Оңтүстік Кореядағы демографиялық ахуалдың нашарлауы елдің өркендеуін тежеуі мүмкін. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады. Ресми дерек бойынша, елдегі туу көрсеткішінің төмендеуі 2020 жылы халық санының азаюына әкеліп соғуы мүмкін.
2016 жылы жергілікті билік жариялаған дерек бойынша, 2023 жылға қарай халық саны ең жоғарғы көрсеткішке жетуге тиіс.
Биыл наурыз айында жарияланған құжатқа сүйенсек, 2019 жылы Оңтүстік Кореядағы халық саны 51 млн-ға жетеді. Ал 2067 жылы бұл көрсеткіш 34 млн-ды құрайды.
2065 жылы жасы 65-тен асқандардың саны халықтың тең жартысын құрауы мүмкін. Бұл өз кезегінде елдің әскери әлеуетіне зор нұқсан келтірмек. Қазір АҚШ, Канада және Австралия елдеріндегі жасы 65-тен асқан адамдар халықтың төрттен бір бөлігін құрайды.
2018 жылы елдегі туу коэффиценті 0,98-ге дейін түсіп кеткен.
2017 жылы Оңтүстік Кореяның 14 % 65 жас шамасында болған. 15-тен 64 жасқа дейінгілер арасындағылардың 73% еңбекке жарамды, ал 2065 жылға қарай бұл көрсеткіш 46%-ға қысқаруы мүмкін.
2015 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жасы 20 мен 44 арасындағы ер адамдардың 58%-ы әйел адамдардың 48%-ы некелеспеген. Сарапшылардың есебі бойынша,бұған баланы өсіруге кететін шығынның көптігі, жастар арасындағы жұмыссыздық пен жұмыс істейтін әйелдердің қызметпен қоса үй шаруасын алып жүру керектігі сияқты факторлар әсер етіп отыр. Соңғы дерек бойынша, 2018 жылы босанған әйелдердің 30%-ның жасы 35-тен асқан.
Халық санының кемуі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Қоғамның "қартаюы" инвестиция өсімі мен өнімділікті тежеп, ЖІӨ өсімін бәсеңдететіні анық.
Үкіметтің пікірінше, еңбекке жарамдылар санының қысқаруы салдарынан әлеуметтік қамсыздандыруға кететін шығын көлемі өседі.
Hyundai Research Institute дерегі бойынша,2030 жылы ел өсімінің қарқыны 2,7%-дан 1%-ға кемуі мүмкін.
Ресми Сеул 2016 және 2018 жылдары аралығында елдегі туу көрсеткішін көтеру мақсатында 97 млрд доллар бөлген болатын. Билік ақы төленетін декреттік демалыс енгізіп, белсіздікті емдеуге субсидия бөліп, балаларға көрсетілетін медициналық қызметті тегін қылған еді. Дегенмен аналитиктер: "қоғамның "қартаюы" үкімет үшін әлі күнге дейін негізгі түйткілдердің бірі болып саналады", – дейді.
"Экономикалық өсім әлеуетін арттыру үшін әйелдер үшін қолайлы жұмыс ортасын құру, иммиграциялық саясатты жеңілдету және жағымды инвестициялық ортаны қалыптастыру қажет", – дейді сарапшы Хон Джунхе.
"Мұндай қарқынмен зейнетақы жүйесін тиісті деңгейде сақтау қиын. Қазіргі саясатта, әсіресе көші-қонға қатысты саясатта түбегейлі өзгеріс қажет", – дейді Йонсей университетінің экономисі Сун Тэ Юн.
Кейбір сарапшылар отбасыны қолдауға бағытталған бағдарламалар туу көрсеткішіне айтарлықтай оң әсерін бере қоймас деген пікірде.
Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның қосылуы демографиялық түйткілді шеше ала ма? БҰҰ-ның дерегі бойынша, Солтүстік Кореядағы туу көрсеткіші біртіндеп төмендеп барады. Қазір бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін кеміген.
Korea Economic Institute директоры әрі ғылыми қызметкері Троя Стангароненің айтуынша, Шығыс Германиядағы бала туу көрсеткіші Батыс Германиямен біріккеннен кейін 0,8-ге дейін құлдырап кеткен. Ол қос Корея біріккен немесе тығыз экономикалық байланыс орнатқан күннің өзінде Оңтүстік Корея осындай жағдайды басынан өткізуі мүмкін деп болжап отыр.
Азиядағы экономикасы ірі төртінші мемлекетке қазіргі демографиялық ахуалды реттеу қиынға соқпақ. Бұл Солтүстік Кореядағы тұрақсыздықты жеңу немесе Жапониямен қарым-қатынасты қалпына келтіруден де ауырлау болайын деп тұр.
Табиғат Нұрболат