21 ақпанда Ресей Президенті Владимир Путин Украина шығысындағы Луганск және Донецк халық республикаларының тәуелсіздігін мойындап, ынтымақтастық және көмек көрсету туралы келісімдерге қол қойды. Бұл жаңалыққа батыстың алғашқы реакциясы теріс болды. Ресми Брюссель санкция салуға шақырса, Берлин соңғы оқиғаларды "Минск келісімдерін бұзу" деп атады. Еуроодақ 22 ақпаннан бастап Ресейге қарсы алғашқы санкцияларын енгізбек. Ұлыбритания да шектеулер салатынын хабарлады. Ал Сирия қос аймақпен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей мен Украина арасындағы геосаяси тұрақсыздықтың Қазақстанға теріс ықпалы болатынын айтып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"Украина төңірегіндегі соңғы оқиғалар менің 2018 жылы жарияланған "Ресейдің геосаяси жалғыздығы Қазақстанға қауіп төндіреді" деген мақаламды есіме түсірді. "Геосаяси жалғыздық" деген терминді алғаш рет сол кездегі Ресей президентінің көмекшісі Владислав Сурков мақаласында қолданған. Содан кейін Сурков Ресейдің "14+ дәуіріне" аяқ басқанын, оның барысында Ресей "жүз, екі жүз, үш жүз?" жыл геосаяси жалғыздықта болуы мүмкін" деген еді. Сол кезде де Сурковтың Украинамен қақтығыс болған 2014 жылдан бастап жаңа дәуірді есептегені алаңдатты", – дейді сарапшы.
Спикердің айтуынша Владислав Сурков бұл "геосаяси жалғыздықтың" мәнін "Ресейдің тек екі одақтасы бар. Олар армия және флот" деген тіркесімен түсіндірген екен.
"Бұл армия қазір ДХР мен ЛХР-ға енгізілуде. Мұның бәрі "бізбен бірге еместер, бізге қарсы" деген қағида бойынша Ресейдің сыртқы саясатындағы конфронтациялық стильдің басым болатынын білдірді. Ал бұл Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қатер төндіреді", – деді сарапшы.
Сондықтан Досым Сәтпаев ел басшылығын Ресейдің ДХР мен ЛХР туралы соңғы мәлімдемелерін мойындамайды деп сенеді.
"Әйтпесе, бұл дипломатиялық сеппуку болады", – дейді саясаттанушы.
Бұл жерде сарапшы тілге тиек еткен "сеппуку" түсінігі – ежелгі жапон самурайларының өзіне-өзі қол жұмсау рәсіміне келіп саяды. Яғни осы сөзі арқылы ол Ресейдің соңғы әрекетін мойындау еліміздің шетелмен дипломатиялық қатынасына балта шабу дегенді меңзегендей.
Еске сала кетсек, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үкімет үйінде журналистерге берген сұхбатында "қазір біздің алдымызда Луганск пен Донецк халық республикаларының тәуелсіздігін тану мәселесі тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық негіздерін және БҰҰ жарғысының негізгі қағидаларын негізге аламыз", – деген еді.
Құралай Құдайберген