Экология министрі 2 ерекше қорғалатын табиғи аймақты кішірейтпек

2209

Табиғатты қорғауға жауапты ведомство табиғатқа жаудай тиюін жалғастыруда. Бұған сараптаманың оң қорытындысын алыпты.

Экология министрі 2 ерекше қорғалатын табиғи аймақты кішірейтпек

Биылғы 14 шілдеде, Үкіметтің кеңейтілген отырысынде ел Президенті Қ.Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялағаны белгілі. Жаңа Қазақстанның көшбасшысына бас экологтың аса нәзік мәселеде біліксіздік танытуы және ұлтымыздың болмыс-менталитетін ескермегені ұнамады.

Атап айтқанда, министр ешқандай ғылыми негізделген себептерін ұсынбай, Ұлы даланың киесі саналатын 80 мың киікті қырып тастауға рұқсат бермек болды. Бұл ойы жүзеге асқанда, Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы жылы "Киік қырған" деген атпен қалатын еді.

Осыдан кейін сарапшылар енді Брекешевтің командасы бір-екі жылдай аяғын аңдап басатын шығар деп болжаған. Қателесіпті. Ол тағы да "батыл" қадамға барып отыр.

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бір емес, қос бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақты (ЕҚТА) қатар кемітетін құжатты – Үкімет қаулыларын ұсынды.

Оның біріншісі – "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалының (кешенді) алаңын азайту туралы" деп аталады. Екіншісі – "Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорық аймағының аумағын азайту туралы" деген атауға ие.

Бірінші құжат бойынша Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында орналасқан "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумал кешенінің аумағын қазіргі 197 мың 176,1 гектардан 195 мың 821,5 гектарға дейін кішірейтуді қарастырады. Осылайша,  "Оңтүстік Алтай" бірден 1 мың 354,6 гектарға қысқартылады.

Салыстыру үшін айтсақ, Монако сияқты 7 шағын мемлекет сыйып кететін аумақ тартып алынғалы тұр.

Бұл сонда министрлікке не үшін қажет? Қазақ жерінің асты-үстіндегі қазынасын алып жатқан инвесторлардың мүддесі үшін керек көрінеді. Шүйгін, шұрайлы қорық жерінен алтын табылып отыр.

Жалпы бұл қаумал 2010 жылы ШҚО-ның ертегідей тамаша табиғаты бар Қатонқарағай және Марқакөл аудандарында құрылған. Экология министрлігі өр Алтайдағы осы "Оңтүстік Алтайға" көптен шабуылдауда. Ол туралы inbusiness.kz бұған дейін егжей-тегжейлі жазды. Сол жолы журналистер белсенділігі арқасында қоғам қарсылығы күшті болып, құжат кері қайтарып алынған. Енді демалыс уақытындағы "өліара кезеңді" пайдаланып, өткізіп алуға ниетті сияқты. Бұл жолғы дәйектемелері қандай?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекованың түсіндірме жазбасында айтылғандай, "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи кешенді қаумалының алаңын азайту Манка кенорнының учаскесін "Бас-Теректі" кластерлік учаскесінің құрамынан шығарып алу үшін қажет.

"Бұл ретте "Бас-Теректі" учаскесіндегі кенорнының ауданы – 1 354,6 гектарды құрайды. "Mankа" МТК" ЖШС компаниясының Шығыс Қазақстан облысындағы Манка кен алаңында құрамында алтын бар кенді барлауға 2013 жылғы келісім-шарты бар. Осы орайда компанияға берілген келісімшарттық аумақта алтын кенорындарының бары расталды. Барлауды толық аяқтау, қорларды бағалауды жүргізу және оларды мемлекеттік теңгерімге қою үшін "Manka" МТК" ЖШС келісімшартты ұзарту, сондай-ақ Барлау жоспарына келісім алу рәсімдерінен өтіп жатыр", – деп хабарлады вице-министр.

Әлия Шалабекованың түсіндіруінше, "Оңтүстік Алтай" 4 кластерлік учаскелерден тұрады:

  • Біріншісі – "Қалжыр", аумағы 43 373,10 гектар;
  • Екіншісі – "Қаба" (Кабинский), аумағы 65 759,7 гектар;
  • Үшіншісі – "Қызылтас", аумағы 65 007,50 гектар;
  • Төртіншісі – "Бас-Теректі", аумағы 23 035,8 гектар.
  • Табиғи қаумалдың жалпы ауданы 197 176,10 гектарды құрайды.

Соның ішінде соңғысы кішірейтіледі.

Министрлік "Бас-Теректі" кластерлік учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер (5 788,70 гектар) мен қордағы жерлер (17 247,1 гектар) негізінде құрылғанын еске салды.

"Осы "Бас-Теректі" кластерлік учаскесінің ішінде орналасқан "Манка" кенорнының жалпы ауданы 1 354,6 гектар. "Бас-Теректі" учаскесінен осы 1 354,6 гектар аумақ шығарылса, "Бас-Теректі" учаскесінің ауданы өзгеріп, 21 681,2 гектарға дейін кішірейеді. Табиғи-ғылыми негіздеме жобасына сәйкес, Манка кенорнында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін қаумалдың құрамынан шығарып алу қажет ауданда қандай да бір қызмет түрімен айналысатын жер пайдаланушылар жоқ. Жобалау аумағының шегінде фаунаның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері байқалмайды. Кенорын учаскесінің шекарасында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген флора мен фаунаның түрлері байқалмайды", – деді экология министрінің орынбасары.

Дәл осы дәйектемесымақты Үкімет басшысына түсіндірме жазбасында Экология министрі С.Брекешев те қайталады.

Негізі, бұл тұжырымға сену қиын. Қазір АҚШ-та тұратын экологиялық белсенді, химик Олег Кубрин қорықшылармен бірге осы қаумал жақта болыпты.

"Әрине, көргісі келмеген адам алдынан жүгіріп өткен Қызыл кітап өкілін де байқамаған сыңай танытуы мүмкін. Көпшілік біле бермес, бұл аумақ БҰҰ-ның назарында. Кезінде осы "Оңтүстік Алтай" қаумалы БҰҰ Даму бағдарламасы/Жаһандық экологиялық қордың "Алтай-Саян экоауданының қазақстандық бөлігіндегі биоалуандылықты сақтап қалу" бағдарламасы аясында құрылды. Оның іші флора мен фаунаның сирек, жойылып бара жатқан, эндемиялық және реликтілі түрлеріне толы. Енді соның ішінде кен өндіру басталатыны қынжылтады. Оның үстіне алтын өндірісі ең бір лас өндіріс. Мұны Бонндағы Халықаралық конверсия орталығының (BICC) зерттеуі дәлелдеді. Рудалық концентраттан алтынды бөліп алу үшін цианидтеу тәсілі қолданылады. Қарапайым тілмен айтсам, үш грамм алтын алу үшін қоршаған ортаға 20 тонна улы қалдық шығарылады", – дейді О.Кубрин.

Цианидтің ұсақ бір түйірінің өзі адамды өлтіреді. Алтын өндірісі артынан мыңдаған тонна залалды қалдықтар қалдырады. Бұл өр Алтайдағы жануарларға да аса зиянды көрінеді.

Экология министрлігі Үкімет қаулысы жобасын қоғамдық талқылауға шығарғанымен, оған экологиялық сараптама жобасын қоса ұсынбады.

Ал республикалық маңызы бар "Жусандала" мемлекеттік табиғи қорық аумағын Экология министрлігі "Нұрлы жол" мембағдарламасы шеңберінде "Балқаш-Бурылбайтал" және "Күрті-Бурылбайтал" жол учаскелерін реконструкциялау үшін пайдаланбақ.

Дәлірек айтқанда, қорық аумағындағы тау-тас, құм және басқа кең таралған пайдалы қазбалар қазып алынып, трассаны төсеуге бағытталады.

Жусандала қорығы Алматы облысының Балқаш, Іле, Жамбыл аудандарын, сонымен бірге Жамбыл облысының Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарын қамтып жатыр.

Үкімет қаулысына Премьер Әлихан Смайылов қол қойса, қорық аумағы қазіргі 2 млн 757 мың 8,68 гектардан 2 млн 756 мың 832,53 гектарға дейін кемітіледі. Яғни 76,15 гектарға азаяды.

Бірақ экологтар қор аумағына кіретін, тау-тасты үгетін, жерді қазып, жанар-жағармайды молынан төгіп, қоршаған ортаны әбден бүлдіретін, аяусыз ластайтын, сондай-ақ гүрілдеген дыбыстарымен айналаны азан-қазан қылатын ауыр техника жан-жануар атаулыны үркітеді деп отыр. Басқа аумақтарға миграциялануына мәжбүрлеуі мүмкін.

Өкінішке қарай, Экология ведомствосының мәліметінше, бүгінде "Жусандала мемлекеттік қорық аймағының аумағын азайту бойынша жаратылыстану-ғылыми негіздемеге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алыныпты".

"Жобаның мақсаты – тиісті экологиялық шаралар кешенін әзірлей отырып, қолданыстағы Алматы–Нұр-Сұлтан трассасын қайта жаңартуды қамтамасыз ету. Автожолды реконструкциялау үшін кең таралған пайдалы қазбаларды – топырақты, қиыршық тасты және басқасын өндіру қажет, оларды трассаның сызығынан 100-400 метр қашықтықтағы карьерлерде жүргізу болжанып отыр. Трасса төсемі үшін қажетті материалдар қорық аумағында бар. Карьерлер белсенді жұмыс істейтін трассаның бойында орналасқандықтан, қорықтағы жануарлар олардан жеткілікті түрде қашықтықта орналасқан", – деді Экология министрі С.Брекешев.

Оның сендіруінше, жол құрылысы аяқталғаннан кейін карьерлерді пайдалану тоқтатылады, олар қалпына келтіріледі және жобаға сәйкес олар қорық аймағының құрамына қайтарылады. Ол кезде Экология министрлігі бұл уәдесін ұмытып кетпесе дұрыс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу