Қазақстанның Қытаймен саудасына жаңа соққы жасалды

18118

Бюрократия коронавирустен қауіпті болып тұр.  

Қазақстанның Қытаймен саудасына жаңа соққы жасалды

Кәсіпкерлер Қытай халық республикасына жүк жеткізе алмай жатқандарына шағымдануда. Бірақ бұл жағдайда оған шығыс көршіні жайлаған алапат індеттің еш қатысы жоқ екені анықталып отыр.

"Бұл басқа да қазақстандық автотасымалдаушыларға қатысты. Бәріміздің ортақ ойымызды білдірейін. Өйткені күйзеліс күшейіп барады. Кейінгі бірнеше жылдан бері Қазақстаннан Қытайға жүк жеткізумен айналысып келеміз. Отандық тауарлардың шың еліне экспорты үлкен қарқынмен өсті. Мысалы, 2019 жыл қорытындысында ҚХР-ге "Шымкент сыра зауыты", "Фирма Арасан", "EFES Қазақстанның" 1 мың тоннадан астам сырасын, "Balkhash fish trade", "Қызылорда Балық", "Арал" СДО" 900 тоннадан астам мұздатылған балығын Қытайға тасымалдадық. "Рахат", "Баян Сұлу, "Сәуле" кондитерлік фабрикасының 300 тоннадан аса тәттісін, "Eurasian foods", "Маслодел", "Kaz-Ir Agro", "Жарколь-007" компанияларының 200 тоннадан көп сұйық майын, "Сапа Алматы" ауыз суын, "Arba Wine" шарабын, "Радуга" үлпегін және басқа да қазақстандық өнімді қытайлардың тұтынуына үлес қостық", – деп екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемінен хабар бере кетті "Новый Шелковый Путь" ЖШС басшысы Георгий Кравченко.

Ол 2019 жылдың ортасында екі ел тауарайналымындағы тарихи оқиғаға куә болғанын, 9 тамызда қазақстандық сиыр етінің тұңғыш партиясын қазақ-қытай шекарасынан өткізіп, ар жақтағы тұтынушыға жеткізгенін алға тартты. Содан бері Қазақстан алпауыт көршісіне "Meat processing and service", "Астана Агропродукт" және "Ақтөбе ет кластері" өндірген шамамен 4 мың тонна ет сатыпты.

Алайда отандық автотасымалдаушылардың осы жетістіктердің көбі енді тарих еншісінде қалуы ғажап емес.

Себебі, ұлттық өндіруші өнімдерін Қытайға жөнелту ісі меморгандар тудырған проблемалардың тұтас кешеніне маңдай соғуда. Көп мәселе ҚХР аумағында жүруге рұқсат ететін қытай бланктерін алуға қатысты.

"Біріншіден, жыл ортасынан аяқталғанға дейін бланк тапшылығы орын алады. Екіншіден, көлік комитеті осы жетіспеушілікке жол бермеудің сауатты тетігін жасай алмай жүр. Былтыр, 2019 жылғы қарашада рұқсат беру ережесіне түсініксіз бір өзгеріс енгізілді де, біз оларға қол жеткізу мүмкіндігінен мүлдем айырылып қалдық. Көлік комитетінің қызметкерлерімен телефон арқылы әңгімеде бланк беру тәртібіне сол өзгерістерді жоюды сұрадық. Ал олар болса, бізге менменси жауап береді. Қызметкерлерінің бірі, Жасұлан, жаңа ереже күшіне енетін 2020 жылды күте тұруға ақыл берді. Салдарынан, "Астана Агропродукт" пен "Meat processing and service" еттерін, өзге компаниялар тауарларын ҚХР-ға жеткізу ішінара тоқтады. Жеткізу бағасы көтерілді, отандық өнімдер баға бойынша бәсекеде ұтыла бастады. Біздің компания алапат шығынға ұшырады, жеткізбегеніміз үшін айыппұл санкцияларын өтедік", – дейді "Новый Шелковый Путь" жетекшісі.

2019 жыл соңында ол амалсыздан барлық машиналарын рұқсат қағаздарына көп көлемде қол жеткізген өзге бизнесменнің жылжымалы құрамына көшіруге тура келіпті. Ол кәсіпкер бланктің әрқайсысын 100 долларға сатты. Ұқсас түйткілге жолыққан басқа компаниялар фурларын саудаға қоюға мәжбүр болды.

"Новый Шелковый Путь" ЖШС 2020 жыл басталғалы бланк алу жүйесі тіптен нашарлап кеткенін айтады: әрбір сапарға жеке-жеке бланк беріле бастаған. Сапар орындалған соң келесі сапарға құжат тапсыру және оған бланк алу процесі 3–4 күнге созылады.

"Бұл Қазақстаннан Қытайға тауарлардың келесі партиясын жөнелту ісін айтарлықтай баяулатты. Сонымен бірге, бланктер кейде қателерімен беріледі: автокөліктің мемлекеттік нөмірі немесе сериясы жаңылыс жазылады. Мұндай рұқсат жарамсыз, оны көлік инспекциясына қайтарып, тағы 3–4 күн жоғалтып, жаңасын алу қажет. Мұндай жағдайда тасымалды жоспарлау мүмкін болмай қалды. Себебі, бланк қолға тиеріне, онда қате болмасына сенім жоқ", – дейді компания өкілі.

Тасымалдаушылар тағы бір мәселеге назар аудартты: Қытайға сапарлауға рұқсаттар негізінен, сол жақтан тауар таситын компанияларға берілуде екен. Ол көліктер ҚХР-ға бос кіреді, көршінің тауарына лық толып қайтады. Импортқа еш кедергі жоқ. Ал керісінше, Қытайға қазақстандық тауарды жеткізетін компанияларға ешқандай артықшылық жасалмайды. Олар импортшыларға ұтылуда.

"Сонда экспортты қолдау жолында төгілген қаншама тердің өтеуі қайда? Үкімет отандық өнімнің шетелдік экспортқа шығуын арттыру үшін көптеген мембағдарламаны іске қосады, оған қыруар қаржы шығындайды, алайда артынша меморгандар соған тосқауыл қояды" деп ашынады тасымалдаушылар.   

Олар бюджеттен мемқолдау мен субсидия сұрамайды. Тек қазақстандық тауарларды шетел нарығына жеткізетін тасымалдаушы компанияларға рұқсат бланкін басымдықты және жеделдетілген түрде берсе жеткілікті дейді. Бұл ретте қағаздарды артығымен беріп, қор жасауға мүмкіндік беруді өтінеді. Сонда алдағы тасымалын еркін жоспарлай алады. Бұл экспортымыздың арындай артуына серпін.

Жыл сайын Қазақстан өзге елдермен осындай бланктер алмасады. Ал оларды біздің меморгандардың уақытылы беру жағы ақсауда.

Тасымалдаушылар шағымы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың құлағына жеткен.

"Биылғы жылы Қытаймен "С" түріндегі рұқсат қағаздарымен алмасу квотасы 50 мың дананы құрады. Аумақтық көліктік бақылау инспекцияларына жыл басталғалы бері оның 25 мың 586 данасы бөліп таратылды. Соның ішінде шағым түсіп отырған Алматы қаласы инспекциясына 12 мың 25 бланк берілді. Қазіргі уақытта инспекция қолында 6 мыңнан астам бланк бар", – дейді министр Бейбіт Атамқұлов.

Ол бір жағынан, шетелдік рұқсатнамалар тапшылығын болдырмау, екінші жағынан үшінші тұлғаның бланктерді көп алып, сатуына жол бермеу бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтты. 

Ведомство басшысы ережеге өзгеріс енгізілгенін және олар 2020 жыл басында күшіне енгенін растады. Түзету шетелдік бланктерді қайта сатумен күрес үшін қажет болыпты. Бұған 2019 жылғы шілдеде көлік комитетінің бланктерді сатудан пайда тапқан алаяқ компанияларды және олардың заңсыз схемасын әшкерелеуі түрткі болған көрінеді.

"Комитет бұған тосқауыл қою бойынша жедел шаралар қабылдады. Бүгінде шамамен 1200 көлікке жалған ақпарат беріп, заңсыз бланк алған 46 жалған компания анықталды. 8 қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәселе ұдайы бақылауда және бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Жалпы, инспекция қызметкері тасымал көлігінің нөмірі мен сериясын өзі жазып алып кетеді. Бірақ ол кейін бланкті қате толтырмауы үшін министр тасымалдаушыға машинаның мемнөмірі мен маркасын қағазға басып шығарып, кедендік алымды төлегені туралы түбіртекпен бірге ұсынуға кеңес береді. Сонда инспектор оны өз жазбасымен салыстыра алады.

Министр Автомобиль көлігі саласындағы мемқызметтер стандартына қызмет көрсету мерзімін қысқарту жөнінде өзгеріс енгізілгенін жеткізді. Оған сәйкес, республикалық бюджетке алым сомасы төленсе, шетелдік бланк 2 жұмыс күні ішінде берілуге тиіс.

Тасымалдаушылар министрдің жауабына қанағаттанбайды. Олар проблема жойылмағанын хабарлады. Демек, текетірес жалғасатынға ұқсайды. Бұл жағдайда экспортқа жауапты меморган – Сауда және интеграция министрлігі неге жағдайға араласпай, сырт қалғаны түсініксіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу