ЕАЭО-да ендігі дау қанттан туындағалы тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3316

Ресей мен Беларусь жылына 400 мың тонна қант тұтынатын қазақ нарығынан айырылғысы жоқ.

ЕАЭО-да ендігі дау қанттан туындағалы тұр

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің қант бизнесінде ортақ мәмілеге келе алмағаны бұған дейін де белгілі болатын. 2018 жылдың басында РФ қант импортын шектеу туралы одақ комиссиясына ұсыныс түсірді. Себебі 2017 жылы Ресей қант қызылшасынан мол өнім жыйды. Ол ішкі нарықтың қажеттілігін өз күштерімен өтейтінін білген соң ЕАЭО шеңберінде сауда ойыны тәртібін өзгертуге, Қазақстан мен Беларусьтің қант мәселесіндегі жеңілдіктерін шектеуге кірісті.

Сарапшы Лаврентий Сыроежкин Ресейдің көзқарасымен Қазақстан да, Беларусь та әу бастан келіспегенін айтады. Себебі қант шикізатының өзіндік құнында өзгеріс жоқ. Шикізат жағы да жетеді. Бұған дейінгі келісімшартты қайта қарау арқылы ойын тәртібін өзгерту қант бағасының өзгеруіне, Ресей қантының арзандауына алып келді.

"2017 жылы Ресейден келетін қант импорты бір аптаның ішінде 50 теңгеге өсіп шыға келді. Сөйтіп Қазақстан жағы болса, қантты өзге елдерден экспорттауға кірісті. Қазақстанның кондитерлік фабрикалары үшін қантты Ресейден емес, Бразилия сияқты ірі қант экспортаушы елдерден сатып алған тиімді. Себебі ол елдермен келісімшарттар ұзақ мерзімге жасалады. Бұл кондитерлік өнімдердің бағасын тұрақты түрде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал қазақ нарығы Ресей үшін өте-мөте маңызды", – дейді сарапшы Лаврентий Сыроежкин.

"2017 жылы РФ кәсіпорындары мен қант өндірушілері Қазақстанның кәсіпорындарын бағасы тұрақты қантпен дұрыс қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті" деген пікірді Қазақстан кондитерлер қауымдастығы төрағасы Талғатбек Әлихан да қолдайды.

2000 жылдардың басында еліміздегі қанттың 90 пайызы импортқа тәуелді болыпты. Қант көлемінің 3 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан, ал қалғандары импорттық шикізаттан алынған. Қазір бұл жағдай біршама өзгерген. Тағам кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева импорттық шикізаттан жасалатын өнім көлемі – 90 пайыз, ал отандық қызылшадан алынатын өнімнің көлемі 10 пайыз екенін айтады. Аталған 10 пайыздық өнім Алматы мен Жамбыл облыстарының қызылша алқаптарында өсірілген.

РФ қант бизнесі төңірегінде ойын тәртібін өзгеруге деген талпынысы тек Қазақстанда ғана емес, Беларусьте де қант бағасының құбылуына әсер еткен. Себебі Ресейде қант алқаптарының көлемі артқан сайын, оның бағасы да арзандай бастаған. 2017 жылдың аяғында РФ-да қант бағасы – 16, Қазақстанда – 14, Беларусьте 8 пайызға арзандаған. Бұл фактор қарапайым халық үшін жағымды болғанымен, солтүстік көрші үшін тиімсіз болып шықты. Біріншіден, ол елдегі қант бизнесі ойыншыларының 12-20 пайызы көлеңкеге кетті, екіншіден Қазақстан мен Беларусь тәрізді импорттаушы елдерден айрылып қалу қаупі төнді. Осыдан келіп, РФ Қазақстан мен Белорусь тәрізді елдерге қантты үшінші елдерден сатып алуды шектеу туралы шешім шығаруды шындап ойлана бастады. Кейін Беларусь те ЕАЭО комиссиясына одақ шеңберінде қант экспортына жеңілдік беру туралы ұсыныспен шықты. Осылайша екі елдің де көздегені 18 млн тұрғыны бар, жылына 400 мың тонна қант тұтынатын қазақ нарығы екені белгілі болды.

"2017 жылдың 27 сәуір күні Ресейдің Ростовтағы Дон қаласында өткен II Бүкілресейлік форумда Ресейдің қант өндірушілер одағы басқарма төрағасының орынбасары Андрей Бодин өз елінің қант экспорты жылына 350 мың тоннаны құрайтынын, көрші Қазақстанның қантқа деген қажеттілігі жылына 400 тонна екенін жеткізді. Демек, Ресей Қазақстанның қант нарығын толық бақылауға алуға шындап кіріскен. Сондай-ақ, Андрей Бодин РФ үкіметі беларустық әріптестермен бірге Қазақстанға қант тасымалдау жөніндегі келіссөздердің белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Олар Қазақстанның өз мүмкіндігін ескеріп отырған жоқ. Сондықтан Қазақстан жағы ЕАЭО шеңберінде қант импортын шектеу немесе үшінші елдерден экспорттау мәселесін өздері шешетіні туралы ұсыныс енгізуі керек", – дейді Лаврентий Сыроежкин.

Сарапшылар 2019-2020 жылдары ЕАЭО елдерінде қант тапшылығы байқалуы мүмкін екенін айтып отыр. Себебі шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік беру мерзімі 2020 жылы аяқталады.

"Ресейге де, Беларуське де қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалмақ. Сондықтан екі ел былтырдан бері қант қызылшасы алқаптарының аумағын кеңейтіп жатыр. Олар Еуразиялық экономикалық одақ аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдауды жетілдіруді былтырдан көтеріп келеді. РФ мен Беларусьтің қант импортына жеңілдіктер сұрауға талпынысы – дайындықтың басы", – дейді Лаврентий Сыроежкин.

Қазақстанды не күтіп тұр?
2017 жылы елімізде Ресей қантына мұқтаждық 28 пайызға өсіпті. 2017 жылға дейін қанттың 29 пайызын Бразилиядан тасымалдап келдік. 2017 жылы Бразилияның үлесі 12 пайызға дейін Ресейдің пайдасына қысқарған. Лаврентий Сыроежкиннің айтуынша, бұл фактор еліміздің қант нарығының Ресейге тәуелділігі тым тереңдеп кеткенін айтып тұр.

Қазақстанның кондитершілері, тәтті сусын шығаратын зауыт иелері Ресейдің мұндай шешімді қабылдауына жол беруге болмайды деп есептейді. Ішкі нарықтағы тәтті сусын, кондитерлік өнімдердің 80 пайызы онсыз да ресейліктердің үлесінде. Лаврентий Сыроежкин осы тұста Ресейдің қант бизнесінің алпауыттары нарықтың "тәтті сегментін" өз бақылауында ұстап отырғанын ескертіп өтті. Себебі, РФ-ның ниетін байқап қалған Беларусьте кондитерлік өнімдерді ЕАЭО шеңберінде жеңілдетілген шарттармен айналымға жіберуге ұсыныс жасап үлгерді.

"Қазақстанда қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар азайып бастады. 2017 жылы Жамбыл облысындағы қант қызылшасы өсетін алқаптар 40 пайызға, 52,9 мың тоннаға дейін қысқарды. Қазақстандық қант индустриясындағы жамбылдықтардың үлесі 75,5 пайыз. 2017 жылдың соңында Астанадағы инвестициялық форумда қант қызылшасын өсіретін алқаптарды 50 пайызға дейін өсіру, аймақта қант өндіретін зауыт ашу туралы меморандумға қол қойды. Бірақ мұның бәрі әзірге қағаздағы дүние. Себебі бізде қант бизнесі тек маусымдық кезеңге тәуелді деген көзқарас қалыптасқан. Сол себепті қант зауытына инвестор болуға ешкім тәуекел етпейді. Кондитерлік фабрикаларды, тәтті сүзбе немесе шырын шығаратын зауыттарды жасанды қант ұнтағын пайдалануына шектеу қоймайынша бұл мәселе шешілмейді", – дейді Лаврентий Сыроежкин.

Қазақстанның тағам өнеркәсібі қауымдастығының мүшесі Алмагүл Сүйінішәлиева Қазақстан үкіметі қант өсірушілерді қолдап отырғанын жоққа шығармайды. Мысалы, 2017 жылдың соңында Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіретін алқаптардың санын өсіру және қосымша жұмыс орындарын ашу туралы мәселе үкіметтік деңгейде көтеріліпті. Тіпті Жамбыл облысында қант шығаратын аймақтық зауыт құрылысын бастау туралы мәселе де сол жиында айтылған.

"Қант қызылшасы алқаптарының 75 пайызы Жамбыл облысында орналасқан. Бірақ соған қарамастан қант қызылшасын өсіру 35 пайызға азайып кеткен. Қазақстандағы кондитерлік өнімдер, тәтті сусын, тәтті сүзбе немесе иогурт шығаратындар жасанды қант ұнтағын пайдаланады. Оларға жасанды қант ұнтағын пайдалануды шектеп, таза қант пайдалануды міндеттеу керек. Сол кезде ғана зауыт ашу мәселесін көтеруге болады. Қазақстандағы зауыттар маусым кезінде қант қызылшасын өңдеп үлгермейді. Ал қалған уақытта қаңтарылып бос тұрады. Ал Ресейде қант шығаратын – 85, Беларусьте 58 зауыт бар. Олар кондитерлік, сусын шығаратын зауыттарын жасанды қант ұнтағын пайдалануға тыйым салу арқылы қант зауыттарын тапсырыспен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Олар бізге қанттың келісін 198 теңгеден ұсынады. Ал бізде өндірілген қант ҚҚС қоса есептегенде 215 теңге тұрады. Қант нарығында импорттың бәсі басым болып тұруының басты себебі осы. Ресейде де, Беларусьте де қант – қант құрағынан емес, қант қызылшасынан алынады. Құрамы мен сапасы жөнінен қазақ қантынан артық емес. Керісінше, Ресейден келген қанттың тәттілігінің кеміп кеткені туралы жиі сөз болып жүр", – дейді Алмагүл Сүйінішәлиева.

Алмагүл Сүйінішәлиева осы тұста қант қызылшасын өсірудің географиялық аумағын тек Жамбыл немесе Алматы облыстарымен шектеп қоюға болмайтынын айтады. Қазақстанның орталық өңірлерінің табиғаты қант өсіруге қолайлы. Мысалы, орталық аймақтарда өскен қант қызылшасындағы қанттың құрамы Алматы немесе Жамбыл облысында өсетін қант қызылшасына қарағанда 8-10 пайызға көп екен.

"Өткен жылы Павлодар облысында бір кәсіпкер 22 гектар жерге қант қызылшасын өсірген. Оны теміржолмен Алматыға немесе Жамбылға жеткізгенше өнімнің тең жартысы бұзылып кеткен. Себебі қант қызылшасы картофель сияқты емес, тез шіриді. Еліміздің батыс, орталық өңірлеріндегі қант қызылшасын өсіретіндер үшін өнімін Алматы немесе Жамбылдан гөрі, Ресейге тасымалдаған әлдеқайда тиімді. Біз қант қызылшасын өсіргісі келетін кәсіпкерлердің әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. 18 млн тұрғыны бар Қазақстан үшін үш қант зауыты тым аз. Тым болмаса аймақтық деңгейдегі кішігірім зауыттардың қатарын көбейту керек. Ол үшін қант қызылшасын өсіріп, қант шығаратын шағын зауыт ашамын деген кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіру керек. Қант индустриясына да стратегиялық маңызы бар сала ретінде қарайтын кез жетті", – дейді Алмагүл Сүйінішәлиева.

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу