Солтүстіккореялық жұмысшылар екі державаны дауға ұрындырды

4999

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Мәскеуді Солтүстік Кореяға жарияланған санкцияларды бұзды деп айыптады.

Солтүстіккореялық жұмысшылар екі державаны дауға ұрындырды

Америка Құрама Штаттары Ресейді Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларын бұзып, Солтүстік Корея азаматтарына өз жерінде жұмыс істеуге рұқсат берді деп айыптап отыр. Және де Вашингтон мұны "сенімді ақпаратқа" жүгініп хабарлайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі құр сөзбен шектеліп қалмай, РФ-ның бір банкіне санкция жариялап үлгерді. Өйткені ол банк Солтүстік Кореяның ядролық қарулар бағдарламасына қатысы бар және Вашингтонның "қара тізіміне" іліккен адамға қаржылық транзакциялар жасауға жәрдемдескен. Ресей болса, мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

Бұл дау АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Трамп-Ким саммитінен кейін екі айға жуық уақыт өткенде Сингапурға оралған күні көтеріліп отыр. Айта кетсек, қала-мемлекетке сапарында Помпео Солтүстік Кореяда ядролық қарудан арылу жолындағы жұмыстар Ким Чен Ын берген уәдеге сай жүргізілмей жатқанына шағымданған-ды.

"Уолл Стрит Джорнал" газетінің мәліметінше, Мәскеу былтыр күзден бері Ресей аумағына Солтүстік Кореядан мыңдаған адамды кіргізіп, оларға жұмыс істеуге рұқсат берген. Америкалық басылым РФ ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Ресейге қыркүйектен бері КХДР-дан 10 мыңнан астам жаңа жұмысшы еніпті. "Джорналдың" дерегінше, бұл жағдай Біріккен Ұлттар Ұйымының Солтүстік Кореяны атомдық арсеналдан бас тарттыруға бағытталған санкцияларына қайшы келуі мүмкін.  

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің солтүстіккореялықтарды қабылдап, оларға жұмыс беруі  Пхеньянның ең ірі сауда серіктесі – Қытайдың да АҚШ бастаған халықаралық санкцияларды орындау міндеттемелеріне қатысты сауал туындатуы мүмкін.

"Келіссөздерде құн қалған жоқ"
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын маусымның 12-де Сингапурда тарихи саммит өткізгені белгілі. Қатаң экономикалық бұғаудан құтылудың жолын іздеп жүрген Ким сол кездесуде Корей түбегін ядролық қарудан тазарту үшін ауқымды жұмыс жүргізуге сөз берді. Алайда, Пхеньян бұл шаруаны нақты қалай жүзеге асыратынын толық жариялаған жоқ. Сондықтан, көптеген бақылаушылар Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартатынына күмән келтіріп отыр. 

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шетелдегі солтүстіккореялық жұмысшыларға қатысты резолюциясын Ресейдің орындамағаны жайлы сенімді ақпарат бізді қатты алаңдатты. Келіссөздерде құн қалған жоқ. Ресей Қауіпсіздік кеңесінде берген  уәделерімен санкцияларды қолдаудың орнына, оларды өз әрекеттерімен бұзып отыр", – дейді Құрама Штаттардың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Никки Хейли жұма күні жасаған мәлімдемесінде.

РФ мойындамады
Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі Александр Мацегора бұл мәліметті жоққа шығарды. Оның сөзінше, Мәскеу Солтүстік Кореядан өзге жұмыс күшін қабылдаған жоқ. Ал, жаңа құжаттар Ресейде бұрыннан бері ескі келісімшарт бойынша жұмыс істеп келе жатқан солтүстіккореялықтарға ғана берілген.

Сонымен қатар, "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында Мацегора мәлімдегендей, ол жұмысшылармен санкцияларға дейін келісім шарт жасалған және сол рұқсаттың мерзімі 2019 жылы қарашаның 29-да аяқталады.  Дегенмен, "Уолл Стрит Джорнал" газеті РФ Еңбек министрлігінен алынған құжатқа сүйене отырып, биылдың өзінде кемінде 700 солтүстіккореялыққа Ресейде жұмыс істеуге рұқсат берілгенін хабарлап отыр.

"Ресейдегі солтүстіккореялық жұмысшылар еліне жылына шамамен 150-300 миллион доллар ақша аударып отыр. Мәскеу Біріккен Ұлттар Ұйымының санкцияларын дереу әрі толық орындауға кірісуі керек", – дейді АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті.

Жұмысшылар жалақысының 90 пайызы режимнің сандығына түседі
"Джорналдың" мәліметінше, солтүстіккореялық жұмысшылардың шетелде еңбек етуіне тыйым салу – Пхеньянға жарияланған санкциялардың бір бөлігі. Өйткені, олар Ресейде адам төзгісіз жағдайда тапқан ақша Солтүстік Корея үкіметінің сандығына түсіп, атомдық қару бағдарламасын дамытуға жұмсалуы ықтимал.

КХДР ядролық амбициясы үшін халықаралық қаржы жүйесінен ажыратылғаны белгілі. Бірақ, соған қарамастан, ол басқа мемлекеттерге 100 мыңдай жұмысшы жіберіп, жылына 2,3 миллиард доллар пайда тауып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, солтүстіккореялықтар жат жұртта "құлша жұмыс істеп" тапқан жалақысының 90 пайызын Ким режиміне табыстайды.

C4ADS зерттеу ұйымының дерегінше, шекара асқан солтүстіккореялық жұмысшылардың 80 пайызы Ресей мен Қытайға барады. Бірақ, оларға қатысты шектеулер кейінгі кездері әлсіреп барады. Ал, АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдегендей, Ресейдің "Агросоюз" коммерциялық банкі Солтүстік Кореяның Сыртқы Сауда Банкінің Мәскеудегі бас өкілі Хан Чжан Су үшін "маңызды транзакция" жүргізген. Сонымен қатар, Вашингтон Мәскеуден Сумен қызметтес Ри Чжон Вон деген солтүстіккореялық азаматты да еліне депортациялауды талап етіп отыр. Өйткені, бұл екеуі Құрама Штаттардың "қара тізімінде" тұр.

Кимнің еліне мұнай да сатылып жатыр ма?
Ал, осыдан бірнеше күн бұрын Сеулдегі АСАН деген саяси зерттеулер институты осы мәселеге қатысты өз баяндамасын жариялады. Оған жүгінсек, 2015-2017 жылдары Мәскеуде орналасқан Тәуелсіз мұнай компаниясы Солтүстік Кореяға ресми құжатта көрсетілген мөлшерден әлдеқайда көп энергетикалық шикізат жөнелткен. Бірақ, Ресейдің Пхеньяндағы елшісі өз елінің Солтүстік Кореяға мұнай сатуды шектеу туралы халықаралық санкцияны бұзғанын жоққа шығарып отыр.

"Рейтер" болса, Ресейден Солтүстік Кореяға жанармай тиелген кемінде сегіз кеменің жол тартқанын хабарлады. Ал, құжат бойынша, бұл теңіз керуені басқа жаққа атттануы тиіс болған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу