ЕҚҚДБ "Сарыарқаға" ақша салмақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2935

Еуропа қайта құру және даму банкі "Сарыарқа" газ құбыры құрылысын қаржыландыруға дайын.

ЕҚҚДБ "Сарыарқаға" ақша салмақ

Банк магистральды газ құбырының бірінші кезеңіне қаржы салуға әзір. Ірі жобаның бірінші кезеңі Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Астана бағыты арқылы өтеді. Ұзақтығы – 1 081 шақырым. Оның құны шамамен 267,3 млрд теңгені құрап отыр.

"Біз Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президентімен келіссөздер жүргіздік. Банк газ құбырының магистральдық бөлігін және тарату желілерін қаржыландыруға дайын. Арнайы жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеуге уағдаластық. Енді тарату желілеріне жауапты әкімдіктердің қатысуымен жиын өткіземін. Келесі аптада жұмыс ауқымы мен қаржыландыруға қатысты мәселе нақты белгілі болады деп ойлаймын", – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкіметте өткен жиында.

Бұған дейін мәлім болғандай, "Сарыарқа" газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстан даму банкі және Еуразия даму банкі қаржыландырады. Енді бұл қатарға Еуропа қайта құру және даму банкі де қосылып отыр.

Бұл ретте, 267,3 млрд теңгенің 102 млрд теңгесін Қазақстан даму банкі мен Еуразия даму банкінен несие алу арқылы қамтамасыз ету жоспарланған еді. Қалған 85 млрд теңге инвесторлар есебінен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынады деп көзделген болатын. Болмаса халықаралық қаржы ұйымдарын тарту туралы айтылған еді. 

Еске сала кетейік, газ құбырының алғашқы кезеңінің құрылысы осы жылдың шілде айында басталады деп жоспарланған болатын. Ал оны 2019 жылдың желтоқсан айына дейін тәмамдау көзделген еді.

Жалпы, газқұбырының құрылысы төрт кезеңнен тұрады. "Сарыарқаның" екінші кезеңінде газ құбырын Астанадан Көкшетауға жеткізу жоспарланған. Ал үшінші кезеңде газ құбыры Петропавлға жетуге тиіс. Соңғы, төртінші кезеңде "Жезқазған" және "Теміртау" компессорлық станцияларының құрылысы жоспарланып отыр.

Айта кетейік, "Сарыарқа" магистральды газ құбыры Астанадағы №1, 2 және 3 жылу-энернетикалық орталықтарында қолданылатын көмірдің үлесін едәуір азайтпақ. Нәтижесінде қоршаған ортаны ластаушы шығарындылардың көлемін жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтпақ. Ең бастысы тұрғындар көмірдің орнына табиғи газды тұтынатын болады.

Деректерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 28,1 млрд текше метр газ өндірілген. 2017 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Өндірілген газдың 10,7 млрд текше метрі экспортталды. Өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 35,4%-ға көп. 

Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта 1,5 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Өнімнің бұл түрі де өткен жылға қарағанда 5%-ға өсім көрсетті.

Үкіметтегі жиында Қанат Бозымбаев мәлімдегендей, Қазақстан мұнай өндірісін едәуір ұлғайтып отыр. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 45,2 млн тонна мұнай өндірілген екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға көп.

"Үш ірі жобадағы мұнай өндірісі 27,2 млн тоннаны құрады. Нақтырақ айтсақ, Қашағанда 6,2 млн тонна, Теңізде 14,7 млн теңге, Қарашығанақта 6,3 млн тонна мұнай өндірілді. Жалпы мұнай экспорты 36,5 млн тоннаға тең болды. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 6%-ға артық", – деді министр.

Алғашқы жартыжылдықта 7,7 млн тонна мұнай өңделген екен. Бұл да былтырғы деңгейден 5%-ға жоғары. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты алты айда 5,4 млн тонна мұнай өнімдерін шығарды. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5% өсім бар.

"Мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және дефицит байқалып отырған жоқ. Жанар-жағармайдың қоры ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті", – деді Қанат Бозымбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу