ЕАЭО ішіндегі сауда жанданады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1824

ЕАЭО-ға мүше-елдердің билігі сауда жолындағы кедергілерді жоймақшы.

ЕАЭО ішіндегі сауда жанданады

Елорда да құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан кіретін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮК) кезекті отырысы басталды. Мұның алдында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-елдердің үкімет басшыларымен кездесті.

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысын ашу кезінде ЕАЭО құрамындағы елдер және үшінші елдер арасындағы сауда айналымының оң динамикасына тоқталды.  

"ЕАЭС-тың одаққа кірмейтін үшінші елдерге экспорттаған өңделген тауарларының жалпы көлемі өскендігін атап кеткім келеді. Қазақстанда сегіз мыңнан астам бірлескен кәсіпорын ЕАЭО елдерімен тұрақты жұмыс жасайды. Бұл кәсіпкерлер тарапынан  бірігуді қолдаудың жақсы көрсеткіші және бірлескен кәсіпорындардың бұдан әрі өскенін қалаймыз", – деді ол.

Сыртқы сауда жайын сөз етер болсақ, онда 2015 жылы ЕАЭО-ның Вьетнам елімен еркін сауда аймағын құру туралы келісімшарты өз нәтижесін беріп жатқанын айтқымыз келеді. ҚР үкімет басшысы Вьетнаммен арадағы сауданың айтарлықтай жанданғанына тоқталып өтті.

"Былтыр Жоғары кеңес одаққа мүше-мемлекеттердің келісім жасауға аса  мүдделі болып отырған елдермен еркін сауда  туралы келіссөз процесін бастауға шешім қабылдады. Бұл жылдам дамып келе жатқан Иран, Үндістан, Сингапур сияқты елдер. Иранға қатысты қосымша келіссөз жүргізілді, біз келісімімізді нығайтуға тапсырма бердік", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Отырыстан кейінгі брифингте Еуразиялық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) таратқан ақпараттық құжатта ЕАЭО-ның Иранмен арадағы еркін сауда айналымын құру туралы келісіміне 2017 жылы қол қойылуы мүмкін екендігі көрсетілді.   

Бақытжан Сағынтаев сауданы одан әрі дамыту үшін ЕАЭО-ның ішкі нарығында кедергісіз орта құруға қатысты жұмысты жалғастыру керек деп есептейді.

"Қазірдің өзінде тараптармен мақұлданған кедергілер тізімі бар, онда 60-тан астам кедергі көрсетілген. Оларды жою бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл жол карталарын келесі  үкіметаралық отырыста қарастыру керек деп есептеймін. Өзара саудадағы кедергілерді ақылға қонымды тәсілмен шешкен жөн. Кедергілерді қағаз жүзінде шешуге ұмтылмай, іс жүзінде шешу керек. Сонымен бірге ЕАЭО туралы келісімшартта көрсетілген уағдаластықты сақтап, орындау керек", – деді ол.

Ресей Федерациясы үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев те әртүрлі салалардағы кедергілерді жеңу керектігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ресей ЕАЭО-ның  төрағасы ретінде  2018 жылы сауда кедергілеріне, еңбек саласындағы стандарттарға және экспортты қолдауға баса көңіл бөледі. Алайда ол одақ аясында тауарларды бақылаудың механизмі ортақ болуы керек, ешқандай жасырын жолы болмауы тиіс дегенді айтады.

"Цифрлық күн тәртібі тауарларды бақылау механизмімен байланысты, ал мұндай механизм бізге өте қажет", – деді Дмитрий Медведев.

Ресей Федерациясының үкімет басшысы ЕАЭО-ның іс шарасына ТМД елдері өкілдерінің шақырылуының маңыздылығына тоқталып кетті. 

Ол алғашқы төрт айда ЕАЭО-ның ішкі және сыртқы саудасының төрт есе өскенін, ал экспорттық жеткізілім көлемі шамамен 10%-ға артқанына тоқталды. Сонымен бірге бұл динамиканы тұрақтандыру үшін бизнес ережесін жетілдіріп, кооперациялық жобаларды дамыту керектігін айтты.

ЕАЭО-да бірыңғай цифрлық кеңістікті құру мәселесіне тоқталсақ, онда Ресей электронды технологияны әр салаға енгізу жобасын белсенді түрде қолға алғанын айту керек. РФ-да 2024 жылға дейінгі цифрлы экономика бағдарламасы бекітілген.

"Егер біз ортақ нарықты құратын болсақ, онда мұндай бірыңғай цифрлы кеңістік бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, барлық Еуразиялық одақ көлемі бойынша құрылуы керек", – деді ол.

Дмитрий Медведев ЕАЭО-да бірыңғай әуе кеңістігін құру бойынша жол картасын қабылдау қажеттігі туралы мәселені тағы да көтерді. 

"Бірыңғай көлік кеңістігін құруда әуе көлігі саласында жол картасы қабылданады. Ол ұшу мен әуежайлардағы қызмет көрсету тарифін теңестіреді", – деді Ресей премьер-министрі.

Егер ресейлік тарап  қазақстандық авианарыққа қызығып отырса, біздің жақ өзіміздің кемелереміз бен жүктеріміздің ресейлік портқа кіруіне қатысты мәселені көтерді.

"ЕАЭО-ның серіктес-елдерінің барлығында бірдей дүниежүзілік мұхитқа шығуға деген мүмкіндік жоқ екенін ескеретін болсақ, тасымалдауды тек бір ғана көлік түрімен жасау жүкті алатын тарапқа тиімсіз. Өйткені оның бағасы жоғары болуы мүмкін немесе тауарды тасымалдау уақыты тым ұзаққа созылып кетеді. Осыған байланысты теңіз порты барлығына бірдей қол жетімді болуы керек. Сонымен бірге бұл мәселені шағын құрамда қарастырғанбыз, енді жақын арада нақты бір шешім шығып қалуы керек. Бұнымен қоса қазіргі уақытта "есіктен есікке дейін" принципі бойынша мултьмодальдық тасымалдау жүйесін дамыту маңызды болып отыр. ЕАЭО аясындағы уағдаластықты және географиялық орналасуды ескере отырып, біз Еуропа мен Азия-Тынық мұхит өңірінің өңірлік логистикалық орталығы бола аламыз. Комиссияға Еуразиялық даму банкпен бірлесе отырып, мәселені қарастырып, Үкіметаралық отырыстардың бірінде жауабын беруді тапсырамын", – деді Бақытжан  Сағынтаев. 

Бақытжан Сағынтаев тап қазіргі уақытта әр мемлекеттің  IT-саланы дамыту туралы өз ұсыныстары бар екенін, аталған мәселе бойынша ЕАЭО деңгейінде бірыңғай саясатты әзірлеу керектігін атап кетті. Осыдан кейін Қазақстан үкіметінің басшысы одан әрі істелуі керек мәселелерге тоқтады. Оның ішінде бірыңғай қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының жобасы сөз болды.

"Осыған дейін қарастырылып, шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар, соларды бірінші кезекте шешу керек. Мысалы, кеме қатынасы туралы келісімшарт, үшінші елдермен өзара сауданың техникалық кедергілерін жою шарты мен тәртібі туралы келісімшарт сияқты  маңызды құжаттар әлі қабылданбаған. Бұл құжаттарға қатысты шешім 2015 жылы қабылдану керек еді, бірақ та бұған қатысты жұмыс әлі біткен жоқ. Сондай-ақ қаржылық нарық тұжырымдамасын қалыптастыру жобасын талқылау бойынша жұмыс әлі басталған да жоқ. Бұл мәселе аракідік көтеріліп қояды, – деді Бақытжан  Сағынтаев.  – Бұл жұмыстарды қалай болғанда да бітіру керек. Мемлекет басшысы тұжырымдаманы әзірлеу туралы тапсырманы өткен жылдың желтоқсанында берген. Еңбек ресурстарының ортақ нарығы, зейнетақымен қамтамасыз ету келісімшарты, жүргізуші құқығының біліктілігін мойындауға қатысты мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ. Айтылған пікірлерді ескеретін болсақ, бұл мәселелер жақында шешіледі деп ойлаймын".

Өндірістік дамуға қатысты мәселерге тоқталған премьер-министр ЕАЭО-ға мүше-елдер "нақты кооперациялық жобаларға" көшуі қажет екенін айтты.

"Электр энергиясының алғашқы саудасы болу үшін қазақстандық және ресейлік платформаны қолдана отырып, қанатқақты жобаны іске қосамыз. Осының арқасында электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастырудың кешенді жобасын іске қосатын боламыз", – деді ЕАК төрағасы Тигран Саркисян.

Ол  ЕАЭО-ның цифрлық трансформациялау стратегиясы осы жылдың соңына дейін мақұлдануы керек екенін айтты.

ЕАЭО-ға мүше-елдер бірнеше бағытты қарастыратын  стратегияны әзірлеп жатыр. Стратегия инфрақұрлым, басқару жүйесі және қауіпсіздік мәселелерімен байланысты ортақ нарықты цифрландыруды қарастырды. 

Еуразиялық үкіметаралық комиссияның келесі отырысы қазан айында Ереванда өтеді. Бірақ нақты уақытын тағы бір нақтылау керек болады.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу