы тамыздағыдан 4,4%-ға көп.

Әр өңірдегі жағдайға келсек, жағдай өзгеше. Атап айтқанда, ең қымбат сұлы жармасы Атырауда (1 келісі 418 теңгеге барады). Ал ең арзаны Қарағандыда (188 теңге).

Қарақұмық жармасы елордамыз Астанада жоғары бағаланады (1 келісі 351 теңге). Ақтөбе облысында оны екі есе дерлік арзанға (162 теңге) табуға болатын көрінеді.

Тары жармасының құны Атырауда 277 теңгеге дейін шарықтаса, керісінше, Ақтөбе мен Павлодарда тиісінше 157 және 160 теңгеге дейін төмендеген.

Ұнтақ жармасының ең қымбаты Атырау (321 теңге) мен Ақтауда (300 теңге). Ал ең арзаны Ақтөбе (168 теңге) мен Павлодар (180) тұрғындарына қолжетімді екен.

Арпа жармасы әлі күнге Астанада қымбат: дүкендер мен базарларда келісі үшін 277 теңге және одан да көп ақша сұрауы мүмкін. Қарағандыда болса, бұл жарма түрін сатушылар әр келісін 121 теңгеге өткізсе, қанағат тұтады. Сондай-ақ Ақтөбе нарығында да ұсыныс 125 теңгенің ар жақ-бер жағында деседі.

Ең қымбат күріш те қазіргі кезде бас қаланың еншісінде (әр келісі 435 теңге). Ең арзан күріш "ақмаржанның астанасы" Қызылордада (216 теңге) және Түркістан облысында (220 теңге).    

Жыл басынан бері Қазақстанда 46,2 мың тонна жарма және 103,4 мың тонна күріш өндірілген.

Елімізде жарманың негізгі өндірушілері Павлодар облысы (барлық өндірістің 40,7%-ы соған тиесілі), ШҚО (23,2%) және Астана (16,3%) болып табылады.

Отандық ең бір ірі жарма өндіруші "Цесна-Астық" концерні саналады. Айтқандай, біршама танымал "Сұлтан" жармалар бренді аты қазақша болғанымен, отандық өнім болып табылмайды, ол өндірістері мен қоймалар кешені Новосібірде орналасқан ресейлік "Пассим" компаниялар тобының меншігінде. Тек ұн мен макарон өнімдеріне қатысты "Сұлтан" бренді ғана Петропавл қаласында орналасқан қазақстандық "Султан-ЭММК" АҚ-ына қарайды.

Дегенмен, қазіргі уақытта отандық өндірушілер кірме импортерларды өз нарығымыздан сенімді түрде ығыстыруда. Соның арқасында осы сектордағы ішкі сұраныстың 95,9%-ын төл өндірісіміз қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар, қазақстандық жарма жасаушы кәсіпорындар экспорттық экспансиясын да өрістетуде: сыртқы нарықтарға жеткізілімдер көлемі 26,4%-ға өскен. Нақтырақ айтсақ, Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, егер өткен жылдың бірінші тоқсанында шетелдік нарықтарға 25 мың 253 тонна жарма жөнелтілсе, биылғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 31 мың 917 тоннаға жетті.

Ал қазақстандықтар жыл басынан бері 75 мың 150,1 тонна жарма ботқасын жеген. Салыстыру үшін келтірсек, былтыр тек 68 мың 32,5 тоннасын тұтынған болатын.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу