Мемлекет тағы бір банкке қолұшын созбақ

2845

Ел үкіметі келесі бір банкті бюджет қаржысымен қолдауды ұйғарды.

Мемлекет тағы бір банкке қолұшын созбақ

Бұл "Алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын беруі үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-на бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы" үкімет қаулысы жобасында көзделген.

"Қазақстан үкіметі қаулы етеді: 1. Салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін", – делінген құжатта.

Осы орайда қаржы, инвестициялар және даму министрліктеріне заңнамада белгіленген тәртіппен ТҚЖБ-мен кредиттік шарт жасасу жүктелуде. Сондай-ақ Әлихан Смайылов пен Жеңіс Қасымбек басқаратын ведомстволар "кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауға" міндеттелмек. Бұған қоса, олар "бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етулері" тиіс.

Өз кезегінде ТҚЖБ әр тоқсан сайын, тиісті айдың 10-ы күнінен кешіктірмей, қаржы, инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы есеп беріп отыруы керек.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" бюджеттен 15 000 000 000 (он бес миллиард) теңге сомасында кредит алмақ.

Осынша қаражатты ТҚЖБ олар өз корреспонденттік шотына аударылған күннен бастап 17 жыл ішінде асықпай игеруіне рұқсат.

Бұл сома биылғы жылдың республикалық бюджетінде қарастырылып та қойылыпты. Қаражатты банк өз салымшыларына алдын ала және аралық тұрғын үй несиелері түрінде үлестіруге тиіс.

Яғни, осы қаражаттан үш жылдан астам уақыт бойы жинақтап, ұзақ күткісі келмейтін, оның үстіне қолында баспана құнының 30 пайызы көлемде ақшасы бар қазақстандықтар дәмете алады. Рас, бұлардың барлығы бірдей емес, тек әкімдіктерде үй мен жер кезегінде тұрған азаматтардың "аты озбақ" – үкімет қаулысында ел қаржысының ақырғы адресаттары, игілікті кім пайдаланатыны нақты көрсетілген:

"Бюджеттік кредит берудің мақсаты ТҚЖБ-ның "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысушыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беруі болып табылады, бұл ретте сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 5 пайыздан аспауға тиіс", – делінген.

Сарапшылар мемлекеттік осы банк алғалы отырған қаражаттың тек "кредит" деген аты ғана екенін айтады. Әйтпесе, бюджетке төлер сыйақы пайызы айтуға да келмейтіндей аз.  

Нақтырақ айтсақ, бюджеттік миллиардтар ТҚЖБ-ға жылдық бар-жоғы 0,15% сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі. Бұл ретте оны қайтару мерзімі 20 жылды құрайтын көрінеді.

Бюджеттік кредитті беру республикалық бюджеттен аталған банктің шотына барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады.

Ол бойынша есептелген сыйақыны банк жылына 2 рет, яғни әр жартыжылдықта төлеп отырады. Бұл жерде бюджеттік кредиттің негізгі борышын өтеу бойынша ТҚЖБ-ға 80 айдан аспайтын "жеңілдік кезеңі" ұсынылады.

Ары қарай банктің бюджетке төлеп отыруға тиісті сыйақы төлемдері жыл сайын 1000000 (бір миллион) теңге мөлшерінде болатын көрінеді. Оны банк тең үлестермен 2 бөліп, аударады.  

Негізі, мемлекет "Бәйтерек" холдингі арқылы басқаратын бұл банкіне былтыр да қаражатпен көмектескен. Атап айтқанда, 2017 жылы ТҚЖБ мемлекет бөлген 30 миллиард теңгені игерді. Банктің мәліметінше, бұл қаражатқа 3488 қазақстандық отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында арзандау баспанаға қол жеткізіпті.

ТҚЖБ төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, осы банкте 1,2 миллион қазақстандық есепшот ашып, баспана алуға қаржы жинақтауда.

"Біз 165 мың қазақстандыққа баспана жағдайларын жақсартуға көмектестік. Соның ішінде 4500 азамат өткен қазан айында қоныстойларын тойлады. Бұл тарихи рекорд саналады", – дейді ол.

Дегенмен, сарапшылар адамдардың өте аз шоғыры ғана баспанаға ие бола алатынына назар аудартады. Мәселен, 2017 жыл бойында және 2018 жылдың сегіз айында ТҚЖБ 54,6 мың тұрғын үй қарызын бере алған. Оның өзінде әрбір бесіншісі – "Нұрлы жер" бағдарламасының қатысушылары, яғни әкімдіктерде кезекте тұрғандар.

Әрине, әлгі жүздеген мың адамның бір бөлігі осы шабан қарқынмен әзірге арзан баспанаға қол жеткізбесін түсініп, кетіп қалуы да ғажап емес. Банк солай теріс айналып жатқан клиенттерінің барлығын жасырмайды, бірақ олардың қаражаттарын өздерінде ұстап қалуға күш салуда.

"Мәселен, 2018 жылдың мамыр айында ТҚЖБ мүлдем жаңа қызметті – депозитті өзге адамға онлайн-тапсыруды (онлайн-уступка депозитов) іске қосты. Ол жұмыс жасаған өткен айлар ішінде 2 мың 104 депозит қожайындары өз жинақтарын өзгелерге өткізе алды. Басқа біреуге берілген (переуступка) есепшоттардағы жинақтардың жалпы көлемі 4 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражаттар тұрғын үй жинақтары жүйесінде қалды және мұқтаж адамдарға баспана сатып алуға көмектесті", – дейді банк басшылығы. 

Банк елден қосымша қаражаттарды тартуын өрістетуде. Бұл үшін 800-ден астам шттаттан тыс кеңесшілері еңбек етуде, олар екі жылдай уақыт ішінде 360 мың жаңа келісімшарттардың бекітілуіне қол жеткізіпті.

Жалпы, алғанда, бүгінде ТҚЖБ-да қазақстандықтардың 550 миллиард теңгеден астам жинағы жинақталған. Осылайша, еліміздегі барлық банктердің депозиттік портфелінің төрттен бірі, 26%-ы – ТҚЖБ-ның қанжығасында.

Қараша айындағы ақпарат бойынша Қазақстанда банктердің ипотекалық портфелі 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 14%-ға көп.

Рас, екінші деңгейлі банктердің барлығы бірдей тұрғын үйге қарыз бере бермейді. Бүгінде жалпы қарасы 15 банк қана әралуан бағдарламалары аясында ипотека берумен айналысады, бұлар арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Халық Банк, АТФБанк, Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Цеснабанк, Альфа-банк, ForteBank, BankRBK, Банк ВТБ, Нұрбанк, Tengri Bank бар.

Altyn Bank Алматы, Астана, Атырау және Ақтауда ғана клиенттердің тұрғын үй қарызына деген сұраныстарын қарастырады. Kassa Nova банкі жылжымайтын мүлік сатып алуға кепілдікті заем береді. Еуразиялық банк болса, тек банк қызметкерлеріне немесе Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы жалақылық жобалар қатысушыларына ғана ипотека ұсынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу