Аустралияның Виктория штатының малшылары алдағы айларда Қазақстанға мыңдаған ірі қараны экспорттау туралы келісімшартқа кіре алмауы мүмкін. Мұны сәрсенбі күні АВС News порталы хабарлады.
Оның дерегінше, Аустралия ауыл шаруашылығы министрлігі қара малдың денсаулығы туралы сертификатты тек портқа дейін ғана бере алады. Ал, Қазақстанға жөнелтілуге тиіс сиырлар "Жасыл құрлықтан", ең алдымен, Ресейге жіберіледі. Содан кейін олар біздің елге жаяу айдалады. Осыған байланысты Аустралия үкіметі Зеңгі баба "ұрпағы" Қазақстанға барар жолда қандайда да бір экзотикалық індетке шалдығады деп қауіптеніп отыр.
Штат бақташылары үшін жазда ірі қара сату – мол табысқа кенелудің басты жолы. Осы іспен тікелей айналысатын агенттердің сөзінше, нарықтағы экспорттық тапсырыстың арқасында малшылар бір қашардан қосымша 60 доллар пайда түсіреді екен.
Анықтама Ресейге дейін ғана
Алайда, Purcell Brothers компаниясының экспорт-менеджері Нил Керминнің айтуынша, ол жұмыс істейтін фирма осы жазда Қазақстанға экспорттау мақсатында мыңдаған бұзау сатып алған. Енді сол малды Орталық Азияға аттандыру мұңға айналып отыр.
"Ісіміз тұралап тұр. Себебі Аустралия ауыл шаруашылығы министрлігінен экспортқа рұқсат алу қиындады. Ол денсаулық туралы анықтаманы қара малды түсіріп алатын портқа, яғни, Ресейге дейін ғана беріп, сертификатта мал баратын соңғы пункт ретінде Қазақстанды көрсетпей отыр. Осылайша, министрлік Ресей-Қазақстан шекарасына жеткізілгеннен кейін, сиырлар үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді", – дейді Кермин.
Тапсырыс бойынша, Қазақстанға негізінен салмағы 330-340 келі тартатын Герефорд қашарлары экспортталуға тиіс. Керминнің айтуынша, Қазақстан жыл сайын 100 миллион АҚШ долларынан астам қаражатқа осы тұқымдас 50 мың бас қашарды импорттайды екен.
Керминнің өзге мәлімдемесіне қарағанда, Purcell Brothers компаниясы экспортты мақұлдату үшін ауыл шаруашылығы департаментімен бір жылға жұмыс жұмыс істеп жатыр.
Дегенмен Аустралия ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері экспортерлердің жекелеген өтініштеріне қатысты түсініктеме бермейтіндерін хабарласа да, "Еуразиялық экономикалық одақ жасақтаған протоколдық регламенттер мен келісімдерді нақтылау үшін Қазақстан үкіметімен өзара жұмыс істеп жатқандарын" жеткізді.
"Департамент үй малын, соның ішінде ірі қараны Қазақстанға әуемен экспорттауға ғана медициналық сертификат пен рұқсат бере алады.Бұл – тек Аустралия мен Қазақстан арасында келісілген (ЕЭО-ғымен арадағы жалпы протоколдан бөлек) екі жақты протокол.Теңізбен экспортталатын малға келсек, оған қатысты денсаулық туралы анықтама сол қашарларды кемеден қабылдап алатын елге (яғни, Ресей Федерациясына) ғана беріледі. Бұл жағдай порттан түсірілген мал Қазақстанға дейін құрлықпен баратындығына байланысты. Құрлықпен айдалған үй малы Аустралия үшін экзолтикалық ауруларға шалдығуы мүмкін", – деп жазылған Аустралия ауыл шаруашылыға министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Ел беделіне нұқсан
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан шекарасына жеткенде ірі қарадан қандайда бір аурудың белгісі байқалса, Аустралияның беделіне нұқсан келеді.
Дегенмен бұл мемлекет Қазақстанға алғаш рет мал экспорттап отырған жоқ. Хатшының дерегінше, осыған дейін Қазақстанға малдың жеті партиясы әуе көлігімен, алтауы теңізбен Ресей арқылы жіберілген.
Виктория фермерлер федерациясының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Леонард Валланстың мәлімдеуінше, экспорттық тірі тауар саудасында жақсы қатынастар өте маңызды, "әсіресе, тілдің қиындығы мен мәдени ерекшеліктер ескерілетін болса".
Оның ойынша, мал саудасында тірі экспорт клиенттерінің көптігі фермерлер үшін бағаны көтеруге жәрдемдеседі.
"Сатып алушылар неғұрлым көп болса, баға соғұрлым өседі. Егер, сіз бір немесе екі клиенттен айрылсаңыз, малдың құны біршама төмендейді", – дейді Валланс.
Оның тағы бір сөзінше, қазір қуаңшылыққа байланысты қашарлардың нарқы қатты түсіп барады. Бұл – клиенттер үшін жақсы жаңалық.
Кермин болса, Аустралия үкіметі тапсырысты мақұлдамаса, Ирландиядан 3000 Ангус қашарын экспортқа шығару үшін келіссөз жүргізе бастаған мәлімдеп отыр.
Арыс Әділбекұлы