Дінмұхаммед Қонаев демалған шипажай тозып тұр

Алия Ахмедиева Алия Ахмедиева
9303

Алматы облысындағы "Арасан" шипажайы инвестор іздейді.

Дінмұхаммед Қонаев демалған шипажай тозып тұр

Тамшыбұлақтан 50 шақырым қашықтықта Қазақстанның көне  шипажайларының бірі – "Арасан" орналасқан. Кезінде мыңдаған қазақстандық пен жақын және алыс шетелден келген туристердің денсаулығын дұрыстайтын орын болған шипажайдың бүгінде кетеуі кетіп тұр.

Демалыс орнының қақпасы жабық. Демалу маусымының қызған шағында демалушылардың үні де естілмейді. Сауықтыру орнының иесі Қанат Таукенов болса, шипажайдың жұмысын іске қосу үшін қаражатының тапшы екенін айтып қынжылады.

"Мен осы шипажайды сатып алу үшін жекеменшік банктен несие алған едім, осы күнге дейін соны төлеп келемін. Санаторий орналасқан кентке апаратын жол жоқ, сондықтан бұл жерге турист тарту қиын. Инфрақұрылым жасау үшін мемлекет тарапынан көмек қажет. Одан кейін кадр мәселесінде қиындық көп. Қазір бірнеше корпусты іске қосу үшін жөндеу жүргізуге тырысып жатырмыз. Жергілікті тұрғындар да кедергі келтіріп жатыр: олар қоршауды бұзып, бірегей радонды бұлақтарда кілемін, көлігін жуады, суару үшін малдарын айдап әкеледі.  Біздің шағымымызды жергілікті билік пен тәртіп сақтау органдары елемейді", – деді Қанат Таукенов.

Бизнесменнің айтуынша, "Арасан" сияқты шипажайды бір адам өз күшімен іске қоса алмайды, оған көп инвестиция тарту керек.

"Бұл шипажай кеңес заманында салынды, оған көп демалушылар келеді деп есептелген болатын. Бұл жерге қытайлық инвесторларды тартсақ жақсы болар еді, олар жұмыс істей біледі, өз мамандарын әкелер еді", – деді Қанат Таукенов.

"Арасан" шипажайы Талдықорған қаласынан 110 шақырым жерде, Жоңғар Алатауының солтүстік бөктерінде орналасқан. ХІХ ғасырдың соңында ашылған шипажайда құрамында натрий сульфат-хлориді, азот пен кремний қышқылы бар минералды радонды және ыстық бұлақтар бар. Бұл жерде Қазақ КСР-ның бұрынғы басшысы, марқұм Дінмұхаммед Қонаев демалуды ұнататын.

Тамшыбұлақ шипалы бұлақ көзі мен "Арасан" шипажайы орналасқан Ақсу ауданының әкімдігі бұған қатысты пікір білдіруден бас тартты. Алматы облыстық туризм басқармасындағылар бұл өңірдегі сауықтыру туризмінің дамуындағы кедергілердің барын мойындап отыр.

"Бүгінгі таңда аталған өңірдің инфрақұрылымы  тиісті деңгейде дамымай отыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар  "Арасан" шипажайын қайтадан іске қосу үшін инвестор іздеп жатыр, ыстық бұлақ көздерінің маңынан сауықтыру нысандарын салу мәселесі қаралып жатыр. Ақсу ауданы мәслихатының шешімімен 2014 -2018 жылдарға арналған Қапал кентін дамытудың кешенді жоспары бекітілді", – деп мәлімдеді Алматы облысы туризм басқармасының жетекші маманы Перизат Низамбаева.

Алматы облысы ішкі туризм қауымдастығының басшысы Рустам Хәкімов жергілікті атқарушы органдардың жұмысына емдік қасиеті бар бұлақ көздерін, балшық пен тұзды тиімді пайдалану жөніндегі арнайы индикатор енгізуді ұсынды.

"Мұндай табиғи қайнар көздерді пайдалану жөнінде арнайы бағдарлама болу керек. Экология, инфрақұрылым, мемлекеттік жеке-меншік әріптестік, маркетинг мәселелерін ретке келтіру керек", – деп есепейді Рустам Хәкімов.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында өңірде 606 туристік нысан есептелді, оның ішінде: 160 қонақүй, 140 қонақ күтетін және аңшылық үйі, 61 демалыс үйі мен шипажай, 20 сауықтыру лагері мен орталығы, 218  демалыс базасы және жеті басқа нысан. 2017 жылдың І тоқсанында қалалар мен аудандарда 1 млрд 142 млн теңгеге туристік-сауықтыру қызметі көрсетілген, бұл 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштің 119,9%-ын құрайды.

Жыл сайын Алматы облысының Қапал кентіндегі Тамшыбұлақ шипалы бұлағын көруге ондаған жиһанкез келеді. Бұл ерекше су айдыны жеті метр тереңдіктегі аңғарда орналасқан. Аңыздардың бір нұсқасы бойынша, бұл жерде хан қызы мен оның сүйіктісі – қарапайым қойшының баласы өлім құшқан екен. Сол қан төгілген жерді жарып шығып, шипалы бұлақ көздері пайда болған.

Сары ақын атындағы Қапал музейіндегі жәдігерлердің бірі осы Тамшыбұлаққа арналған. Келушілерге этнограф Шоқан Уәлихановтың зерттеулері туралы дерек айтылады. Ғалым осы жерлерге жиі келіп, зерттеу жүргізген.

"Судың тау жартастарын жарып өтіп ағатынына байланысты Тамшыбұлақ атауы  берілді. 1856-1866 жылдар аралығында бұл бұлаққа белгілі этнограф Шоқан Уәлиханов бірнеше рет келген болатын. Ол өзінен кейін бұлақтың емдік қасиеттері туралы көптеген еңбек қалдырды. 1848 жылы кентке ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсон жұбайы Люсимен бірге келген. Бұл өлкеде олардың ұлы дүниеге келіп, оған Алатау-Тамшыбұлақ деп есім берген", – деп әңгімелеп берді экскурсия жетекшісі Алмагүл Сапарова.

Жергілікті шенеуніктердің есебі бойынша, бұлақ көзін тамашалап, емделу үшін мұнда жыл сайын бес мыңнан астам адам келеді. Жергілікті билік бұлақтың маңынан туристік және сауықтыру кешенін ұйымдастыруды жоспарлап отыр, инвесторлар табылыпты, өздерінің болжамы бойынша, жоба табысты болайын деп тұр.

"Тамшыбұлақ Ақсу ауданының және кентіміздің бетке ұстар жері болып табылады. Бізде таулар көп, арқанжол жасап, атпен жүріп кезетін туристік сауықтыру бағытын ашу жоспарда бар. Сондай-ақ жабайы қорық, яғни "Ыстық бұлақтар" шипажайы бар. Қыстыгүні ол жаққа жете алмайсыз, бірақ жазда, шілде айынан бастап тамызға дейін адамдар көтеріліп жатады", – деп сендірді Қапал ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Владимир Чепель.

Тамшыбұлақ – бұл жасыл түсті мүкпен қоршалған, таудың жартасын жарып ағатын мыңдаған шағын бұлақтар. Жергілікті халықтың сөзіне сенсек,  санитарлық дәрігерлер мұнда бірнеше рет келіп судан сынамалар алып кетіп, таңқаларлық нәтиже алған: бұлақтың суы химиялық құрамға бай және зиянды қоспалары жоқ болып шыққан.

Әйгерім Сүлейменова, Әлия Ахмедиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу