Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынмен кездескісі келетінін жариялағаны белгілі. Содан бері "Бұл саммит қайда өтеді екен?" деген сауал қазір көпшіліктің көкейінде тұр.
Айта кету керек, Ким Трамптың сенсациялық ұсынысына әзірге жауап бермей, үнсіз отыр. Ал, ресми Вашингтон мен Сеул келіссөздердің уақыты мен өтетін орнын әлі анықтамаған.
Бірақ, сарапшылар, бақылаушылар, ресми адамдар арасында пікірталастар, талқылаулар басталып кетті. Олардың болжамынша, келіссөздер Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда немесе екі Корея ортасындағы бірлескен қауіпсіздік ауданында өтеді. Өзге бір пайымдарға жүгінсек, Трамп пен Ким саммит үшін Азияның немесе Еуропаның бір елін таңдауы мүмкін.
Бірлескен қауіпсіздік ауданы, Панмунджом
Бірлескен қауіпсіздік ауданы Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасын бөліп тұрған әскери демаркациялық жолақ бойындағы Панмунджом қаласында орналасқан. Ким-Трамп саммиті дәл сол жерде өтуі ықтимал. Сонымен қатар, мұнда екі Корея әскері бір-біріне бетпе-бет тұр, бұл аздай онда Біріккен Ұлттар Ұйымының командалық күштері шоғырланған.
"Швейцария, Швеция,Чеджудо аралына (Оңтүстік Корея) қазір назар ерекше. Бірақ, біз бірлескен қауіпсіздік ауданын да орынды таңдау деп есептейміз", - дейді Оңтүстік Корея президентінің резиденциясы – Көк үйде қызмет ететін атын атамаған өкілдердің бірі.
Дегенмен, бірлескен қауіпсіздік ауданын кейбіреулер бейбіт келісім жасайтын жер емес, Корей соғысының символы деп есептейді. Дегенмен, кездесу осында өтетін болса, екі лидерге өз қауіпсіздік күштерінен ұзап керек емес. Және де Трамп пен Ким әлем жұртына "дұшпан елдің" астанасына (Вашингтон немесе Пхеньян) барып, бас иіп тұрғандай көрінбейді.
Оның үстіне, Ким Чен Ын келесі айда Панмунджомның бірлескен қауіпсіздік ауданында Оңтүстік Корея президентімен алғаш рет кездесуді жоспарлап отыр.
"Егер бейбіт келісімге тікелей тартылып отырған Солтүстік Корея мен АҚШ Панмунджомда саммит өткізетін болса, бұл қала араздықтың емес, татулықтың символына айналар еді", – дейді Оңтүстік Корея президентінің өзге бір өкілі.
Чеджудо аралы
Ким-Трамп кездесуіне лайықты орындардың тағы бірі – Чеджудо аралы екен. Оған Корей түбегінен қайықпен де, ұшақпен де жетуге болады.
Солтүстік Корея лидерінің әкесі – марқұм Ким Чен Ир көзі тірісінде әуе машиналарына отырудан қорыққаны белгілі. Бірақ, оның ұлы Ким Чен Ын бұл жағынан батылдау тәрізді. Ол ресми фотоларға кейде ұшақтан түсіп келе жатып, кейде аэропланның салонында отырып түседі.
Ай-күні белгісіз саммит жөнінде талқылауға қатысқан Йонсей университетінің профессоры Джон Делюридің сөзінше, "Чеджудо аралында жан бар, ол трагедияның бастауы болса да, сұлу табиғатымен көз тартады".
Сонымен қатар, бұл аралда жыл сайын мамыр айында "бейбітшілік пен гүлдену" форумы өтіп тұрады.
"Бейбітшілік аралы ретінде Чеджудо – Солтүстік Корея-АҚШ саммитін ұйымдастыруға таптырмас орын" , – дейді осы аралдың губернаторы жақында таратқан бір мәлімдемесінде.
Еуропа
Ал, Еуропаның Швейцария, Швеция тәрізді бірнеше елі Трамп пен Ким үшін бейтарап территория болуы мүмкін. Бұл екі мемлекет халықаралық аренада арағайындық әрекеттерімен танымал. Екеуі де – 1953 жылғы Корей соғысынан кейін Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы қатынастарды реттеуге атсалысып жүрген Бейтартарап елдердің бақылау комиссиясына мүше.
Бала күнінде, яғни, өткен ғасырдың 90-шы жылдары Ким Чен Ын өгей бауырларымен бірге Швейцариядағы элиталық мектепте оқыды. Бірақ, Кимнің Батыстағы өмірі оның автобиографиясының бір бөлігі ретінде ресми түрде мойындалмай отыр. Өйткені, коммунистік режим Кимнің Швейцариядағы білім алған шағын оның өмірбаянына қосатын болса, сол заманда Солтүстік Кореяны жайлаған сұмдық кедейшілікке дүние назарын аударудан қауіптенеді.
Швейцария сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл конфедерация Ким мен Трампты кездестіруге әзір және сол үшін екі жақпен де байланыс орнатып жатыр.
Тура осыған ұқсас мәлімдемені сенбі күні Швеция премьер-министрі де жасады. Бұл корольдік осыған дейін бірнеше рет бейресми келіссөздерді өткізді. Сонымен қатар, жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Швецияға таяуда Солтүстік Корея сыртқы істер министрі сапар шегуі мүмкін.
Азия
Бейжің, Сингапур, Ханой, Ұланбатыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл қалалар да Ким мен Трампты беттестіруге әбден лайық.
Мәселен, Бейжің – Пхеньянның ең мықты, ең алып арқасүйерлерінің бірі. Оның үстіне, Қытай астанасында 2003 жылдан бері Солтүстік Кореяға қатысты талай рет келіссөздер өтіп, оларға Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ дипломаттары қатысты.
Дегенмен, кейінгі кездері Пхеньян мен Бейжіңнің арасы біршама суып кетті. Болжамдарға қарағанда, Трамп Американың басты бақталасы – Қытайдың бас қаласына сапар шегіп, Бейжіңге әлем назарын аударуды қаламас еді.
Моңғолия астанасы. Бұрын мұнда да Солтүстік Корея жайында келіссөздер ұйымдастырылды. Ұланбатырдың Вашингтонмен де, Пхеньянмен де байланысы жақсы.
Пхеньян немесе Вашингтон?
Ким Чен Ын 2011 жылы билікке келгелі, өз елінің аумағынан шетелге аттап басты дегенді ешкім естіген емес. Өйткені, сыртқа сапар шегу ол үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін.
Бұған дейін Солтүстік Корея мен Америка дипломаттары Пхеньянда бірнеше рет диалог жүргізді. Олардың бірі 2000 жылы АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт пен Ким Чен Ир арасында өтті. Құрама Штаттардың бұрынғы президенттері – Билл Клинтон мен Джимми Картер де бір кездері Пхеньянға барып, ресми адамдармен жүздесті.
Бірақ, Олбрайт Солтүстік Кореяға барамын деп, озбыр режимге дем берді деген сынға ұшырады. Сондай сынға Трамп та тап болуы мүмкін.
Құрама Штаттарға жол тартса, мұндай проблема Ким Чен Ынды да күтіп тұруы ғажап емес. Айта кетсек, осы күнге дейін Солтүстік Кореяның бірде-бір басшысы Вашингтонға барған емес.
Сондықтан, бірқатар бақылаушылардың ойынша, көпшіліктің көңілінен шығу үшін Трамп пен Ким ядролық қару мен санкция мәселелерін бейтарап территорияда талқылауға мәжбүр болады.
Арыстан Рысбек