Допингпен ұсталғандар пәтер мен сыйақыларын қайтарады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1974

Қазақстанда спорттық дәрігерлер тапшы.

Допингпен ұсталғандар пәтер мен сыйақыларын қайтарады

Допингпен ұсталып, басы дауға қалатын спортшыларға тықыр таянды. Енді олар мемлекеттен алған сыйақыларын кері қайтаруы мүмкін. Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында допингпен әуестенетіндерге басқа да шектеулер қойылатыны жазылған.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәжіліс депутаттарының назарына "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасы ұсынды. Заң жобасы ел үкіметінің 2018 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленген. 

"Біз алғаш рет мемлекеттің допингке қарсы саясатын жетілдіру жөнінде заңнамаға ұсыныстар енгізіп отырмыз. Бұл заң жобасы шеңберінде күрделі мәселелер қарастырылған. Себебі қазіргі уақытта допингті қолдану әлемдік спорт қозғалысындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды.
Бұл мәселе спорт төңірегінен асып, әлемдік қауымдастық көзінің алдында елдің имиджін бейнелейтін күшке айналды. Бұл ретте, допингтен шығатын барлық қауіптің ауқымдылығы мен маңыздылығын түсіне отырып, оны жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін тұрақты негізде жүргізуіміз қажет", – деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.

Заң жобасының негізгі мақсаты – қолданыстағы дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру. Құжат допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыруға бағытталған. 

Қазақстанда допингпен күрес жұмыстарын допингке қарсы ұлттық орталық атқарады. Орталық жыл сайын 3000 биосынаманы жинайды. Жиналған сынамалардың негізінде 2017 жылы 15 спорт түрінен 27 оң сынама, 2018 жылы 17 спорт түрінен 45 оң сынама анықталған. Ал 2019 жылы 500 сынама алынған. Оның ішінде 5 оң сынама анықталған. Бұл ретте аталған оң сынамалар кәмелетке толмаған спортшылардың көпшілігінде анықталған екен. Демек, жастарымыз допингке үйір деген сөз.

Заң жобасы қабылданса, мынадай шектеулер қойылмақ.

Біріншіден, допинг қолданған спортшы жарыстан шеттетіледі.

Екіншіден, сыйақылары қайтарылып алынады.

Үшіншіден, спортшылар мен бапкерлер ай сайынғы спорттық зейнетақыдан айырылады.

Төртіншіден, ұлттық құрама мүшелері халықаралық жарыстарда спорттық жарақат алғаны я мерттікені үшін берілетін өтемақыдан айырылады.

Бесіншіден, спорттық атағынан айырылады;

Алтыншыдан, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне берілген тұрғын үй тартып алынады.

Жетіншіден, допинг қолданған спортшылар мен олардың бапкерлері ұлттық құрама және штаттық құрама командаларының сапынан шығарылады.

Сонымен қатар, заңдағы маңызды жаңалық – дене шынықтыру және спорт саласында демеушілік көмек көрсету саясатын іске асыратын Бірыңғай операторды құру екенін атап өткен дұрыс.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракеннің айтуынша, елімізде спорт дәрігерлері тапшы.

"Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларындағы спорттық дәрігерлердің тапшылығы 11 адамды құрады. Ал параспорт құрама командаларында 15 адам жетіспейді. Осыған байланысты бұл проблеманы жүйелі түрде қалай шешпексіздер? Өйткені заманауи спорттық медицина саласы медицина ғылымының бөлек бағыты болып отыр", – деді Құралай Қаракен.

Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, бұл мәселе 2016 жылдан бері талқыланып келеді.

"2017 жылы спорт дәрігерлерін даярлау үшін магистратура, бакалавриат және Phd докторантура саласында арнайы грант бөлінді. Қазіргі кезде алдыңғы қатарлы медициналық жоғары оқу орындарында спорттық дәрігерлер дайындалуда. Осы орайда дәрігерлер жетіспеушілігін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе шешіп жатырмыз", – деді министр.

Өз кезегінде денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева спорт дәрігерлерін еліміздің үш оқу орны дайындап жатқанын атап өтті.

"2016 жылдан бері 16 адамды дайындадық. Биыл 19 резидент түлек болады. 2020 жылы тағы 26 адам бұл салаға келеді. Сәйкесінше, жоғарыда аталған тапшылық мәселесі шешіледі. Тапсырыс көлемі дене шынықтыру және спорт ұйымдары өтінімі негізінде қалыптасады. Биылғы мамырға дейін біз келесі оқу жылына тапсырысты қалыптастырамыз", – деді ол.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу