Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыру жолындағы сәтсіздіктер

4268

Бүгін, сәуірдің 27-де екі Корея лидерлерінің тарихи саммиті басталды.

Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыру жолындағы сәтсіздіктер

Билл Клинтон мұнай мен реактор уәде етті. Джордж Буш қорқытты, бірақ көмек ұсынды. Ал, Корей түбегінің теріскейінде бірінші рет баллистикалық ракета ұшырылғаннан кейін Обаманың ынтасы мүлде жоғалды.

Сенбі күні Солтүстік Корея лидері енді континентаралық зымыранды көкке самғатпауға, ядролық сынақ полигонын жабуға сөз берді. Ким Чен Ынның  бұл туралы мәлімдемесі Сеул мен Вашингтонды қуантып тастағаны рас. Бірақ, күмән сейілген жоқ. Өйткені, Пхеньянды жаппай қырып-жоятын қарудан аластату жолындағы іс-әрекеттер ондаған жылдар бойы сәтсіздікке ұшырап келеді.

90-жылдардан бері Корей түбегінде осы мәселе бойынша талай-талай тайталас болып, келіссөздері үзілді, уәделер орындалмады. Мұның бәрі Солтүстік Кореяға тіпті термоядролық бомба жасап, құрлықтан құрлыққа жететін баллистикалық ракетаны дамытуға уақыт берді. Демек, Кимдерге бұл жолы да сену қиын.

Сәуірдің 27-і, жұма күні Солтүстік пен Оңтүстіктің лидерлері ядролық дипломатияда жоғары деңгейдегі келіссөздерді бастайды. Ал, мамырда немесе маусымда Ким Чен Ын Трамппен кездесейін деп отыр. Қай жерде екені белгісіз әзірге.

Солтүстік Кореямен бұрын өткен келіссөздер немен аяқталды?

1994
90-жылдардың басында Солтүстік Корея Атомдық қаруды таратпау туралы келісімнен шығамын, ядролық отынымды бомбаға айналдырамын деп Америкаға талай рет сес көрсетті. Бірақ, 1994 жылы қазан айында Билл Клинтон әкімшілігі мен Пхеньян "Келісілген шек" деген құжатқа қол қойды. Оған сәйкес, Солтүстік Корея Құрама Штаттар атом қаруы жасалып жатыр деп күдіктенген екі реакторының жұмысын тоқтатты. Олардың орнына Вашингтон бұл мемлекетке электр қуатын өндіретін екі реактор беруге және жыл сайын 500 000 текше тонна мұнай жеткізіп тұруға келісті.

Алайда, бұл пәтуаның ғұмыры ұзаққа бармады. Солтүстік Корея мұнай келмеді, АЭС-қа қажетті реакторлар келмеді деп шағымдана бастады. АҚШ болса, Пхеньянды баллистикалық зымыран жасамақ деп айыптады. 1998 жылы Ким режимі Жапонияның үстінен екі ракета ұшырды. Кейін Ақ үйде билік ауысты.  "Келісілген шек" Вашингтонның саяси қолдауынан айрылды. 2002 жылы қаңтарда Джордж Буш халыққа алғашқы үндеуінде Солтүстік Кореяны Иран, Иракпен бірге "зұлымдық ошағы" елдері тізіміне қосты. Пәтуа өз күшін мүлде жойды. Солтүстік Кореяға Америка жағалауынан мұнай танкерлері аттанбайтын болды; Пхеньян ядролық қару бағдарламасын дамытуға біржола кірісті.

2005
Вашингтонның қатаң ұстанымына ашынған Солтүстік Корея 2003 жылы атомдық құралға қол жеткізгенін төрткүл дүниеге жариялап, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен шығатынын ескертті.

Сондықтан, Құрама Штаттар 2003 жылы тамызда Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Ресей жүргізуге тиіс алтыжақты келіссөздерге қайта оралды. Бұл қызу әңгіме бірнеше айға созылды. 2005 жылдың қыркүйегінде Пхеньян қауіпсіздік, экономикалық және энергетикалық дивиденд үшін өзінің ядролық қару бағдарламасын доғаруға әйтеуір көнді. Бірақ, бұл уағдаластық да көпке бармады. Сол жылы АҚШ-тың қаржы министрлігі Солтүстік Кореяға заңсыз ақша жөнелтті деген себеппен, Макао банкімен арадағы байланысты үзді. Пхеньянның халықаралық қаржылық транзакциялары үлкен кедергілерге тап болды. Алтыжақты келіссөздер қайта тығырыққа тірелді. 2006 жылы қазан айында Солтүстік Корея алғаш рет ядролық қару сынады. 

2007
Атомдық сынақтан кейін бірнеше апта өткенде, Солтүстік Корея Корей түбегін ядролық қарудан тазарту жайындағы алтыжақты келіссөздерге оралуға келісті. 2007 жылы ақпан айында Құрама Штаттар өзге төрт елмен бірігіп, Солтүстік Кореяға 400 миллион доллардың көмегін беретінін мәлімдеді. Соның есесіне Ким Чен Ир үкіметі елдің ядролық нысандарын істен шығарып, халықаралық инспекторларды мемлекет аумағына қайтаруға тиіс болды.

Шындығында да 2008 жылы маусым айында Солтүстік Корея Нионбиондағы реакторының салқындатқыш мұнарасын құлатты. Бірақ, сол жылы қыркүйекте Пхеньян плутонийді қайта өңдеу процесін тағы да жандандыратынын хабарлады. Өйткені, оның сөзінше, Вашингтон Солтүстік Кореяны терроризмді қолдаушы елдер тізімінен шығарамын деген уәдесінде тұрмаған.  

Буш әкімшілігі Солтүстік Кореяны 2008 жылы қазанда "қара тізімнен" шығарды. Ресми Пхеньян ядролық нысандарды бұзуды әрі қарай жалғастыруға сөз берді. Алайда, Бушқа бұл шаруаны аяғына жеткізудің сәті түспеді. Сол жылы желтоқсан айында Солтүстік Корея атомдық объектілерінің жойылғанына көз жеткізгісі келген инспекторларды өз аумағына кіргізуден бас тартты.

Алтыжақты келіссөздер қайта тұралады. Обама президенттік қызметіне кіріскен соң бірнеше ай өткенде, яғни, 2009 жылы мамырда Солтүстік екінші атомдық сынақ жасады.

2012
Әкесі қайтыс болғаннан кейін араға бірнеше ай салып, 2012 жылы ақпанда, Солтүстік Кореяның қазіргі басшысы Ким Чен Ын Барак Обама әкімшілігімен ядролық-зымырандық сынақтарды және уран байытуды тоқтатуға келісім берді. Сонымен қатар, ол АҚШ-тан азық-түлік алу үшін халықаралық инспекторларды елдің атомдық іс-әрекеттерін бақылауға жіберуге де уәде етті. 

Алайда, сол жылдың сәуірінде Вашингтон бұл пәтуаны да жойды. Себебі, Пхеньянның ұзақ қашықтыққа арналған және жерсерік таситын ракета ұшырғаны белгілі болды. Кейін сол сынақтың сәтсіз аяқталғаны белгілі. 2012 жылдың желтоқсанында  Солтүстік Корея тағы бір ұзақ қашықтыққа арналған зымыранды сәтті сынап, кеңістікке спутник шығарғанын мәлімдеді.

2013 жылы Ким Чен Ын ядролық және экономикалық дамуды бірге жүзеге асыру саясатын жариялады. Оған сәйкес, Пхеньян елдің тек әскери айбынын арттыруға ғана емес, өндірісін де өркендетуге мән бере бастады.

2018
Былтыр Солтүстік Корея бірнеше мәрте қару сынады. Жер астында термоядролық бомбалар ұстады; АҚШ-тың құрлықтық территориясына жететін баллистикалық ракетаны үш рет ұшырды. Бірақ, қос Корея қатынастары Кимнің жаңажылдық сөзінен кейін біршама жақсара бастады. Ким Чен Ынның қарындасы ақпан айында Пхенчханда өткен Қысқы ойындарға барып, ағасының Оңтүстік Корея лидерімен бірлесіп, саммит өткізгісі келетінін ресми Сеулге жеткізді. Содан кейін Трамп пен Ким кездесуі мүмкін деген мәліметі жария болды.

Оңтүстік Коряға сенсек, Ким ядролық арсеналдан арылуға шын ниет білдіріп отыр. Бірақ, Солтүстік Кореяның атомдық қарудан бас тарту концепциясы Американың ұстанымымен ондаған жылдар бойы үйлеспей келеді. Сонымен қатар, Пхеньян АҚШ өз әскерін Корей түбегінен әкетсін және Оңтүстік Корея мен Жапонияны қорғауды доғарсын деген талап қойып отыр.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, қазір Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы айтарлықтай дамыған. Сондықтан, Кимнің мұндай қарудан бас тарта қоюы екіталай.

"Ким ядролық арсеналды біржола жою туралы ұсыныс жасамас", - дейді Сеулдегі Донггук университетінің Солтүстік Корея жөніндегі зерттеушісі Ко Ю Хван.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу