Қай елде аз жұмыс істеп, көп ақша табуға болады?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6647

Табысы төмен және орташа елдердің азаматтары көп жұмыс істейді.  

Қай елде аз жұмыс істеп, көп ақша табуға болады?

Осыдан 6 жыл бұрын БҰҰ ха­лық­­ар­алық еңбек ұйымы әлем елдеріне 4 күндік жұмыс аптасы мен 6 сағаттық жұмыс күнін енгізуді ұсынды. Сол-ақ екен дүниежүзі 4 күндік жұмыс аптасын қолдайтындар мен қолдамайтындар болып екіге бөлінді.

Қызықты қараңыз, ә дегенде Қазақстан 4 күндік жұмыс аптасын қолдайтындардың қатарынан табылды. Табылып қана қойған жоқ, мұны іс жүзінде жүзеге асырды. Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірі 2014 жылы 6 – қазанда 5 күндік жұмыс аптасының жалақысын сақтай отырып, бөлшек несие, кассалық қызмет көрсету және филиалдардағы операциялық бөлім қызметкерлерін 4 күндік жұмыс тәртібіне көшірді. "Бақсақ бақа екен" демекші, бұл – "хайп" үшін жасалған дүние болды. Себебі 4 күндік жұмыс аптасы ұзаққа созылған жоқ.

Айтпақшы 4 күндік жұмыс аптасын "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да қолдады. Бірақ қолданбады. 

Ұмытпасаңыздар, былтыр вице-премьер Бердібек Сапарбаев Қазақстан 4 күндік жұмыс аптасына көшуге дайын емес екенін айтты. 

"Мұндай жұмыс кестесі біздің елге келмейді. Өйткені бізге экономикамызды дамыту керек. Қазақстанға қазір жұмыс күші жетпей тұр. Сондықтан алдымен жұмыс күшін нығайту қажет", – деді үкімет басшысының орынбасары.

Бұл мәселеге қатысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов та пікір білдірді.

"Бүгінгі таңда Қазақстандағы жұмыс уақытының режимін анықтау мәселесі қарастырылуда. Бұл жұмыс берушінің міндеті. Бізде толық емес жұмыс уақытында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін икемді еңбек заңнамасы бар. Келісім бойынша олар еңбек функцияларын орындай алады. Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасы туралы мәселе нақты шешімін тапқан жоқ. Жұмыс аптасы мен уақыты қысқарған кезде қызметкерлердің жалақы қысқармауы тиіс. Жұмыс беруші осы мәселені шеше алса ғана 4 күндік жұмыс аптасына ауысуға болады", – деді вице-министр. Ал Финляндияның премьер-министрі Санна Марин 2020 жылдың алғашқы аптасында ел үкіметіне 4 күндік жұмыс аптасы мен 6 сағаттық жұмыс күнін енгізуді ұсынды.

"Менің ойымша, адамдар отбасымен, жақындарымен көп уақыт өткізуі керек, сонымен қатар уақытын өзінің сүйікті ісіне немесе өмірдің маңызды аспектілеріне жұмсауы тиіс", – деді Санна Марин.

Өткен жылы Ресей 4 күндік жұмыс аптасы мен 6 сағаттық жұмыс күнін үкімет деңгейінде талқылады. Ресейдің бұрынғы үкімет басшысы Дмитрий Медведев Ресей азаматтарының өздеріне және отбасына уақыт бөлуі үшін 5 күндік жұмыс аптасын 4 күндік жұмыс аптасымен алмастыруды ұсынды.

Бұл бастаманы Біріккен Ресей партиясы құптады. 

Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының дерегінше, ресейліктердің 48%-ы 5 күндік жұмыс күнін қолдаған. Олар жұмыс аптасы қысқарса, жалақы азаяды деп қауіптенген. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 29%-ы 4 күндік жұмыс аптасын қалайтындарын жеткізсе, 17%-ы "бәрібір" деп қысқа қайырған. Ал 6%-ы нақты жауап бермеген.

Айта кетейік, ең алғаш рет 4 күндік жұмыс аптасын 1965 жылы ағылшындардың Roundpay Metal Finishers компаниясы сынақтан өткізді. Кейін бұл бастаманы басқа компаниялар қолдады.

Былтырдан бері Жапонияның бірқатар компаниялары төрт күндік жұмыс аптасын тәжірибеден өткізіп жатыр. Мысалы Microsoft Japan компа­ния­сы 2 300 қыз­­меткерін  4 күндік жұ­мыс кестесіне ауыстырды. Нәти­же­сін­де, жұмыс өнімділігі 40%-ға өсті. Ал Жаңа Зеландияның Perpetual Guardian компаниясы 4 күндік жұмыс аптасына біржола ауысты. Атап көрсетерлігі, жұмысшылар 5 күндік жұмыс аптасының жалақысын алады. Ал жұмыс нәтижесі 5 күндік жұмыс аптасынан бірнеше есе жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. 

БҰҰ ха­лық­­ар­алық еңбек ұйымының дерегінше, табысы төмен және орташа елдердің азаматтары көп жұмыс істейді. Алайда көп жұмыс істейтіндердің қатарында дамыған елдер де бар. Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Кореяның ұлттық ассамблеясы жұмыс уақытын 68 сағаттан 52 сағатқа қысқарту туралы шешім қабылдады. Жапонияда нақты белгіленген жұмыс уақыты жоқ. Сол себепті жапондықтар көп уақытын жұмыста өткізеді. Салдарынан бұл елде "кароси" – артық жұмыс істеуден қайтыс болу белең алған. Ал Қытай "996" деген жүйе қалыптасқан. Бұл аптасына 6 күн, таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс істеу деген сөз.

Біле жүріңіз, мексикалықтар бір жылда – 2 148, коста-рикалықтар – 2 121, ресейліктер – 1 972, қазақстандықтар - 1 968 сағат жұмыс істейді. 

40 cағаттық жұмыс аптасы Қазақстанға Кеңес одағынан мұра болып қалды. Кеңес одағында жұмыс жүктемесі сәл басқаша болатын. Ол кезде адамдар аптасына 6 күн, күніне 7 сағат жұмыс істейтін. 5 күндік жұмыс аптасы 1960 жылы енгізілді. Айтпақшы Ford Motor Company-дың негізін қалаушы Генри Форд 40 сағаттық жұмыс аптасын ұсынғанға дейін адамдар 60 сағат жұмыс істеген.

Бүгінгі таңда Нидерланды халқы аптасына 29 сағат қана жұмыс істейді. Дания мен Норвегияның тұрғындары 4 жұмыс күнін 33 сағатқа бөліп тастаған. Ал Германия, Бельгия, Францияда аптасына 35 сағаттан аспайтын еңбек тәртібі бекітілген. 

БҰҰ ха­лық­­ар­алық еңбек ұйымы 4 күндік жұмыс аптасы мен 6 сағаттық жұмыс күні адамдарды жұмысбастылықтан арылтатынын алға тартып отыр. Аталмыш ұйымның зерттеуінше, көп жұмыс істейтін адамдар күйзеліске бейім болады. Ал күйзеліске ұшыраған адамның жұмысы жүрмейді.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу