ТҚЖБ мен монополияға қарсы агенттіктің тартысы сотта шешілмек

3665

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" өзінің кінәсіздігін сотта дәлелдемек.

ТҚЖБ мен монополияға қарсы агенттіктің тартысы сотта шешілмек

Бұл туралы журналистерге ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеген.

Осының алдында, ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға қатысты тергеп-тексерудің материалдары сотқа бағытталғанын хабарлаған болатын.

Монополияға қарсы орган ТҚЖБ картель құрды деген күдік келтіріп отыр. Аталған құзыретті құрылым осы банктің "бағалаушы компаниялардың экономикалық қызметін үйлестіру фактісі" бойынша іс материалдарын Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберді.

Бұл жайттың мәнісін ТҚЖБ-дан несие алған немесе алғысы келген кез келген қазақстандық біледі. Себебі, ипотека иелену үшін пәтерді кепілге қою керек, ал баспана кепілге айналуы үшін бағалаушы компаниялардың бірі оны бағалап, нарықтық құны қанша екенін айтып беруге тиіс. Міне, осы мақсатта ТҚЖБ алдына келген клиенттеріне өзі сенім артатын бағалаушылардың ұзын тізімін ұсынып, соларға жүгінуге ұсыныс береді. Ал антимонополиялық орган мұны сол тізімге кірмей қалған өзге бағалаушыларға шетқақпай көрсету деп бағалап отыр.

"Тергеп-тексеру барысында тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық қарыз алуға ниет білдірген өз клиенттеріне жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу үшін ұсынатын әріптес бағалаушылардың тізбесін қалыптастырғаны анықталды. Бұл тізімге тек бағалаушы компаниялардың шамамен 150-дей өкілі кірген, ал шынында Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бағалаушылар саны 1300-ден асады. Бұл ретте, Қазақстан заңнамасының талаптарын бұза отырып, банк өзінің әріптес бағалаушылары үшін мүлікті бағалау жөніндегі қызметтердің ең жоғары рұқсат етілетін құнын белгілеген", – деп мәлімдеді табиғи монополияларды реттеу комитеті.  

Осылайша, монополияға қарсы органның байламынша, "банктің әрекеттері бағалаушы компаниялар мен тұтынушылар арасында туындайтын қатынастарға заңсыз араласуға әкеп соқты".

"Нәтижесінде, банктің бағалаушы әріптес компаниялардың экономикалық қызметін үйлестіруі – олардың бағалау қызметтері нарығында бағаларды белгiлеуі мен ұстап тұруына соқтырды. Банктің аталған құқыққа қарсы әрекеттері бәсекелестікті шектеуге және бағалаушы компаниялардың нарықта өз бетінше әрекет ету мүмкіндігінен айырылуына әкелді. Сот аталған әкімшілік істі қарау күнін әлі белгілеген жоқ. Бұл ретте, банк бәсекелестікті шектейтін, мүлікті бағалау жөніндегі қызметтерінің ең жоғары рұқсат етілетін құнына қатысты талаптарын тергеп-тексеру барысында-ақ жойғанын атап өткен жөн", – делінген монополияға қарсы комитеттің мәлімдемесінде.

Талап-арызды Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты биылғы 8 ақпанда өндіріске қабылдап алған.

Сарапшылардың айтуынша, айтылып отырған бұзушылықтар "Кәсіпкерлік кодекстің" "Бәсекелестікке қарсы келісімдер" деп аталатын 169-шы бабында сипатталған:

"Егер нарық субъектілері арасындағы деңгейлес келісімдер: бағаларды (тарифтердi), жеңiлдетулерді, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды) және (немесе) үстеме бағаларды белгiлеуге немесе ұстап тұруға; тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемi, өткiзiлетiн тауарлар ассортиментi не сатушылардың немесе сатып алушылардың құрамы бойынша бөлуге; белгiлi бiр сатушылармен не сатып алушылармен шарт жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, мұндай келісімдер картель деп танылады және оларға тыйым салынады" делінген кодексте.

ТҚЖБ бұл айыптардың барлығын жоққа шығарады.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – әлеуметтік банк. Біздің салымшыларымыз – табысы орташа деңгейден төмен болып келетін азаматтар. Сондықтан біз күн сайын тек барлық банктік үдерістерді оңтайландыруға ғана емес, сондай-ақ өз клиенттерімізге түсетін қаржылық жүктемені төмендетуге де жұмыс жасаймыз. Сондықтан 2018 жылдың қаңтарында біз "Бағалаушы кабинеті-Кабинет оценщика" бағдарламалық қамтылымын пайдалану арқылы бағалаушылармен өзара іс-қимылымызды оңтайландырдық. Оған шамамен 150 бағалаушы компания кіреді. Бұлар жылжымайтын мүлікті онлайн-режимде бағалау бойынша есептерді электронды түрде жедел жасай алады. Соның арқасында кредиттік өтінімді қарау мерзімі қысқарады", – деп бірқатар ақпарат құралдарына түсініктеме берді ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бұл ретте банк портфелінің 25%-ын баспана алғысы келетін салымшылар қалыптастыратын көрінеді. Сол себепті "табысы төмен клиенттерінің мүдделерін қорғау мақсатында ТҚЖБ бағалаушы компанияларға тарифтер 10-15 мың теңге болып кетпеуі үшін өздерінің қызметтерінің ең жоғарғы құнын белгілеуге ұсыным беріпті".

Оның айтуынша, бұл ұсыным болғандықтан, көптеген бағалаушы компаниялар оны ұстанған, ал енді басқалары өз тарифтерін белгілеген.

"Алайда бірнеше бағалаушы компания антимонополиялық органға шағым айтып, жүгінген. Олардың шағымдарын қарай келе, монополиямен күресуші орган бұл тәсілден бәсекелестік құқықтарды қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықты байқап, тергеп-тексеруге бастамашы болды. Аталған комитеттің әкімшілік құқық бұзушылық туралы қорытындысы 8 ақпанда шыққан. Бірақ банк ол қорытындымен әлі күнге таныс емес. Тергеп-тексеру нәтижелерімен банк келіспейді және істің барлық жағдайлары дұрыс анықталмаған деп санайды. Сондықтан іс сотқа берілді. Сол сотта банк өз ісінің дұрыстығына табандайтын болады. Тағы да қайталап айтамын, қызметтер құны бойынша ұсынымдар бағалаушы компанияларға бірінші кезекте, біздің салымшылар мүдделерін қорғау және олардың несиені рәсімдеу шығыстарын төмендету мақсатында берілді", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Жалпы, бұл банктің қаншалықты тиімді болып отырғанын оның мына мәліметінен аңғаруға болады. Жалпы алғанда, 2018 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 38 295 қазақстандыққа баспаналы болуға көмектесіпті. Ал шынында бұл банкте 1 миллион 300 мыңдай адам баспана алуды аңсап, кезегін күтіп, ақша жинап жатыр. Олардың шотындағы қаражаттың жалпы сомасы қазірдің өзінде 624,2 миллиард теңгені құрайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу