ДДСҰ: Әлем пандемияға әзірленуі керек

5900

Дүниежүзінде коронавирус жұқтырғандар 79 мыңнан асып, жұмбақ инфекция Таяу Шығысты да шарпи бастады. 

ДДСҰ: Әлем пандемияға әзірленуі керек

Әлем коронавирустың пандемияға ұласып кету мүмкіндігін  тежей алмайтын жағдайға тез беттеп барады. Сарапшылардың ескертуінше, COVID-19 қазір өзін тоқтатуға жұмсалып жатқан күш-жігерден басым түсіп отыр. Италия мен Иранда ішкі сапарлар қатаң шектеліп жатса, Оңтүстік Корея президенті елде инфекциялық қауіп дабылын қызыл түске дейін көтерді.

Осыдан екі күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Абханом Гебрейесус мәлімдеме жасап, халықаралық қауымдастықты жұмбақ пневмониямен күрес "мүмкіндіктерінің терезесі" мүлдем жабылып қалмай тұрғанда, шұғыл әрекетке көшуге шақырды.

Сарапшылардың есебінше, планетада коронавирусқа шалдыққандар саны 79 мыңнан асып, 2670-ке жуық адам жән тәсілім еткен. Ал, жұманың кешінде Италияның солтүстігіндегі 50 мыңдай адам тұратын 11 қалашық тура Қытайдың Хубэй провинциясы тәрізді оқшауланып, көшелері патрульдік полицияның бақылауына өтіп, вирус өршіген аудандарға аяқ басқандар немесе олардан аттап шыққандарға айыппұл салына бастады. Ал, Иранның 14 провинциясында мектептерді, университеттерді және өзге де оқу орындарын жабуға бұйрық беріліп отыр.  Ислам Республикасында коронавирусты 61 адам жұқтырып, 12 тұрғын  қайтыс болды. Сонымен қатар, дүйсенбі күні коронавирус Иракта, Ауғанстанда, Оманда, Кувейтте, Бахрейнде алғаш рет тіркелді. Ол адамдардың барлығы бұл мемлекеттерге жақында Ираннан оралған.

Оңтүстік Кореядағы жағдай да тым қауіпті. Мұнда сейсенбі күні коронавирус табылған адамдар саны 890-нан асып, одан 8 тұрғын қайтыс болды. Сондай-ақ Кореяда Иса Пайғамбар шіркеуінің  9 мыңнан астам мүшесі карантинге жабылып, тағы мыңдаған мінәжат етуші скринингтен өткізілді.

Пандемияға жеттік пе?

Сөйтіп, жер шарында коронавирус жұқтырғандар тез көбейіп келеді. Жаңа вирус жұқтырған кейбір топтың Қытаймен еш байланысы болмаған. Сонда бұл ауру оларға қалай жетті? Ғалымдар қазір осы сауалға жауап іздеп жатыр.

"Пандемия" деген сөз  ажал вирусы әлемнің көптеген бөлігінде адамнан-адамға жеңіл беріле бастаған жағдайда қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сенсек, планета әзірге ондай ахуалға жете қойған жоқ және де короновирус ғаламдық пандемиялық дәрежеге көтерілмеуі үшін әлі де көбірек күш жұмсалуы керек.

Дегенмен, кейбір зерттеушілер планетаның қазір пандемиялық жағдайда жеткенін немесе оның алғашқы сатысында тұрғанын айта бастады.

Уақыт өтіп барады

Шығыс Англия университетінің медицина профессоры Пол Хантердің сөзі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедростың мәлімдемесімен үндес. Британдық ғалымның пікірінше, коронавирусты ауыздықтайтын уақыт өтіп барады.

"Жақында ДДСҰ-ның бас директоры қазіргі эпидемияны бақылауға алатын мүмкіндіктер терезесінің жабылуға жақын екенін айтқан еді. Соңғы 24 сағатта біздің ғаламдық пандемияның алдын-алуға қауқарымыздың таусылатынын ескертетін уақыт таяп тұр", – дейді ол "Гардиан" газетіне берген сұхбатында.

Хантердің сөзінше, Қытайда COVID-19-ды жұқтыру фактілері азайып келе жатқанымен, өткен аптаның соңында "өзге жерлерде оқиға қатты алаңдатарлықтай" деңгейде өрбіпті. Оның ойынша, Ирандағы коронавирусқа қатысты жағдай Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстардың ауқымынан да кеңірек етек алуы мүмкін. Айта кетсек, дүйсенбіде бұл аурудың Ауғанстанға да жеткені мәлім болды.

Оксфорд университетінің математикалық эпидемиология ғалымы, доктор Робин Томсон айтқандай, Италияда коронавирус жұқтырғандар жұма-сенбі күндері екі есеге көбейді. Оны тез шектеу – қатерлі инфекцияның адамнан-адамға беріліп, бүкіл Еуропаны шарпуына жол бермеу жолындағы маңызды қадам.

Дүйсенбі күні Италияда коронавирустан қайтыс болғандар саны бесеуге жетіп, 150-ден астам тұрғын оны жұқтырғандар тізіміне алынды. Науқастың көбі Милан маңындағы Кодогно деген шағын қалада анықталған. Осыған байланысты әйгілі Венеция фестивалі уақытынан екі күн бұрын аяқталып, Миланда Армани сән апталығы доғарылды.

Иранға оралсақ, мұнда коронавирус Тегеран, Қом, Гилан, Маркази, Тонекабон тәрізді қалалардың тұрғындарынан табылып отыр. Осыған байланысты Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Түркия Ислам Республикасымен арадағы құрлықтық шекарасын жапты.  

Иордания болса, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея және өзге елдерден келген жолаушыларды өз аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдап отыр. Ал, Жапонияда Diamond Princess круиздік лайнерінен кетуге рұқсат берілген әйелден сенбі күні коронавирус табылғандықтан, жергілікті үкімет халықтан кешірім сұрауға мәжбүр. Сонымен қатар, бұл оқиға осы елдің өршіген вируспен күресуге қауқарына қатысты қосымша сұрақ туындатып отыр.

Парламент сессиясы доғарылды

Қытай президенті Си Цзиньпин болса, вирустық эпидемияны "қатыгез әрі күрделі" деп атап, оның өршуін тоқтатуға көбірек күш жұмсауға, индустрияны қайта жандандыруға және дауасы жоқ індеттің көктемгі егісті тоқтатуына жол бермеуге шақырды. Тағы бір сөзінде ол Коммунистік партияның эпидемияға жауабын "дер кезінде әрі тиімді" деп қорғаштап, мәлімдеме жасады.

Дүйсенбінің кешінде белгілі болғандай, Қытайда 5 нарызда ашылуы тиіс парламент сессиясы кейінге қалдырылды. Елдің түкпір-түкпірінен 3000-дай халық өкілі қатысуға тиіс алқалы жиынның енді қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу