Екі жүйені кіріктіруден түк шықпады

9573

Әу бастан қатысушы ретінде жарияланған банк "7-20-25" аясында бірде-бір ипотека берместен, ақыры қалыс қалды.

Екі жүйені кіріктіруден түк шықпады

Ұлттық банк "7-20-25" жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бағдарламасын іске қосқалы бері жарты жылдан асып кетті. Осы уақыт ішінде қаншама мәлімдеме жасалып, қатысушылар қатарында жария етілгенімен, жетекші банктердің бірі бұл жобаны жүзеге асыруға үлес қоспай қойды.

Бұл жерде әңгіме "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" (ТҚЖБ) туралы болып отыр.

Өткен жылғы маусым айының соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен "ТҚЖБ" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өзі басқаратын қаржылық құрылымның осы бағдарлама аясында ипотекалық қарыздар беретінін мәлімдеді.

"2 шілдеден бастап, біз "7-20-25" бағдарламасы аясында несие бере бастаймыз. Клиенттеріміз үшін сыйақы ставкасы 7%-ды құрайды. Қазір заңнамаға түзетулер енгізілуін күтіп отырмыз, олар біз берген ипотекалық несиелерімізді осы бағдарлама операторы болып табылатын "Баспанаға" тапсыруымызға мүмкіндік бермек. Осыдан кейін ТҚЖБ ұлттық банктен лицензия алуға және келісімге қол қоюға тиіс. Алдағы үш айда біз шамамен 7,5 миллиард теңге немесе ай сайын 100 шақты ипотека беруді жоспарлап отырмыз", – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, егер "Баспана" ипотекалық компаниясы ТҚЖБ берген заемдарды сатып ала алмаса, онда олар банктің балансында қалады. Дегенмен, қаржылық институт төрайымы ТҚЖБ-ның несиелік портфелінің бір бөлігін бағдарлама операторына беруге рұқсат ететін заң 2018 жылдың қыркүйегіне қарай дайын боларына сенім білдірді.

Жалпы, 2022 жылға дейін созылады деп межеленген "7-20-25" бағдарламасы баспанасыз жүрген 60 мыңдай отбасыға қоныстойын тойлауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Оған жалпы көлемі 1 триллион теңге жұмсалмақ. Клиенттер ипотека сомасының 7%-ы мөлшерінде сыйақы төлеп отырады. Оның ішінде 4%-ын қатысушы банк алады, қалған 3% сыйақы "Баспанаға" тимек.

Осы мәлімдемеден кейін ТҚЖБ-ның бағдарламаға қатысуы тағы бір айға шегерілді. Одан кейін мерзімі жыл соңына қарай жылжытылды. Алайда қазіргі кезде "Баспана" ипотекалық бағдарламасының ресми сайтында "7-20-25" бағдарламасына қатысушы серіктес банктер қатарында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жоқ.

Мұның мәнісін, келіссөздердің неге ұзаққа созылғанын және ақыры неге нәтиже әпермегенін krisha.kz сарапшылары "Баспана" ұйымы басшылығынан білген болатын.

Анықталғанындай, "бағдарламаға жауапты тұлғалар мен аталған мемлекеттік банктің өкілдері екі бөлек жүйені – "7-20-25" негізделген классикалық ипотекалық несиелендіруді тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесімен өзара үйлестіре, ұштастыра алмапты".

"Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ-ының сыртқы коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Айбар Олжаев барлық қиындық – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" өзгеше төл жүйесі бар жеке қаржылық институт болып табылатындығына байланысты екендігін айтады. Тіпті ол қызмет жасауы үшін елімізде "Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" арнайы заң да қабылданған.

Бұл ретте ТҚЖБ-дан жеңілдікті кредит алу үшін азаматтар оның ақшаны сыйақы пайыздары аз депозитке салуына келісіп, онда белгілі бір уақыт бойы жинақ жинауға тиіс. Мәселен, баспана құнының тең жартысын қордалауы керек. Содан кейін бұл банк ол азаматқа қалған жартысын ұсынады. Бірақ бұл ретте ТҚЖБ ол баспана құнының жүз пайызына кредит берген сияқтанады: яғни оның сыйақы ставкасы тек өзі берген елу пайызға емес, жүз пайызға толық таралады. Ал клиент жинаған елу пайыз жинақ ары қарай да депозит ретінде жата береді.

"Баспана" өкілінің айтуынша, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" депозит пен жинақтауды қарастырмайтын басқа кредиттік өнімнің енгізілуі осы банктің қызмет қағидаттарына қайшы келеді және оның өтімділігі мәселесіне қатер төндіреді.

"Екі жүйені өзара кіріктіруге талап жасалды. Нақтырақ айтсақ, ТҚЖБ-ның алдын ала заемдары аясында "7-20-25" бойынша да несие беру мүмкіндігі қарастырылды. Алайда бұл жағдайда мерзімнің бірінші жартысында клиенттің ай сайын төлейтін төлемінің көлемі артып шыға келетіні анықталды. Мәселен, қатысушы өзге коммерциялық банктерде құны 25 миллион тұратын пәтерді сатып алған кезде, 25 жыл бойы ай сайынғы төлем көлемі 141 мың 356 теңгені құрайды. Ал ТҚЖБ-да несие алушыға алғашқы 15 жыл бойы шамамен 167 мың теңге төлеп тұруға тура келеді, ал қалған он жылдағы төлем 72 мыңға азаяды. Ұлттық банк те, "Баспана" да төлемдердің мұндай кестесі бағдарламаның негізгі міндетіне – төлемдерді азайтуға қайшы келеді деп санайды. Өйткені қарыз алушыға түсетін кредиттік жүктемені арттырады. Бірақ ТҚЖБ басқа кестеге келісе алмайды. Оның тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің мүмкіндіктерін "7-20-25" шарттарына барынша жақындатудағы шегі осы болды", – дейді Айбар Олжаев.

Осылайша, жолдары екі айырылған. Бірақ "Баспана" ТҚЖБ-ны осы нарықтағы бәсекелесі деп санамайтынын мәлімдеді. Себебі, екі мемлекеттік институт та бір міндетті орындауға – қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатына жұмылуда.

Нәтижесінде, қазіргі кезде "7-20-25" бағдарламасы бойынша 7 пайыздық жеңілдетілген ипотека беруші банктер арасында тек "ЦентрКредит Банкі", "Халық Банк", "Сбербанк", "Цеснабанк", "ForteBank", "Bank RBK", "АТФБанк" және "Еуразиялық банк" қана қалды.

Сонымен бірге, ел үкіметі "Салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары туралы" қаулы жобасын әзірледі.

Аты айтып тұрғандай, бұл құжат ТҚЖБ-ға бюджеттен ақша аударудың негізгі шарттарын бекітеді.

Осы мақсатта қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ымен кредиттік шарт жасасады. Сонымен қатар, олар бюджеттен берілетін қаражатты банктің мақсатты жеріне және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтеуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылайды және мониторинг жүргізеді.

Бюджеттік қаражаттар аталған банкке кредит түрінде беріледі. Бірақ әрине, өте арзан тұрады.

Атап айтқанда, 28 миллиард теңге ТҚЖБ-ға жылдық бар-жоғы 0,15% ставкамен 20 жыл мерзімге ұсынылады. Өз кезегінде банк оны клиенттеріне өзі бекіткен сыйақы ставкалары бойынша несиеге береді.

Республикалық бюджеттен су тегін осы кредитті беру оның барлық сомасын аталған банктің корреспонденттік шотына біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу