Дүниежүзілік банк: "Қазақстанға ипотеканы арзандатқанша, үйдің өзін арзандату тиімді"

Орталық Азия елдеріне экспорттық өнімдерді сертификаттаудың бірыңғай жүйесін құру ұсынылды. 

Дүниежүзілік банк: "Қазақстанға ипотеканы арзандатқанша, үйдің өзін арзандату тиімді"

Кіндік Азиядан кедейліктің ауылы алыстайтын түрі жоқ. Дүниежүзілік банктың сарапшылары осындай дабыл қағып отыр. Бүгінге дейін аталмыш ұйымның осы мәндегі дабылдары Қазақстанды айналып өтетін. Алайда COVID-19 індетімен бірге келген дағдарыс аймақтағы елдердің кедейлікпен күрестегі әлеуетін теңестіріп тастаған сыңайлы. "Орталық Азиядағы кедейлікті еңсеру жолында" деген тақырыппен өткен халықаралық конференцияда осы мәселе жан-жақты талқыланды.

+ 800 мың кедей 

Жалпы Орталық Азиядағы кедейлік 2000 жылдан бастап кеми бастаған. Қазақстанда оның деңгейі 2013 жылы 10 пайыздан да төмен түскен екен. Одан кейінгі кезеңде бір өсіп, бір түсіп жыл сайын құбылып келеді. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Қазақстан тұрғындарының да тіршілік деңгейі шетелден келетін ақша аударымдарына тәуелді бола бастаған. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша кедейлік және теңдік жөніндегі аға экономисі Уилиям Зейтц пандемиядан кейін Қазақстандағы кедейлердің қатарын кемінде 800 мың адам толықтырады деп отыр.

"COVID-19 індетімен бірге келген дағдарыс өңірдегі әрбір ошаққа қосымша шығын әкеліп жатыр. Отбасының орташа күндік табысы 3 доллар 20 центтен төмен елдерге тигізетін зардабы айтарлықтай. Қырғызстан мен Тәжікстан осы топқа жатады. Бұл екі елде пандемиядан кейін кедейлікте өмір сүретін  адамдардың қатарына 1,6 млн жан қосылады. Табысы орташадан жоғары елдерге жататын Қазақстан мен Өзбекстанда дағдарыстың әсері халыққа одан да ауыр болады. Мұнда кедейлердің қатарына 2,6 млн адам қосылады", – дейді сарапшы.

Мұның бір себебі халықтың кедей бөлігі көбінесе қызмет көрсету саласында жұмыс істейтінінде. Ал қонақүй, мейрамхана, қоғамдық тамақтану, құрылыс, туризм сияқты салалар індет кезіндегі шектеулерден барынша зардап шекті. Осы санаттағы жұмыс берушілердің жағдайы нашарлап, тиісінше оларға жұмыс істейтін кедей халықтың тірлігі одан әрі төмендеген. Бір сөзбен айтқанда, қызмет көрсету саласында ішкі сұраныстың төмендеуі халықтың 40 %-ын құрайтын бейресми табыс иелеріне кері әсер еткен екен. 

"Қазақстандағы бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларды қарасаңыз, пандемия кезінде мейрамхана, туризм, қоғамдық тамақтану орындарына жұмысшы іздеген жарнамалардың саны 45 %-ға азайып кеткен. Ал Тәжікстанда жалпы бос жұмыс орындары туралы хабарландырулар 72 % кеміген. Бұл енді үлкен қысқару", – дейді Уилиям Зейтц.

Ресейге кіріптарлық күшейген

Дүниежүзілік банк мамандарын Ресейдегі экономикалық жағдай Орталық Азиядағы әрбір түтіннің тұрмысына тікелей әсер ететіндей деңгейге жеткені алаңдатып отыр. Өйткені елге сырттан аударылатын ақшаның басым бөлігі осы Ресейге тиесілі.

"Орталық Азияда шетелден түсетін ақша аударымдарына күні қарап отырған отбасылар көп. Ресейдің Орталық банкі берген мәліметтерге сенсек, Орталық Азия елдеріне Ресейден аударылатын ақша көлемі биыл айтарлықтай қысқарған. Көп ошақтарда шетелден келетін ақша жалпы отбасылық табыстың 30-40 %-ын құрайды. Осындай табыс көлемі қазір тоқтап қалды. Мысалы, Тәжікстанда шетелден келетін ақша аударымдары 2-3 есе азайған. Өзбекстанда да осындай жағдай байқалған. Қазақстанда дәл бұл деңгейде болмаса да, ұқсас тенденция бар", – дейді Дүниежүзілік банк өкілі.

Уилиям Зейтц Қазақстан кедейліктің салмағын бағаны әкімшілік шаралардың көмегімен реттеу арқылы бәсеңдетуге құштар екенін айтады. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан үшін кедейлік көбінесе жұмыссыздықпен, азық-түлік қауіпсіздігімен сипатталса, Қазақстан үшін қымбатшылықпен және баспана тапшылығымен сипатталады.

"Ипотеканы арзандатқанша, үйдің өзін арзандатсын"

"Мысалы жанармай бағасы шынымен төмен болса, халыққа өзінің сатып алу қабілетін теңгерімді ұстауға мүмкіндік пайда болады. Бірақ жанармайдың арзандауы көбінесе мұнайдың әлемдегі бағасының құлдырауымен тұспа-тұс келіп жатады. Базалық тауарлардың бағасының арзан болуы қалай да болса халыққа жағымды әсер етеді. Мұны тұрмысы төмен адамдарға бағытталған шара деп түсінуге болар еді.  Алайда бензиннің арзан болуы негізінен жанармайды көп жұтатын, қымбат көлігі бар адамдарға қолайлы. Жанармай багы көлемді, клапандарының саны көп көлікті көбінесе байлар мінетіні белгілі. Сонда бензиннің қымбаттауы бірінші кезекте соларға пайдалы деген сөз", –- дейді сарапшы.

Қазақстан елдегі №1 мәселе саналатын баспана тапшылығын да осындай айналма жолмен шешуге күш салуда. 

"Сіздердегі қаржылық секторды жолға қойылған деп айтуға болады. Ипотекалық мөлшерлемелерді түсірудің мүмкіндіктері де бар. Бірақ оны әкімшілік  нұсқау беру арқылы іске асырудың шығындары да бар. Егер пайыздық несие пайызы шектен тыс төмен болса, адамдар кредитті көзсіз ала бастайды. Қазақстанда мерзімі өткен кредиттердің саны көп. Сондықтан кредитке қолжетімділікті қамтамасыз ету кезінде  жасанды мотивацияға жол берілмеу керек. Осы арадағы балансты өте мұқият реттеп отыру қажет. Негізі бұл жерде басты мәселе пайыздық мөлшерлемеде емес, баспананың құнында. Егер баспана қолжетімді болса, адамдар ипотека алмас та еді. Баспананың бағасын қолжетімді етудің көптеген тиімді тетіктері бар. Сондықтан мемлекет ипотеканың пайызын түсіргенше, баспана бағасын түсіруге күш салуы керек.  Баспана нарығын осы жолмен ынталандыру әлдеқайда жемісті", – деді Уилиям Зейтц.

Бес елдің басы бірікпей, кедейлік жойылмайды

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры  Лилия Бурунчук өңірдегі зейнетақы жүйесі әлі шикі деген ой айтты. Бұл қазір білінбегенімен, кейін салдары қарапайым халыққа қатты сезілуі мүмкін. Яғни бүгінгі бағытпен кете берсек, алдағы онжылдықтарда өңірдегі егде адамның бәрі зейнетке шыққан күннен бастап кедейлердің қатарын толтыра бермек. 

Сондай-ақ ол Орталық Азия елдеріне қазір алдамшы амбцияларға беріліп, жеке дара саясат ұстану тиімсіз екенін айтады. Ауыл шаруашылығына өте қолайлы өңір бола тұрып, іргедегі Қытайдың алып нарығын игере алмай отыруымыз осы алауыздықтың кесірі болса керек. 

"Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдерінің әлеуеті орасан екенін айтудан жалыққан емес. Егер ондағы елдер сыртқы нарыққа жеке-жеке ұмсынбай, бірыңғай Орталық Азия ретінде шықса,  әлеует 2-3 есе артатын еді. Мысалға, ауыл шаруашылығын алайық. Қазір бұл елдердің бет-бетімен әрекет етуінің кесірінен өз ішінде азық-түлік қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмей отыр. Ал күш біріктіріп қимылдаса, экспортта да үлкен ойыншыға айналатын еді. Өйткені іргеде Қытайдың нарығы тұр. Ал оған жеке-жеке кіру қиын. Қытайға Орталық Азия мемлекеттерінің жеке-жеке ұсынған көлемі қызықсыз. Бірлесіп ұсынса, үлкен көлемдер пайда болар еді", – деген сарапшы өңірге ортақ сертификаттау жүйесін құруды ұсынды.

"Орталық Азияға ортақ сапа мен сертификаттау жүйесін құру керек. Экспортқа шығудағы басты кедергі осы сертификаттарға келіп тіреледі. Мысалы, есептерде Орталық Азиядан Қытайға жөнелтілген шиенің жартысы кейін қайтарылатыны айтылып жүр. Өйткені сертифкаттау жүйесі қажет деңгейде жолға қойылмаған. Сондықтан бірыңғай сертификаттау жүйесін құрудың мәні бар. Орталық Азиядан электр қуатын да молынан экспорттауға болады. Өңірдің жаңартылатын энергия өндірудегі әлеуеті өзімен қоса Ресей, Қытай сияқты ірі көрші нарықтардың қажеттілігін 3 есе артық қамтуға жетеді.  Ол үшін әуелі бірыңғай энергетикалық нарық қалыптастырып, кооперацияны жолға қою керек. Орталық Азияның болашағы бірлікте ғана. Әр қадамды келісе отырып жасағанда ғана жемісті жүзеге асады", – деді Лилия Бурунчук.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу