Екі тізгін, бір шылбыр қолымызда

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4849

БҰҰ өкілі Қазақстан қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Екі тізгін, бір шылбыр қолымызда

БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінде жауласқанды жарастыруға, керіскенді келістіруге, тірескенді татуластыруға тырысатынын айтты.

Ол біздің ел төрағалықты әлемде болып жатқан түрлі тартыстар мен таластарға тоқтау айту үшін тиімді пайдаланатынына сенім білдірді.

БҰҰ өкілі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін ядролық қарусыздану және сенім шараларын нығайту жөніндегі кездесу мен Орталық Азия және Ауғанстан мәселесі бойынша министрлер деңгейінде ұйымдастырылатын пікірталас алдағы аптаның айтулы оқиғасы болатынын баяндады.

"Менің ойымша, Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға маңызды үлес қосқан ел ретінде өз рөлін тиімді пайдаланып жатыр. Бұл – ядролық қарусыздану, Семей ядролық полигонын жабу, осы өңірде ядролық қарудан азат өңір құру мәселелері. Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн бекітілді. Қазақстан өз қызметін осы бағытта жалғастырып келеді. Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін пайдалана отырып, болашаққа қауіп төндіретін сын-тегеуріндердің түйінін тарқатуға нақты үлес қосады деп үміттенеміз", – деді Мирослав Енча.

БҰҰ бас хатшысы саяси мәселелер жөніндегі көмекшісінің мәлімдеуінше, келесі аптада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мінберінен жаппай қырып-жою қаруын таратпау тақырыбында сөз сөйлеуі Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Мирослав Енча Қазақстан Сириядағы қақтығысты реттеуге араағайындық жасағанына да тоқталды.

"Астана процесінің Сириядағы қақтығысты шешуге қосқан үлесі зор болды", – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан өзінің және Орталық Азия мемлекеттерінің тарихында тұңғыш рет БҰҰ қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті. 31 қаңтарға дейін жалғасатын мандат мерзімінде Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырыстарын ұйымдастырады, күн тәртібін белгілейді және кеңес атынан мәлімдеме жасайды.

2 қаңтарда БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері Қазақстан төрағалығының бағдарламасын бекітті. Осының ізінше біздің елдің бастамасымен ұйым тарихында тұңғыш рет қауіпсіздік кеңесіне жаңадан сайланған Кот-д’Ивуар, экваториялық Гвинея, Кувейт, Нидерланд және Перу мен Польша сынды тұрақты емес 6 мүше елдің мемлекеттік туларын көтеру салтанаты өтті.

9 қаңтарда Нью-йоркте Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ қауіпсіздік кеңесі химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның "Сириядағы химиялық қаруды жою бағдарламасындағы прогресс" атты кезекті баяндамасын тыңдады. Баяндаманы БҰҰ бас хатшысының орынбасары, қарусыздандыру мәселелері бойынша жоғары өкілі Изуми Накамицу таныстырды.

Кеңес мүшелері химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның қазіргі жұмысын талқылап, баяндамада сөз болған маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Өз кезегінде Қазақстан қақтығыс аймақтарында шиеленісті төмендету үшін Сирияда химиялық қарудың қолданылуына тосқауыл қойылуы тиіс екенін алға тартты.

Дәл осы күні Конго Демократиялық Республикасындағы жағдай бойынша брифинг өтті. Брифингте Африка құрлығында орналасқан ел қарулы қақтығыстардың кесірінен соңғы 20 жылда мазасыз күй кешіп отырғаны айтылды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Конго Демократиялық Республикасы басшылығының елдегі жағдайға қатысты қауіпсіздік кеңесінің қарарларын ұстану маңыздылығына тоқталып, жағдайды тез арада тұрақтандыру үшін барлық мүдделі тараптарды конструктивті диалогқа және ынтымақтастыққа шақырды. Ал кеңес мүшелері Конго Демократиялық Республикасының үкіметі мен оппозициялық күштерді елдегі саяси процесті ілгерілету, зорлық-зомбылықтың өсуіне жол бермеу қажеттігін тілге тиек етті.

Біле жүріңіз, 18 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мұхиттың арғы жағында "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары", 19 қаңтарда "Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру" деген тақырыптарда пікірталас өтеді. Аталған шараға бірқатар елдердің мемлекет басшылары мен министрлері қатысады. Ал 25 қаңтарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері деңгейінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты тоқсан сайынғы ашық пікірталас ұйымдастырылады. Сонымен қатар БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстан төрағалығының аясында кеңесте Сирия, Либия, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка, Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталас өтеді. Осы отырыстардан соң БҰҰ қауіпсіздік кеңесі төрағасының бірқатар қарарлары мен мәлімдемелері қабылданады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу